Атырау, 22 қараша 00:47
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Зертханалар, граффити, қала төңірегіндегі есірткі таратушылар: синтетикалық есірткі несімен қауіпті

1 489 просмотра

Соңғы жылдары дүние жүзіне таралған синтетикалық есірткі Атырауда да кең етек жаюда. Әсіресе, жастар арасында тарағаны қорқынышты, дейді полицейлер мен наркологтар.

Атырау облыстық Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Марат ТАҒАНИЯЗОВТЫҢ айтуынша, өңірде синтетикалық есірткінің заңсыз айналымы осыдан екі-үш жыл бұрын басталған. Негізінде оларды тарату байланыссыз әдіспен – белгіленген жерге жасырып кету арқылы жүзеге асырылады. Схемасы: басқарушы, зертхана, өлшеп ораушылар мен есірткіні жасырып кетушілер. Бұлар бір-бірін танымайды. Қызметтер kiwi-әмиян, биткоин аудару арқылы, өте сирек жағдайда жалған тұлғаларға рәсімделген банк картасы арқылы төленеді. Сондықтан мұндай қылмыс түрімен күресу қиын. Бұл үрдіс қазір бүкіл әлемде дерлік байқалады. Синтетикалық есірткі арзан емес, бір грамының құны есірткі түріне байланысты әртүрлі. Бірақ олар жастар үшін қолжетімді, өйткені кез келген уақытта белгілі бір сайттардан сатып алуға болады. Бұл қылмыстарды тоқтату да қиын, өйткені өсімдік тектес есірткілер кеңістікті, белгілі бір «күтімді» қажет етсе, синтетикалық есірткі көп орын алмайтын үй ішіндегі зертханаларда жасалады. Былтыр полицейлер Атыраудағы көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерде орналасқан зертхананы анықтады.

Жыл басынан бері облыста 97 есірткі қылмысы тіркелсе, оның 17-сі синтетикалық есірткіге қатысты. Заңсыз айналымнан 28 келі есірткі тәркіленді, оның ішінде 25 келіден астам марихуана, қалғаны гашиш, қарасора және синтетикалық есірткі.

ЖАСТАР ЖЕЛІМНЕН «ЖЫЛДАМДЫҚҚА» КӨШТІ

Қаншалықты дөрекі естілсе де, өмірдің басқа саласы секілді есірткі саласының да өз «тенденциялары» бар. Бүгінде ешкім желім иіскемейді деуге болады, бірақ қолжетімді болғандықтан нашақорлар «синтетикаға» көбірек көшіп жатыр. Ғимарат қабырғаларында есірткі сатуды жарнамалайтын жазулар пайда болады, ал «жұмыс» туралы сайттарда адамдарды жеткізуші курьер ретінде «қарқынды дамып келе жатқан команданың бір бөлігі» болуға шақырады.

«Синтетиканың» өзі мефедрон, кристалдар, «жылдамдық» секілді түрлерге бөлінеді. Желіктіретін таблеткалар бар, ұнтақтар да бар, кейбір нашақорлар оларды ине арқылы қолданады, біреулері шегеді, деммен жұтады.

– Нашақорлық өз алдына қылмыс емес, ол емделуді қажет ететін ауру. Дайындағаны, тасымалдағаны, өткізгені үшін жаза қарастырылған. Таратушылардың негізгі санаты есірткіні пайдаланбайды, оның үстіне таратушыларды жалдаған кезде тауар «қожайындары» оларды әлеуметтік желі арқылы, бәлкім, таныстары арқылы тексереді, – дейді М.Тағаниязов. – «Жұмысқа» қабылдау туралы хабарландырулар Olx және басқа платформаларда кездеседі. Жұмысқа қабылдау кезінде таратушыға жеке куәлігімен бірге суретін жіберуді, мекенжайын көрсетуді, үйінің, подъезінің іші-сыртын суретке түсіріп жолдауды сұрайды, содан соң олар туралы бүкіл ақпарат бар деп қорқытады. Бастапқыда салмағы 5-10 грамм болатын есірткі беруі мүмкін. Нашақор бұған қарсылық танытпай, таратпастан бәрін өзі пайдаланады. Таратушы ретінде 17-30 жас аралығындағы жігіттер мен қыздарды жалдайды, олардың ауқатсыз отбасынан шығуы міндетті емес. Өнегелі отбасынан шығып, есірткі таратумен айналысқан жастар да бар.

– Жастарды нашаға қалай және қай жерде тәуелді етеді? Бұрын көбіне түнгі клубтар нашақорлар «ордасы» болатын...

- Алдымен дәмін таттырады, содан кейін қыз-жігіттерге оларға жұмсалған ақшаны қайтаруға емеурін білдіре бастайды. Ал дәмін татқан соң есірткіні адамдар өздері іздеп, оны телеграмм-каналдарынан және басқа желілерден табады. Олардың әрқайсысы күніне шамамен 10-15 мың теңге, кейде одан да көп ақша жұмсайды: доза құны, алып келуі, керекті заттары – шприц, сигарета, фольга құны бар. Есірткіге тәуелді адам қомақты қаражат жұмсай бастайды. Үйден ақша, заттар, алтын бұйымдар жоғалады. Адамның ұйқысы бұзылады, тез арықтайды, ызақор бола ы және бұрын қызыққан нәрсесіне немқұрайлы қарайтын болады. Осыған  ерекше назар аудару қажет. Үйден алып кетуге болатын нәрсенің бәрін алып кетеді немесе мінез-құлқының өзгергенін байқаған үй-ішімен ұрысып, қылмыс жасауға әзір болады. Бұрынғы спортшылар, діндар адамдар клубтарда күзетші болып жұмыс істейді. Олардың көзқарасы мұндай нәрселермен айналысуға жол бермейді. Ал таратушылар бүкіл қалаға таратады.

ҰСТАЙДЫ, ҰРЫП-СОҒАДЫ ДА БОСАТЫП ЖІБЕРЕДІ

– Әлеуметтік желіде «закладчиктердің» көбейгеніне наразы болған қала маңындағы тұрғындардың видеолары жиі жарияланады. Кейде жергілікті тұрғындар таратушыларды өздері ұстайды. Құлсары қаласының бұрынғы әкіміне қатысты атышулы оқиға есіңізде ме? Бұл іс қалай аяқталды?

- Иә, таратушылар қала маңын таңдайды, өйткені бақылау камералары аз болады. Біз «Көктем» ықшамауданында есірткі таратқандарды ұстадық. Тұрғындар оларға қатысты шара алу талабымен көшеге шыққан еді. Бұл азаматқа келер болсақ, оны қылмыс үстінде полиция қызметкерлері әшкерелеген жоқ. Оны тұрғындардың өзі ұстаған, содан соң босатып жіберген. Бейнежазбада көрсеткен түйіншекті олар жойып тастаған. Факті бойынша – ұсталушы да, заттай айғақ та, сараптама нәтижесі де жоқ. Атырауда осындай бірнеше жағдай орын алды. Біз тұрғындарға бірнеше рет өтінішпен жүгіндік: күмәнді адамды көрсеңіздер немесе оны өздеріңіз ұстасаңыздар – өз беттеріңізбен жазаламай, полиция шақырыңыздар. Олар ұстап алып, айтқандарын камераға жазып алады, күмәнді түйіншектердің ішіндегілерді жерге, бұталарға төгіп тастайды. Бұл полицияның жұмысын қиындатады. Сот шешімі болмаса, ешкімді кінәлі деп тануға болмайды. Кінәсіздік презумпциясын ешкім жойған жоқ.

- «Күмәнді адам» деген қандай? Оны қалай білуге болады?

– Таратушылардың келбеті әртүрлі, бәрі бірдей спорттық киім киіп, велосипед теуіп жүрмейді. Біреуі іскер адам болып, костюм киеді, көлікпен жүреді. Биыл ұсталған 17 адамның арасында екі қыз, бір нигериялық және 16 және 17 жастағы кәмелетке толмаған екі жеткіншек бар.

ТЕК ІРІ ДИЛЛЕРЛЕР ТАБЫС ТАБАДЫ

- Жазда Атырауда 17 жастағы «закладчик» 7 жарым жылға сотталды. Адамдарды бұл жолға не итермелейді? Жұмыс таба алмайды ма немесе оңай табыс іздей ме?

– Өзіңіз төрелік етіңіз, ұсталған 17 синтетикалық есірткі таратушының біреуі ғана Атырау қаласының тұрғыны, қалғаны басқа жақтан келгендер. Адамдар біздің жақтан көп ақшаны оңай табуға болады деп сенеді, ал оларды өз тұзағына тартушылар жылдам табыс табуға болады, жол ақысы, тұру ақысын береміз деп, уәде береді. Оларды мұнда ешкім танымайды, полицейлердің назарын аудармайды, таныстардың көзіне түспейді деп есептейді. Шын мәнінде, соншалықты оңай олжа жоқ. Мұны «оңай» табыс деп айта алмайсыз. Қожайындары «закладчиктерді» қарызға батырып, өздеріне тәуелді етіп қоюға бар күшін салады. Мысалы, таратушы 10 пакет қалдырады, үйлестірушіге есеп береді. Ол 5 жағдайда сатып алушылар тауарды таба алмағанын айтып, таратушыны ұрлық жасады деп айыптап, оған қарыз «іліп тастайды». Жақында есірткі таратушы әйелді ұстадық. 39 жастағы әйел Оралдан келген екен, «қожайындары» оған ең арзан пәтерді жалдап берген, әйел тез дайындалатын кеспені қорек еткен. Ол «жұмысынан» басқа еш жаққа шықпаған, ұсталып қаламын деп қорқып, өмір сүрген. Әйел табысқа кенелмеді, есесіне бірнеше жыл жаза алды.

– Айтпақшы, интернет полицейлерге қылмыскерлерді ұстауға көмектеседі ғой. Жергілікті интернет-қауымдастық топтарында есірткі сатылатын «нашар» пәтерлердің бейнежазбалары жиі жарияланады.

- Не айтып тұрғаныңызды түсіндім, бірақ біз трамадол мен тропикамидті таратушылар туралы айтып отырмыз. Адамдар оларды есірткі сатады деп жазады. Бірақ үкімет бекіткен жиынтық кестеге сәйкес, бұл препараттар рецепт бойынша беріледі. Бұл ретте әңгіме ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы («Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу»), яғни әкімшілік құқық бұзушылық туралы болып отыр.

АЛДЫН АЛУҒА АҚША КЕРЕК

Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкіл инспекторы Марияна ЖАНҒАЛИЕВАҒА сауалдар.

– Ғимараттардың қабырғасындағы есірткі жарнамасына қатысты айтсаңыз. Тұрғындар кімге хабарласу керек - полицияға ма, әлде ТКШ-ге ме?

– Қазіргі уақытта тұрғындар мұндай жазулардың суретін мекенжайын көрсетіп, интернетке жариялаумен шектеліп отыр. Сол арқылы суреттің таралуына ықпал ететінін ойламайды. Мұнымен ПИК айналысуы керек, бірақ полицияның 102 нөміріне, сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының 98 21 55 сенім телефонына және Атырау облысы білім беру басқармасының 27 03 92 сенім телефонына хабарласуға болады. Бұл тұрғыда бізге «Қызыл Ай» және «Жас Ұлан» ҮЕҰ жақсы көмектесуде. Мұндағы белсенділер жазуларды бояу, нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу туралы өтініштерге құлшына көмектеседі. Біздің облыс Қазақстандағы нашақорлықтың алдын алуға қаржы бөлмеген өңірлердің бірі. Мәселен, елордада бұл мақсатқа жыл сайын 17 миллион теңге бөлінеді. Тіпті ақша емес, материалдық-техникалық құндылықтарды бөлуге болады - жарыстарға арналған сыйлықтар, граффитиді жоюға арналған бояулар және т.б. Қазір біз бояуды өз қаражатымызға сатып аламыз, ең арзанын алуға тура келеді, олардың түсі шектеулі. Ал қабырғаға есірткі арналарының жарнамасын жазатын тәртіп бұзушылардың бояуы сапалы, оларды кетіру қиын, бір жазудың үстін бояу үшін бір баллон бояу кетеді.

«ЖАСТАРДЫҢ УАҚЫТ ӨТКІЗЕТІН ЖЕРІ БАР, БҰЛ ЖАҚСЫ НӘРСЕ»

– Соңғы кездері наркологиялық диспансерде есепте тұрғандар саны азайған, қазір олардың саны 502-ге жетті. Бұрын айына 2-3 рет есірткі қолданғандар есепке алынса, енді әлеуметтік- қауіпті іс-әрекеттері мен қасақана пайдаланатын есірткіге тәуелді пациенттер ғана есепке алынады. Бұдан басқа, ремиссия басталғаннан кейін есепке алу мерзімі қысқарды. Бұрын 5 жыл тұрақты ремиссиядан кейін есептен шығарылатын, қазір бір жылдан кейін шығарылады. Бұл нашақорлықты стигматизациялаумен күрес аясында және оңалтудан өткен адамның қоғамға оңай бейімделуі, жұмыс табуы және куәлік алуы үшін жасалады. Ал синтетикалық нашақорларға келетін болсақ, бізде олардың екеуі ғана есепке алынған. Екеуі де 25-26 жас аралығындағы жастар. Біреуі сараптамаға жіберілді, екіншісі медициналық көмекке өзі келді, - дейді Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының мониторинг ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі Светлана СТРАМОУСОВА. - Синтетикалық есірткіге тәуелділік өте тез - 3-4 дозадан кейін дамиды. Бізге сараптамаға түсетін синтетикалық есірткі әсеріндегі адамдардың мінез-құлқы психотикалық бұзылулардың жарқын көрінісімен - психомоторлы қозу, галлюцинация, бірегейсіздікпен ерекшеленеді. Каннабис пен апиындар қолданатын нашақорлар дозадан кейін ақкөңіл, масайраған күйде болады. Есірткінің әсері біткен кезде олар ашулы боп кетеді. Ал синтетикалық есірткіні қолданатындар озбырланып, үнемі желігіп жүреді.

– Ал есірткіге тәуелділер санының азаюы немен байланысты?

– Бізде есірткіден алыс иманды жастар өте көп. Бірақ ең бастысы, қаланың инфрақұрылымы жақсарып келеді, спорт алаңдары, секциялар, үйірмелер көбейіп келеді. Өзіңіз қараңыз - таңертең жағалауда жүгіретіндер, денсаулығы үшін серуендейтіндер көп, жастар кеш пен демалыс күндерін футбол алаңы мен спорт алаңдарында өткізеді. Балалар мен жастардың уақыт өткізетін жерлері бар, оларға сол қызық.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

27 қыркүйек 2022, 01:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.