Атырау, 17 мамыр 13:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Су тазарту қондырғысының басшысы: «Мен кран суын ішемін»

1 053 просмотра

Бүгін, 19 қыркүйекте Өңірлік коммуникациялар қызметінде Атырау қаласы тұрғындарының кран суының жағымсыз иісіне қатысты шағымы бойынша брифинг өтті. Журналистер мен әлеуметтік желі қолданушыларының сұрақтарына жауап беруге су тазарту қондырғысының басшысы Борис ПЕНКИН мен бас технолог Жәмила ИСАҒАЛИЕВА келді.

Ж.Исағалиеваның айтуынша, өзен суын тазарту кезінде бірде-бір реагент мөлшерінен асып кетпеген, залалсыздандыру жұмыстары санитариялық нормалар мен ережелерге сай жүргізілуде.

– Барлық су тазарту құрылғыларында су тазарту процесі бірдей. Реагенттер қосылып, тұндырылып, сүзгіден өткізіледі, содан соң резервуарға таза су жиналады. Өзен осылай «көгерген» кезде қашан да иіс болады, өйткені тазалау кезінде реакция жүреді. Залалсыздандыру үшін хлор емес, хлор суын жібереміз. Барлық тазалау процесі санитариялық ережелер мен нормаларға сай орындалады. Мысалы, суда бос хлордың деңгейі 0,5-0,8 мг/л, тұндырғыда 0,8-1,2 мг/л аралығында болуы керек. Біз ештеңе асырмаймыз. Бұл күндері суда фенол болған. Суды тазарту кезінде фенол хлорлы сумен байланысқанда жағымсыз дәм береді. Бұл дуст емес. Бұл дәм суды қайнатқанда пайда болады, бірақ ол қауіпсіз, оны ішуге болады, - деді Ж.Исағалиева. Ол қазір сүзгілер, тұндырғылар мен резервуарлар қосымша шайылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, қызметкерлер Жайықтың «көгеруіне» алдын ала дайын болған, су тазарту қондырғылары қазір толық қуатпен жұмыс істеп тұр.

– Жайық түбін тереңдету және тазарту мәселесіне келсек – иә, жыл өткен сайын өзен суы таязданып барады. Осы салада 40 жыл еңбек етіп келемін, осы күнге дейін Жайықты тазарту жұмыстары жүргізілгенін көрген емеспін. Бұл сұрақты маған емес, экологиямен айналысатын мамандарға қою керек шығар. Мұнымен солар айналысуы керек. Жайық тазартылса, бізге де жұмыс істеу және тұтыну үшін суды тазарту оңай болар еді, – дейді Ж.Исағалиева.

«АЖ»-ның «брифинг спикерлерінің өздері қандай суды пайдаланады?» деген сауалына, ол тазартылған өзен суын ішетінін, үйінде тіпті арнайы сүзгі жоқ екенін айтты.

- Мен өзеннің тазартылған суын ішемін. Таңертең тексердім, иіс жоқ. Демалыс күндері бастапқы су көздері мен тазартылғаннан кейін тұрғындар пайдаланатын су көрсеткіштерін өзім тексеремін. Мен иіс сезбедім, – деді бас технолог.

Ал Б.Пенкин Жайық «көгерген» кезде олар жыл сайын дерлік санитариялық нормалар мен ережелерге сәйкес тұндырғылардан сүзгіге балдырлардың түсуіне жол бермеу үшін хлор дозасын көбейтетінін айтты.

– Егер оларды сүзгілерге өткізсек, су тазарту станцияларының өнімділігі төмендейді. Біздің мәліметіміз бойынша, мұнда фенол бар, ал хлор мен фенол қосылса жағымсыз иіс шығады. Мен де кран суын ішетінімді айтайын. Бас технолог су тазарту қондырғыларының жанында тұрады, ал мен Геологта тұрамын, мен де ешқандай жағымсыз дәм сезбедім, - деді Б.Пенкин.

 

БЕСІНШІ СТАНЦИЯ ШҰҒЫЛ КЕРЕК

«АЖ»-ның «су тазартудың басқа жолдары бар ма?» деген сауалына ол «иісті жою үшін белсендірілген көмірі бар қосымша сүзгі қажет» деп жауап берді.

- Бірақ әзірге жаңа технологияларда мұны ұсынбайды, - деді Б.Пенкин, содан соң өндіріс мәселелеріне тоқталды. Өңірде су тазарту қондырғыларының қуаты жетіспейді екен. Қазір олар бар қуатымен жұмыс істеуде, өйткені тұтынушы көп - қосымша су тазарту қуаты ғана емес, резервуарлар да қажет.

– Қазір бізде жалпы қала бойынша сыйымдылығы 20 мың текше метр болатын 7 резервуар бар, бұл жеткіліксіз. Бұл мәселені жоғары деңгейде шешу қажет. Бізге су тазарту станциялары көбірек керек және жаңа технологиялар қажет, бірақ бізде оған ақша жоқ, - деді Ж.Исағалиева. Оның айтуынша, бізде облыста төрт станция бар: біріншісі 1939 жылдан, екіншісі 1964 жылдан, үшіншісі 1993 жылдан, төртіншісі 2010 жылдан бері жұмыс істейді.

Б.Пенкин сөзге қосылды:

- Атыраудағы су тазарту қондырғылары жоспарлы қуаттан артық жұмыс істейді. Қаламыз кеңейіп келеді. Соңғы жылдары көптеген жаңа ықшамаудандар пайда болды, мысалы, Жұлдыз ы/а. Талғайранға қарай көптеген көпқабатты үйлер салынып жатыр, мен оларды қолда бар қуаттылықпен ауыз сумен қамтамасыз ете алатынымызға сенімді емеспін.

Қала маңындағы Береке ауылында (бұрынғы Память Ильича) тағы бір станция бар. Ол 2012 жылы салынған, бірақ сапасыз болғандықтан, күні бүгінге дейін жұмыс істемей тұр. Биыл оны жандандырып, іске қосуға дайын мердігерлер пайда болды.

- Бірақ әлі бұл факт емес, қашан болатыны әзірге белгісіз. Бірақ жұмыс істеп тұрған су тазарту қондырғыларының жүктемесін қаншалықты тезірек азайтсақ, соғұрлым жақсы. Бесінші су тазарту қондырғысын іске қосып, Бірінші учаске аумағындағы №6 сүзгі станциясы жобасын іске қосу қажет. Сол кезде қазіргіден жақсырақ жұмыс істейміз деп ойлаймын, - деп сөзін түйіндеді Пенкин.

Айнұр САПАРОВА

19 қыркүйек 2022, 23:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.