Атырау, 24 сәуір 13:23
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Нұрлан Жантоқов: «Жер астындағы су қорын сақтау үшін ұңғымаларға кран орнату керек»

1 782 просмотра

Атырау облысының Жылыой ауданы аумағында жер астынан өздігінен шығып жатқан 180 гидрогеологиялық ұңғыма бар. Ұңғымадан атқылаған жер асты суы үлкен көл болып, далаға жайылып жатыр. Жер асты су қоры шексіз емес, бір күні ол да сарқылады. Атырау облысы онсыз да ауыз су тапшылығы қаупінің алдында тұрғанда неге барлық ұңғыманы крандық режимге көшірмеске? Бұл қаншалықты шығын келтіреді әрі техникалық жағынан қиын? 

ШАРУАЛАР КӨТЕРІЛІСПЕН ҚОРҚЫТЫП ОТЫР

Біз бұл сауалды Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан ЖАНТОҚОВҚА қойдық. Оның айтуынша, оның еш қиындығы жоқ. Бар кедергі – жер асты су көздерін мал суаруға пайдаланып отырған шаруа қожалықтары иелерінің түбегейлі қарсылығында жатыр.

Мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың жайылым жерлері көптеген ұңғыманың бойында орналасқан. Жантоқов бұл Жылыой ауданындағы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына жақын орналасқан жерде жылқы асырап отырған шаруа қожалықтары екенін айтады. Ол бұл ұңғымаларды Кеңес заманында бұрғылау компаниялары өндіріс қажеттілігі үшін пайдаланғанын, кейін бұл маңға шаруалар көшіп барғанын алға тартады.

- Кезінде Жылыойдың Бейнеу жақ тұсына көшіп барған шаруалар бұрғылаушыларға «ұңғыманы жаппаңдар, сол күйінде тастаңдар» деп өтінгенде, солай жабылмай қалған ұңғымалар ғой. Кеңес заманынан бері тұр. Мен шаруаларға «қазір Атыраудың өзінде біздер су таба алмай жатырмыз» десем, олар «суды жабуға құқықтарың жоқ. Егер жауып тастасаңдар, кранның аузы құм болып қалып, су шықпайды бізге, әкімдікке барамыз, президентке жазамыз» деп, көнбей шулады. Шаруаларға ең болмаса осы далада жайылып жатқан суды пайдаланып, жоңышқа екпейсіңдер ме десем, ешкім құлық танытпады. Олар малдың су ішетін жері бар деп, басқаға басын ауыртқысы келмейді. Мен оларға алдағы уақытта крандық режимге көшіреміз деп ескерттім, - дейді Н.Жантоқов. 

Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысында шаруалар крандық режимге ауысқан ұңғыманы еш кедергісіз пайдаланып отыр, су керек кезінде ашып алады.

- Кран орнатылған соң ұңғыма сенімгерлік басқаруға берілуі керек. Жылыой ауданында гидрогеологиялық ұңғыманы сенімгерлік басқаруға алған адамдар бар. Олар қажет кезде кранды ашып, суды халыққа қолжетімді бағамен сатып отыр. Жер асты су қоры азайып жатыр. Барлық ұңғыманы крандық режимге көшірмесек, Жылыой ауданына келіп жатқан Жем суының көзі жабылуы мүмкін. Себебі, өзен жер астынан нәр алады, далаға ағып жатқан жер асты суының 40 пайызы буланып ұшып кетеді. Қалғанының бәрін жылқы мен сиыр тапап, кешіп жүр. Далаға ағып жатқан суды көрсеңіз, көзіңізден жас шығады, - дейді Жантоқов. 

Ол крандық режимге көшіру жұмыстары шаруа қожалық иелерінің ұсыныстары ескеріле отырып, бәрібір алда жалғасатынын айтады. Бірақ, қашан екені белгісіз.  

ЖЕР АСТЫ СУЫН АУЫЗ СУ РЕТІНДЕ ПАЙДАЛАНБАҚ

Жылыой ауданы аумағындағы 180 гидрологиялық ұңғыманың 123-і жойылуға (тығындап тастауға), қалған 57-сі Жылыой ауданы әкімдігі тарапынан айналасында шаруа қожалықтары орналасқандықтан крандық режимге көшіру ұсынылды.  

2022-2023 жылдар аралығында Жылыой ауданындағы 68 ұңғыма жабылуы тиіс.   

Осы ұңғымаларды жою жұмыстары үшін 2021 жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі республикалық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 26,5 млн теңге қаржы бөлген. Құжаттаманы «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаменті жасаған.  

Биыл ұңғымаларды жою жұмыстарын жүргізуге министрлік тарапынан республикалық бюджеттен Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарына 465 млн теңге бөлінген.

- Қазір шаруа қожалықтары жоқ жерлерде орналасқан су бұрқақтарын тығындау жұмыстары жүріп жатыр. Атырау облысында қанша ұңғыманың жабылғаны бізге белгісіз. Себебі, бұл жұмыстармен министрлік айналысып жатыр, - дейді Жантоқов.

Жантоқовтың дерегінше, іздеу-барлау жұмыстары нәтижесінде «Бали» жер асты су көзінің эксплуатациялық қор көлемі 27 жылға, тәулігіне 8640 текше метр болып бекітілген. Оны шаруашылық-ауыз су ретінде пайдалануға тек тұзсыздандырылған жағдайда рұқсат етіледі. «Жаңасу» жер асты су кен орны облысты 25 жыл тәулігіне 119 000 текше метр өндірістік-техникалық сумен қамтамасыз ете алады.

2016 жылы жер асты суын пайдалану мақсатында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті және «Sanai-Eurasia PetroMashineri» ЖШС арасында 25 жыл мерзімге келісімшарт жасалған.

Компания «Жаңасу» мен «Бали» кен орындарының суын ТШО-ға сатамыз деп ойлаған. Алайда бұл жоба іске аспай қалған. Ұңғыманы сенімгерлік басқаруға алған соң иелік етуші мекеме суды пайдалануға рұқсатты үш жылдың ішінде Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясынан алуы керек еді. Алайда алынбаған соң, ұңғыма орналасқан жер телімі мемлекетке кері қайтарылған.

- ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің 278-бабының 2-тармағында «жер асты суларын өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленушілер осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде ҚР су заңнамасына сәйкес келісімшартта айқындалған жер қойнауы учаскесінің аумағы шекараларының шегінде арнайы су пайдалануға рұқсат алуға міндетті» делінген. «Sanai-Eurasia PetroMashineri» ЖШС іздеу-барлау жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, жер асты сулары қорына қайта бағалау жұмыстарын жүргізуді жоспарлағанмен, арнайы су пайдалануға арналған рұқсаттың рәсімделмеуінен, жер асты суларын өндіруге арналған келісімшартының қолданылуы тоқтатылған, - дейді Жантоқов.

Бұл жөнінде ТШО-дан ақпарат сұраған едік, бірақ әзірге жауап алмадық.

Қазір «Жаңасу» және «Бали» кен орындарындағы ұңғымалар арқылы Жылыой ауданы халқын ауыз сумен қамту жоспарда бар.

- Осы кен орындарынан 80 шақырым су құбырын тартып, ТШО, NCOC сияқты ірі мұнай компанияларына ұсыныс білдіріп, Құлсары қаласынан су тұщытатын қондырғы орнатып, Жылыой ауданы тұрғындарына ауыз су жеткізу жоспарда бар. Әзірге әлі ұсыныспен шыққан жоқпыз. Ол үшін әуелі ұңғыма айналасындағы жер аумағын айқындау керек. Бұл жерді ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін жеке кәсіпкерлерге беріп тастағаны істі қиындатып отыр. Суды алу үшін ол жерге геологиялық жұмыстар жүргізіп, су қоры қанша жылға жететінін анықтап, сол жердің төлқұжатын жасап, су беру үшін рұқсатын алу керек, - деп сөзін түйіндеді Жантоқов.

Айнұр САПАРОВА

14 қыркүйек 2022, 00:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.