Атырауда, YEMAA заманауи мәдениет орталығында 1-31 тамыз аралығында «Фронтир*. Атырау шежіресі» арт-резиденциясының қорытынды шарасы ретінде жас суретшілердің көрмесі өтті. Мұнда негізінен Жайық өзенінің бейнесі көрменің тақырыбына арқау болды.
YEMAA орталығының директоры әрі тең құрылтайшысы Малика ОРАЗҒАЛИЕВА тамыз айы бойы оффлайн және онлайн сессиялар, шеберлік сабақтары мен өлкетану экскурсияларын өткізген резиденция қатысушыларын таныстырды. Алынған тәжірибенің арқасында суретшілер жаңа медианы пайдалана отырып, туындылар жасап, қорытынды көрмеге қатыса алды. Малика Оразғалиева серіктестеріне жобаны қолдағаны үшін алғысын білдірді.
– Резиденцияны ашқан кезде қатысушыларға ең бастысы жұмыс барысында жинақталған тәжірибе екенін айттық. Бүгінде олардың еңбегінің жемісін көруге болады. Бұл суретшілердің сезімін, еліміздің батыс өңірі, Атырау туралы, әрине, киелі Жайық өзені туралы ой-пікірлерін нәзік жеткізетін ғажайып туындылар. Тәлімгерлер мен дәріс оқушылар ретінде көрмелер өткізуде және шығармашылық жобалар жасауда бай тәжірибесі бар заманауи суретшілер мен өнер қайраткерлері Сәуле Дүйсенбина, Дмитрий Морозов, Күлшат Медеуова, Диас Әділ және т.б. атсалысты. Өйткені, біздің YEMAA кеңістігінің миссиясы – білім беру, даму алаңдарын құру, – дейді Малика Оразғалиева.
- Бұл жоба - мен үшін жаңа тәжірибе. Бір ай бойы біз Атыраудың ерекшелігін, осы қаланың маңызды локациясын іздедік. Бұл өте қызықты болды, мен резиденцияға және қатысушыларға жұмыс істеуге, жаңа адамдармен танысуға, жаңа біліммен шабыттануға мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс айтамын, - дейді жоба кураторы, мәдениеттанушы, Л.Н. Гумилева атындағы ЕҰУ философия кафедрасының оқытушысы Әдия РАМАЗАНОВА.
Резиденцияны ұйымдастырушылардың бірі Әсел АХМЕТЖАНОВА фронтир төл тақырыбы суретшілерге жақын болғанын атап өтті. Жас суретшілер тақырыпты алып, оны түпкі ойынан әлдеқайда алға шығарған. Бастапқыда еліміздің батысынан ғана қатысушыларды жинайық деген ой болғанымен, кейін бір облыспен шектелмей, бүкіл Қазақстан бойынша ашық байқау жариялау туралы шешім қабылданды. Ұйымдастырушылар 55-тен астам өтінім алған кезде таң қалған. Іріктеу өте қиын болған, өйткені бәрі де өте талантты.
ӨТКЕННІҢ АРТ-НЫСАНДАРЫ БҮГІНДЕ
Нәтижесінде көрменің бес қатысушысы таңдалды. Алматылық Ақзел БАСЕМБАЙ бірнеше жұмыстарын ұсынған. Дәл еденде орналасқан «Ұйқыда» деп аталатын композиция назарымды аударды.
– Бұл жұмыс Сарайшық іргесіндегі қыш шеберханасының иесі Зиннат ОРЫНБАСАРОВАНЫҢ Жайықтан алған сазынан жасалған. Саз өңделмеген, қазір әр жері кеуіп жатыр, тіпті одан шөптер өсіп тұрғанын байқауға болады. Тіке қарасаңыз, бұл «балбалаға» ұқсайтын (жерден "өскен"жұмбақ тас мүсіндер – Е.С. ескертпесі) жатқан адам екенін байқауға болады, – дейді Ақзел. – Бұл бейне Маңғыстау облысына барған экспедициядан кейін көз алдыма келді. Бір кездері аса ірі болған нәрсе қазір әдемі суреттерді ұнатушылар үшін селфи түсіретін әлдебір фонға айналуы мүмкін.
ТҮСТЕР СЫРЫ
Ақтөбелік Алтынзер АШЫҚБАЕВА да бірнеше жұмысын ұсынған. Менің ойымша, «Kaspi QR» өте қызықты - ол Каспий теңізінің кескіні түрінде жасалған.
- Бұл жерде экология мәселелері қозғалады, - дейді Алтынзер. – Жұмыс Каспий теңізінің жағдайы туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін түрлі QR кодтарынан жасалған. Қызыл түс проблемаларды білдіреді, мысалы, итбалықтардың жоғалуы, таяздалған жерлер және т.б.
Оның тағы бір шығармасы – «Қазақ табиғатындағы мата айналымы». Әрбір қазақ отбасында дерлік аналарымыз бен әжелеріміз сыйға беретін және кері сыйға тартатын мата қиындыларына арналған жеке сөре бар. Осындай сөре бұл жұмыстың тууына себеп болған. Ұлтымыздың салт-дәстүрін сақтай отырып, біз сыйлық алмасуға, мәңгілік айналымға қатысты боламыз. Ата-бабаларымыз осылай жасаған, біз де солай жасаймыз, ұрпақтарымыз да солай жасайды.
- Синестезия** терминіне сүйене отырып, мен маталардың дыбыстары мен түстерін біріктіру қызықты болады деген қорытындыға келдім. Өйткені, біздің мәдениетімізде әр түстің өзіндік ерекше сабақтастығы бар. Мен жұмысымды робототехникамен байланыстырып, түс датчиктерін қостым. Мысалы, мына қызыл түс қазақтың «Қыз ұзату» салтымен сабақтасады. Сондықтан түс датчигіне қызыл орамалды жақындатса, әйгілі «Той жыры» халық әнін естиміз. Біздің елімізбен астасатын көк түсті жақындатсақ, «Көк туым» трегі естіледі. Жасыл түс әрқашан жарқын, жаңа нәрсе. Мұнда Құрманғазының «Алатау» күйінің әуенін қостым. Бұл еңбек дәстүрлі қазақ мәдениеті мен жаңа технологиялардың синтезі ретінде ұсынылған, – дейді А.Ашықбай.
ШАБЫТ КӨЗІ – АТЫРАУ
Алматылық қатысушы Перизат СҮЛЕЙМАНОВА «Жазық дала және су» деп атаған композициясын коллаж түрінде ұсынған. Шығарма Жайық өзенінің өзі жазған күнделігі түрінде берілген.
– Ақыл мен сезімнің, дала мен өзеннің, болмыс пен ғайыптың тоғысқан жері – жеткізгім келгені осы еді, – деп пайымдайды суретші.
Көрмеде Атырауды Шерхан ШЕРУЕНОВ таныстырды. Оның «Екен» триптихі атыраулық үш сюжетті біріктіреді: «Шағаланың аяғы ұзын», «Бұл жерде біреу тұрады» және «Қазақ әйелі қашан да күшті». Триптих идеясы Маңғыстауға, Сарайшыққа және Атырауға экспедиция кезіндегі бақылаулардан туындаған.
Петропавлдан келген қатысушы Алина АРЫСТАНБАЕВА Атыраудың барша тұрғындарына белгілі Жилгородоктағы ескі үйлердің баспалдақтарының прототипі түріндегі «Аққа ақпен» туындысын ұсынды. Ол Атырауға өз идеясымен келген, Жилгородокта серуен кезінде шабыттанып, жойылу және жалғыздық тақырыбын жергілікті контекст арқылы жеткізуді ұйғарған. Дегенмен де, менің ойымша, баспалдақ - бұл жақсылыққа үміт ету символы.
Жоба менеджері Салтанат НОҒАЙБАЛАНОВА мұндай жобалар, өнерге стандартты емес тәсілдер өте қажет деп есептейді.
– Бұл жастардың шығармашылық әлеуетін ашатын бірегей жоба. Жас кезімде осындай мүмкіндіктер болғанда, қатысушы болуға, Атырауда бір ай бойы тұрып, оның күш-қуатын сіңіруге қуана-қуана келісетін едім. Ал біздің жоба аясында «YemAA artist residence» жасап жатқан нәрселер – жоғары деңгейдегі бірегей өнер, – дейді сеніммен С.Ноғайбаланова.
Елена СҮНДЕТОВА
Суреттерді түсірген автор
«АЖ» анықтамасы
Фронтир (француз тілінен аударғанда «шекара») — шекараға жақын немесе одан тыс орналасқан саяси-географиялық аймақ. Бұл термин 15 ғасырда француз тілінен келген және «шекаралық аумақ» - басқа елмен шектесетін елдің аумағын білдіреді. Мемлекеттік шекараның қатаң және нақты белгіленген нысанынан айырмашылығы, жалпы мағынада фронтир анық емес немесе бұлыңғыр болуы мүмкін.
Синестезия – кейбір күйлерге, құбылыстарға, ұғымдар мен символдарға еріксіз қосымша сапалар: түс, иіс, текстура, дәм, геометриялық пішін, дыбыстық реңк немесе кеңістіктегі жағдай берілген кезде қабылдаудың ерекше тәсілі.