Атырау, 22 қараша 01:20
 бұлттыВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Атырауда мектептер мен мұғалімдер жетіспейді

1 543 просмотра

Бүгін, 1 тамызда бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімі аяқталды. Соңғы жылдары ата-ана үшін бұл процесс баланы қажетті мекенжай бойынша тіркеуге дайын таныстарды табумен астасатын болды. Бұл қалаған мектепке бару үшін жасалады. Дегенмен, қажетті мекенжайға тіркелсе де, балаңыздың тұрғылықты жер бойынша мектепке қабылдануына кепілдік бермейді.

НЕҒҰРЛЫМ ЕРТЕРЕК ӨТІНІШ БЕРСЕ, СОҒҰРЛЫМ МҮМКІНДІК КӨП БОЛА МА?

- Баламды №20 мектепке рәсімдеу керек болды, себебі ол біздің үйдің ауламыздың дәл түбінде орналасқан, біз де оған тұрғылықты жер бойынша тиесіліміз. Шілдеде электронды үкімет порталына өтініш бердім, мерзімін бұзған жоқпын, тіркелген жерім бар, бірақ мектеп орын тапшылығына байланысты қабылдаудан бас тартты. Оның үстіне, білім ошағының тағы 10 адамды лимиттен тыс қабылдағанын білдім, бұл норманы бұзу болып табылады, - дейді Жанар есімді қала тұрғыны. Ол eOtinish порталына, Білім министрлігіне және Білім сапасын бақылау департаментіне хат жолдаған, бәрі де біздің қалалық білім бөліміне кері жолдапты. Қалалық білім бөлімі оған барлық орындар сәуір айында толғанын айтқан. №8 мектепке өтініш беруге тура келіп, сол жер баласын қабылдаған. Бірақ Жанардың тағы бір проблемасы бар - ол күні бойы жұмыста, баланы мектепке апаратын ешкім жоқ, мектеп қашықта, баласы 6 жаста. Балалардың сабағы түскі үзілістен әлдеқайда ерте аяқталады. Ал ортаншы қызы №20 мектепте оқиды, үзіліс кезінде інісін үйіне апарар еді.

– Бұл күрделі мәселе, баламның осы мектепте оқуға құқығы болса да, маған ешкім көмектеспеді. Жалғыз мен емес, мектепке ата-аналар күнде келеді, бәрінен бас тартады екен. Тағы бір сынып ашудың нақты қажеттілігі туындап тұр. Оның үстіне, сыныптағы бала санына қатысты нормалар бұзылып отыр. Мектепте олар сыныпқа 30 оқушыдан алғанын айтты, ал негізі 25 болуы керек екен. Қабылдау бөліміндегі қыздар мұғалімдердің бар екенін айтты. Қазақ сыныптарында орындар болды, бірақ балам қазақша мүлде сөйлемейді, барудан бас тартты. Оқыту керектігін білемін, бірақ бұлай емес. Менің өтінішіме қалалық білім бөлімінің өкілдері жауап беріп, бейнебайланыс арқылы тыңдау өтті. Мен «өңірдегі осы мәселе жөнінде Білім министрлігін неге хабардар етілмейді?» деп, орынбасардан сұрадым. Ол бізді ешкім тыңдамайды, біз жай орындаушымыз деп жауап берді. Қалайша? Мектеп жетіспейді, бала көп. Ал олар демалысты қалай қысқарту керектігін талқылайды. Одан да жағдай жасағандары дұрыс болар еді. Біздің салығымызға бүкіл баланың білім алу бойынша конституциялық құқығын жүзеге асыруды қамтамасыз ете алмай отыр. Есесіне драма театрының алдындағы аумақты жөндемекші, – деді Жанар ашуланып.

ОРЫС ТІЛІНДЕГІ СЫНЫПТАРҒА КЕЗЕК КӨП

Атырауда 63 мектеп, оның ішінде бір кешкі мектеп бар. 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында қаланың 62 мектебі 1-сыныпқа алу үшін құжат қабылдады. Қазақ тілінде оқытатын 31 мектеп, орыс тілінде оқытатын 2 мектеп – Ломоносов атындағы №17 және №30 аралас мектеп бар. Оның ішінде - 9 гимназия, 5 лицей, қалғандары жалпы білім беретін мектептер. Ережеге сәйкес, сыныптарда 25 баладан артық болмауы керек.

– Соңғы 3 жылда бірінші сыныпқа баратын балалар саны жыл сайын 2 мың адамға артып келеді. Мәселен, биыл 11 116 өтініш берілген. 9150-ы – электронды түрде, қалғандары – қағаз түрінде. Іс жүзінде 8546 адам өтініш білдірген. Ал біз 7 мың адамды қабылдаймыз деп жоспарладық. Ең танымалы гимназия және лицей сыныптары бар мектептер: №30, 16, 17, 30, 38 және т.б. Бірақ, әдетте, бала лық толған мектептердің жанында орын бар басқа да оқу орындары жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Мәселен, №17 мектептің жанында №21 мектеп бар, - дейді қалалық білім басқармасының басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВА.

Қазіргі уақытта №1, 2, 4, 5, 6, 8, 9, 14, 19, 21, 42 («Береке» ықшамауданында) және Сәтпаев атындағы (Геолог) мектептерде бос орындар бар.

Ал кейбір мектептерде керісінше тым көп, оқушылар 3 ауысымда оқиды. Қалада мұндай 11 мектеп бар: №2, 3, 16, 17, 18, 22, 24, 32 (Көкарнада), 39 (Жұлдызда), Алғабаста Т.Амандосов атындағы және Еркінқала мектебі. «Жұлдыз» ықшамауданы қарқынды дамып келеді, Жұлдыз 1, Жұлдыз 2, т. б. ықшамаудан пайда болды. Осыншама тұрғынға бір мектеп жетпейді. Авангардтағы төрт мектептің үшеуі 3 ауысымда жұмыс істейді. Мұнда, қанша қаласаң да, қалыптасқан сыныптарға қосымша сыныптар ашу мүмкін емес - орын жоқ.

– Орыс тілінде оқытатын төменгі сыныптарда қазіргі таңда 82 мұғалім (!) жетіспейді. Ал осы мамандық бойынша Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен педагогика колледжінен білім алғысы келетіндер де жоқ. Соңғы 3 жылда мұғалімдердің жалақысы айтарлықтай өскенімен, қазір жаңадан келген маман шамамен 150-200 мың теңге алады. Ал тәжірибесі, санаты, жүктемесі бар мұғалімдер көп алады. Педагогикалық мамандықтарға грант бөлінгенімен, жастар мектепке жұмыс жасағысы келмейді. Жыл сайын жоғарғы оқу орындарымызға, колледжімізге барып, өтінім қалдырамыз. Оларды көрші қаладағы педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждерге, тіпті Астрахань мен Волгоградқа да жібереміз, бірақ жалақыдан басқа ұсынарымыз жоқ. Өткен жылы келген мұғалімдерге Нұрсая мен Алмагүлден бір бөлмелі 20 қызметтік пәтер бөлуге қол жеткіздік. Сол кезде бізге Ақтөбе, Орал қалаларынан пән мұғалімдері келді. Сондай-ақ математика, информатика, химия, физика, орыс тілі, тарих пәндерінің орыстілді мұғалімдері де жеткіліксіз, - деді Ф.Шангереева.

Орыс сыныптарын оқытатын мұғалімдерге үлкен жүктемемен жұмыс істеуге тура келеді. Егер аптасына 16 сағат жұмыс істеуі керек болса, олар 35 сағатқа дейін жұмыс істейді.

НЕЛІКТЕН БАЛАНЫ МЕКТЕПКЕ ҚАБЫЛДАМАЙДЫ

Құжаттар 1 тамызға дейін қабылданады, бірақ былтырғыдай бұл мерзім 20 тамызға дейін ұзартылуы мүмкін. Алайда, бұл жағдайда да сыныпты «нығыздап», 30-дан көп оқушыны қабылдамайды. Бұл стандартты бұзу болып табылады. Сыныптың толықтығына байланысты баласын бір мектепке орналастыра алмаған ата-анаға оны жақын жердегі мектепке беруді ұсынады. Бізде балаларды қазақтілді сыныптарға орналастыруда қиындық жоқ. Орыс тілінде оқытатын сыныптарға кезек көп. Бұл мәселені шешу үшін ата-аналар кейде қулыққа барады, балаларын таңдаған мектептің жанында тұратын туыстары мен достарының мекенжайына тіркейді. Өйткені, заңға сәйкес, мектепке қабылдау кезінде оқу орнының маңында тұратын балаларға артықшылық беріледі. Бірақ жүйеде ата-анасы бір жерде, баласы басқа жерде тіркелгені көрініп тұрады.

Бірнеше жағдайда баланы мектепке қабылдаудан бас тартады. Біріншіден, ұсынылған құжаттар және ондағы деректердің дұрыс еместігі белгілі болғанда. Мәселен, мектепке 6 жастағы немесе сол күнтізбелік жылда алты жасқа толатын балалар қабылданады. Бірақ одан жасы кіші бала қабылданбайды. Екіншіден, ұсынылған құжаттар Білім және ғылым министрінің қабылдаудың үлгілік қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, мысалы, құжат ақпарат оқу мүмкін болмайтын айқын емес болса. Үшіншіден, сыныптарда бала лық толы болса.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

1 тамыз 2022, 18:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.