Атырау, 2 мамыр 20:24
 ашықВ Атырау +11
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Бизнес грантын алу оңай емес, оны жұмыспен өтеу керек

1 036 просмотра

Биыл бизнес үшін мемлекеттік грант бағдарламасына қатысуға 600-ге жуық өтініш берілген. Бұл туралы Атырау облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол ЖАҢАБЕКОВ мәлім етті.

2022 жылы Атырау облысы үшін бұл бағдарламаға 106 млн теңге бөлінген. Оның 27 млн теңгесі республикалық бюджеттен берілсе, қалған 79 млн теңгесі жергілікті қазынадан қарастырылған. Конкурсқа қатысуға 597 өтініш тіркеліп, оның 392-сі мақұлданды. Қалған үміткерлердің құжаттарында конкурс талаптарына сай еместігі анықталды. 37 жоба мақұлданып, қазір келісімшарт жасау процесі жүріп жатыр.  Н.Жаңабековтің бақылауынша, біздің өңірімізде өтініш білдіретіндердің басым бөлігі ауыл тұрғындары, әсіресе, Индер мен Қызылқоға ауданының азаматтары. Көпшілігі әйелдер.

Еске салсақ, үміткерлер 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы ала алады.

Мемлекеттік бағдарлама 2021-2025 жылдарға арналған, оның аясында кәсіпкерлерге инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін жыл сайын қайтарымсыз гранттар беріледі. Кәсіпкерлікке үш жыл бұрын бет бұрған азаматтар мен 29 жасқа дейінгі тұрғындар және шағын бизнес субъектілері аталмыш бағдарламаның қолдауына ие бола алады.  

– Кәсіпкерлер бұл гранттарды, мәселен, құрал-жабдық, материалдық емес активтер (шикізат), технология немесе франшиза сатып алуға (белгілі компанияның брендін ресми пайдалану) пайдалануы керек, – дейді Н.Жаңабеков.

 

БЫЛТЫР ҚАЛАЙ БОЛДЫ

2021 жылы бизнес үшін Атырау облысына 170 млн теңге бөлінді. Оған 200-ден аса үміткердің арасынан суырылып шыққан 57 кәсіпкерге (оның ішінде 18-і халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарынан (көп балалы аналар, зейнеткерлер, I және II топтағы мүгедектер)) білім, денсаулық және өндіріс саласындағы жобаларға 2 млн-нан 5 млн теңгеге дейін берілді. Айтпақшы, бұл санатқа жеңілдіктер қарастырылған:

- Олардың жобасында инновацияның болуы міндет емес. Басқа санаттағы кәсіпкерлердің шотында  сұрастырылып отырған қаражаттың 10 пайызы көлемінде сома болуы тиіс болса, жеңілдік қарастырылған санаттағы кәсіпкерлерге бұндай талап қойылмайды,- дейді Н. Жаңабеков.  


ӘРЕКЕТ ЕТУ АЛГОРИТМІ ҚАНДАЙ

Оның айтуынша, ұсынылған жобаны үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ), ғылыми ұйымдардың өкілдері, түрлі сала сарапшылары, БАҚ өкілдері мен мемлекеттік қызметшілерден құрылған комиссия мүшелері зерделейді. Конкурстық комиссия жобаны мақұлдағаннан кейін кәсіпкер, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры және облыстық кәсіпкерлікті қолдау және туризмді дамыту басқармасымен үш жақты келісімшарт жасалады.

- «Даму» қорының Атырау облысындағы филиалы грант алған азаматтың кәсібі 18 айдың ішінде іске асуын қадағалап, мониторинг жүргізеді. Алғашқы он екі ай ішінде «Даму» қорының өкілдері алдын ала шолу арқылы және құжат түрінде мониторинг жүргізеді. Мәселен, сатып алынған құрылғының көзделген мақсатқа сәйкестігі, кәсіпкердің  жеке 10 пайыз қаржысы жұмсалғаны, ақша жеткізушінің шотына аударылғаны туралы төлем құжаттары бар ма, жаңа жұмыс орны ашылған ба және т.б. тексеріледі. Содан кейін мониторинг қорытындысы кәсіпкерлік және туризм басқармасына жолданады, - деп әңгімелейді Н.Жаңабеков. - Кәсіптің тасын өрге домалату барысында бизнес иелерінде бірнеше қиындық туындайды. Мәселен, өткен жылы қайтарымсыз грант алғандардың кейбірінің кәсібі елдегі пандемия салдарынан тұралап қалды. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер мән-жайды айтып, Даму қорына хат жолдауы тиіс. Қор өкілі нысанға барып, жұмыстың тоқтап тұрғанына көз жеткізіп, оның есебін кәсіпкерлік және туризм басқармасына кәсіпкердің хатымен қоса жолдайды. Содан кейін кәсіпкер жұмыстың тоқтау себебін комиссия отырысында дәлелдеуі керек. Сол кезде жобаны іске асыру мерзімін тағы алты айға ұзартады.

Кәсіпкердің  жұмысты тоқтатуға нақты себебі болмаса, комиссия өкілдері берілген грантты мемлекеттік бюджетке қайтарып алу туралы шешім қабылдайды да, іс-құжаттар сотқа жолданады. Осы мемлекеттік бағдарлама қолға алынған 2013 жылдан бері Атырау облысында 162 кәсіпкерге қайтарымсыз грант ұсынылды. Алайда олардың арасында қойылған талапты орындамаған жосықсыз орындаушылар да кездеседі. Бүгінде кәсіпкерлік және туризм басқармасы сот органдарына мемлекет бюджетіне қайтарымсыз гранттарды қайтару туралы 14 кәсіпкердің (жалпы санының 8 пайызы) үстінен талап арыз берді.  

Айнұр САПАРОВА

29 шілде 2022, 15:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.