Атырау, 3 мамыр 03:34
 ашықВ Атырау +18
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

Жеке балабақшалардың бәрі бірдей керемет емес

919 просмотра

Биыл Атырауда екі жеке балабақша басшыларына ҚР ӘҚБтК-тің 409-бабының 3-тармағы Білім беру ұйымы басшысының міндеттерін орындамауы, егер бұл оқу және тәрбие беру процесі кезінде білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соқса») бойынша әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы Бердібек ТАИШЕВ хабарлады

Бірінші оқиға 20 наурызда болған. Жекеменшік балабақшада 3 жасар қыз баланы өзімен жасты үш қыз бала ұрып-соғып, дене жарақатын салған (тырнап, көгертіп қойған). Бұл кезде қастарында тәрбиешілер болмаған, балалар қараусыз қалған.

Екінші оқиға 14 сәуірде басқа балабақшада болған. 6 жасар қыз бала орындықты ас бөлмесіне алып барамын деп, шалынып құлап, жарақаттанған. Аталған фактілер бойынша балабақша меңгерушілеріне 153 150 теңге айыппұл салынды.

Б.Таишев бұл екі оқиға ахуалдың көзге көрінетін бөлігі ғана екеніне және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды тәртіпке салу керектігіне сенімді.

Ол мектепке дейінгі ұйымдардың 2011 жылға дейін лицензияланғанын, кейін 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз балабақшамен қамту қажеттігі туындаған соң балабақшаларды лицензиялау тоқтатылғанын атап өтті. 2014 жылдан бастап балабақшаларға қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны жөнінде хабарлама беру тәртібі енгізілді. Алайда, Таишевтың айтуынша, кейбір жекеменшік балабақшалар тіпті ашылғаны туралы да хабарламайды.

- Қазірде мектепке дейінгі ұйымдарды ашуда бірыңғай талап жоқ. Балабақша ашқанда қандай жағдай жасалғанын, кімді жұмысқа алады, материалдық-техникалық жабдықталуы қандай екенін ешкім тексермейді. Сондықтан кешікпей, лицензиялау тәртібі қайта енгізіледі. Ендігі кезекте балабақшалардың санынан гөрі сапасына аса мән бергеніміз жөн деп есептейміз. Мысалдарды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өркениетті елдердің көпшілігінде мектепке дейінгі мекемелер лицензияланады немесе аккредиттеледі. Мысалы, Германияда, Австралияда, Канадада, АҚШ-та, Португалияда және т.б., – дейді Б.Таишев.

Оның айтуынша, лицензия алу кезінде мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттік және жеке құрылымдарға ортақ ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкестігін растауы керек.

Негізгі талаптар топ түрі бойынша балалар санына, балалар мен персоналдың ара-қатынасына, педагогтардың біліктілігіне, оқу және ойын кеңістігіне, жабдықтарға, балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру бағдарламаларына, төтенше жағдайларға дайындығына, медициналық бақылауына, тамақтануына қарай қойылады.

Айнұр САПАРОВА

29 шілде 2022, 13:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.