Қазақстанда соңғы он жылда туберкулез ауруына шалдығу көрсеткіші жыл сайын орта есеппен 5-10 пайызға дейін төмендеп келеді. Бұл туралы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов мәлімдеді.
- Бұл көрсеткіш Атырауда да байқалып отыр, - деп атап өтті жақында облыстық әкімдікте қоғамдық кеңесте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан БАЙДУӘЛИЕВ. Оның айтуынша, Атырауда туберкулезден болатын өлім 44,4 пайызға, ал оны жұқтыру бойынша көрсеткіш 18,5 пайызға төмендеген.
Ал, Әденовке қайта оралсақ, оның айтуынша, он жыл бұрын Қазақстанда туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 25 611 науқас есепте тұрған. Былтырғы статистика бойынша қазір 10 184 науқас есепте тұр. Ауру көрсеткіші соңғы он жылмен салыстырғанда 2,2 есе төмендеген. Сол секілді туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші де 5,6 есе азайған.
- Он жыл бұрын бұл туберкулезден 1260-ға жуық науқас көз жұматын. Туберкулезге қарсы күрес жұмыстарын жүргізіп, ауруды ерте анықтау шараларын оң жүйеге қойып және тиімді ем алынғаннан кейін туберкулезге қарсы күрес жұмыстары жақсы нәтиже берді. Жалпы, өлім-жітім көрсеткіші жыл сайын 10-20 пайызға дейін төмендеп келеді. Мысалы, былтыр 318 адам туберкулезден көз жұмған. Әрине, мұның өзі де аз емес. Біз науқастар мен өлім-жітім санын келешекте әрі қарай азайтуымыз керек, - дейді Әденов.
Ауру неғұрлым ерте анықталған жағдайда, соғұрлым оны оңай әрі тез емдеуге болады. Ал ауруды кеш анықтаса немесе науқастың қосымша аурулары болса, оны емдеу мерзімі ұзаққа созылады. Жалпы туберкулезді емдеу мерзімі - 6 айдан 20 айға дейін.
Әденовтың айтуынша, Қазақстанда 2000 жылдың басынан бастап туберкулезге қарсы күрес жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп, оған мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп отыр. Туберкулезге қарсы күрес жұмыстарына мемлекеттен жыл сайын шамамен 45-46 млрд теңге бөлінеді.
- Бұл соманың ішінде мамандардың жалақысы, дәрі-дәрмектерді сатып алуға қажетті қаржы, науқастардың тамағы, коммуналдық төлемдер де бар. Сол қаржыға үкімет тапсырмасымен біздің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы арқылы халықаралық ұйымдардың қолдауымен туберкулезді ерте анықтауға арналған заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен бірнеше елдің сарапшылары зерттеп, тиімділігін дәлелдеген дәрілер сатып алынды, - дейді Әденов. - Соңғы 20 жылда туберкулезге қарсы іс-шаралар елімізде кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Мысалы, туберкулезді қазір барлық өңірде алғашқы медициналық көмек көрсететін емдеу мекемелерінде екі сағаттың ішінде анықтап беретін мүмкіндік бар. Бұл джин-эксперт деп аталатын диагностикалық аппарат. Елімізде осы қондырғылардың жалпы саны 148 дана, оның үшеуі Атырау облысы әкімшілігінің қаржысына алынған, қалғанын алуға халықаралық ұйымдардың қаражаты жұмылдырылған. ТМД елдері арасында көп елдер оған әлі қол жеткізген емес. Сонымен қатар бүгінгі таңда туберкулездің әр түрін тиімді емдеуге болатын дәрілердің бәрі біздің еліміздің барлық өңірінде қолжетімді және мемлекет тарапынан қаржыландыратын болғандықтан науқастарға тегін беріледі. Бұдан басқан, осы дертке шалдыққан науқастарға әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2020 жылы осы мақсатта Қазақстанда 1,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы жергілікті бюджеттен бөлініп отыр.
- Туберкулез ауруына шалдығу көрсеткіші қай өңірде көп?
- Әлемдік стандарт бойынша біз кез келген ауру мен өлім-жітімді 100 мың адамға шағып есептейтіндіктен, бұл көрсеткішке науқастардың санымен қатар сол өңірдегі жалпы халықтың саны әсер етеді. Себебі, әр өңірде халық саны әртүрлі. Мысалы, Түркістан облысында халық саны 2 млн-нан асса, Маңғыстау облысында шамамен 700 мың, ал Атырау облысында 650 мыңдай болуы мүмкін. Сондықтан, өңірлердегі адамдар санын 100 мыңға шаққанда шығатын көрсеткіш әртүрлі. Мысалы, Түркістанда ауру саны көп болуы мүмкін, ал көрсеткіш төмен болуы мүмкін. Ал халқы аз өңірлерде көрсеткіш жоғары болуы мүмкін. Әр өңірде тарихи қалыптасқан ауруға шалдығу және өлім-жітім көрсеткіштері бар. Сондықтан маман ретінде, соңғы 5-10 жылда сол көрсеткіштер қалай өзгергенін бағалаймын, бұл сол өңірде туберкулезге қарсы шаралар қаншалықты тиімді жүріп жатқанын білдіреді. Жыл сайын туберкулезге шалдыққан науқастар еліміздің барлық өңірлерінде анықталып отыр. Ең бастысы, оны ерте анықтап, тиімді емдеу.
- Алматыда жақында журналистердің қатысуымен өткен туберкулез ауруымен күреске арналған тренингте «Атырауда басқа өңірлерге қарағанда жаңа туған нәрестесіне БЦЖ екпесін салдыруға қарсы ата-аналар көп. Осы себепті де балалар арасында туберкулез көбейіп отыр» дедіңіз.
- Бұл мәселені дұрыс түсіндіруіміз керек. БЦЖ екпесі - балада туберкулезге қарсы иммунитетті қалыптастыратын екпе. Бұл иммунитет 5-6 жылға созылады. Екпені салмаған балалардың арасында туберкулезге шалдыққан жағдайда, аурудың ауыр, ағзаға кең тараған, бас миына, жұлынға тараған түрлері жиі кездеседі. Дерттің ондай түрлерін емдеу өте қиынға соғады. Әрбір ата-ана осыны ұмытпай, жадында ұстау керек деп есептеймін. Кей өңірлерде БЦЖ 90-92 пайыз, кей өңірлерде 98-99 пайыз салдырған. Бірақ Қазақстан бойынша 96 пайыз болып тұр. Халықаралық стандартқа сәйкес, бұл көрсеткіш 95 пайыздан кем болмау керек. Басқа өңірлерге қарағанда БЦЖ салдыруға қарсы ата-аналар Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында жиі кездеседі (3-4 пайызды құрайды). Негізінен ата-аналар түсінбеушіліктен БЦЖ салдырудан бас тартып жатады. Өз басым бұл олардың дәлелді ақпарат алмағанынан, әлеуметтік желідегі алып-қашпа, дәлелді медицина тұрғысынан қалыптаспаған пікірлерге ергеннен деп есептеймін. Сондықтан біз медицина мамандары ата-аналарға дер кезінде дұрыс ақпарат беріп, түсіндіре біліуміз керек. Сонда ғана БЦЖ екпесіне деген көзқарас өзгереді.
- Атырауда соңғы жылдары балалар туберкулезі көп деп айттыңыз ғой.
- Біздің орталық сол өңірде халықаралық ұйымдармен бірге эпидемиологиялық жағдайды бағалау үшін балалар арасында туберкулезге қарсы күрес іс-шараларының тиімділігін арттыру жолында арнайы жоба жүргіздік. Сол жоба аясында туберкулезді балалар арасында ерте анықтау, алдын алу және де емдеу жұмыстарының сапасына жеке көңіл бөлдік. Сондықтан өткен жылда аурудың саны көбейгені рас. Бірақ келесі жылдары саны төмендеуі керек. Өйткені біз ауырған балалардың басым көпшілігін биыл анықтап қойдық. Іс-шаралар әрі қарай сапалы, жүйелі түрде жалғасын табады деп сенемін.
- 2020 жылы елімізде пандемия кезінде мамандар бар күшін коронавирус инфекциясымен күреске жұмсап, туберкулез ауруын анықтау көрсеткіші тым төмендеп кеткен. Іс жүзінде туберкулез жойылып кеткен жоқ қой...
- Бұл белгілі нәрсе, бүкіл әлемнің денсаулық сақтау саласы пандемияға дайын болмады. Сондықтан біз бар күшімізді ковидпен күресуге салдық. Әр облыстағы фтизиопульмонология орталықтарындағы төсек орындарының жартысынан көбі коронавируспен ауырғандарды жатқызуға жұмылдырылды. 2020 жылдың бірінші жартысында алғашқы медициналық көмек көрсететін мекемелер карантинге байланысты жарты жылдай жұмыс жасамады. Аурудың алдын алу, анықтау шаралары уақытша тоқтатылды. Осының бәрі туберкулезге қарсы іс-шараларына кері әсерін тигізді. Мысалы, 2019 жылға дейін анықталған науқастар саны жыл сайын 5-10 пайызға төмендеп келсе, 2020 жылы 25 пайызға төмендеп кетті. Бұл осы жылы біз шамамен 15 пайыз науқасты ковидтің кесірінен анықтай алмадық деген сөз. Халықаралық сарапшылар әлемнің кейбір елдерінде ковидтің кері әсерінен туберкулезді анықтау 30-40 пайызға дейін төмендегенін атап отыр. 2021 жылы елдегі эпидемилогиялық жағдай жақсара түскен соң қайтадан әр өңірдегі орталықтармен, емханалармен аурудың алдын алу үшін халықтың денсаулығын тексеріп, туберкулезге қарсы күрес жұмыстарын қайтадан бір жүйеге келтіріп, пандемияға дейінгі сапаға тезірек жеткізу үшін қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз.
- Пандемияға байланысты қай мәселе артта қалды?
- Қауіпті топтарды қайтадан қарау, анықтау, олардың арасында қайсысына флюрография, балалар арасында кімге манту немесе оның ревакцинациясын салу керек, науқастар қалай ем алып жатыр, дәрігерлердің үнемі бақылауында ма деген мәселелерді реттеуіміз керек. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық арасында туберкулездің алғашқы белгілері туралы, олар пайда болған жағдайда ерте дәрігерге қаралу, ауру анықталған жағдайда емді үзбей, тез бітіру және де дерттің алдын алу шаралары туралы ақпараттандыру жұмысын жүйелі түрде жүргізуіміз керек. Алғашқы жөтел екі аптадан асса, дене қызуы көтеріліп, әлсіздік болса, тезірек емханаға барып қаралыңыз. Жалпы, қандай ауру белгісі болса да, емді кешіктірмеңіз. Өйткені, жақсы емнің негізі - дер кезінде диагноз қою.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор