Атырау, 24 қараша 17:20
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қазақ лейтенанты

1 684 просмотра

...Жүріп келем, жүріп келем, айналама алақтап, жүріп келем. Жапан түзде жалғыз жортып, қорқып келем...

Иә, сөз орамдары Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романының кіріспесіне ұқсайды. Тақырыбы да. Мақаланы осылай бастау шешімі аталмыш шығармадағы Қайрош тағдырына өте ұқсас жерлесіміз туралы естігенде бірінші келген ой еді. 9 жастағы жетім бала Қызылқоға ауданы Ойыл ауылынан Гурьев қаласына жаяу келіп, көшеде жүрген жерінен балалар үйіне орналастырылып (бәлкім, Қайроштың прототипімен кездесті ме сол жерде), кейін соғысқа аттанғаны қызығуымды оятты.

Ізғали (Израилит) Сәрсенғалиев 1920 жылғы 20 шілдеде Гурьев қаласы Қайыршақты ауылында дүниеге келген (тағы бір ұқсастық).  Әкесі Сәрсенғали балықшы болған, Қайыршақтыда балық шаруашылығында жұмыс істеген. Ал анасы Болпаш Торғаева үй шаруашылығын күптейтін. Сәрсенғали ұзақ уақыт бойы ауырып, Ізғали дүниеге келгеннен кейін, 1920 жылы дүниеден озады. Асыраушысынан айырылған отбасы анасының төркіні – Қызылқоғаға, Ойыл ауылына кетеді. Нәубет жылдарындағы қиын тұрмыс анасының да денсаулығын құртып, 1929 жылы бақилық болады. Тұл жетімдерді ағайындары бөліп алмақ болып шешіп, ағасын Мақаттағы ағайындары алып кетсе, бөтен үйге барғысы келмеген Ізғали туған жеріне кетуге шешім қабылдайды да, жаяу жолға шығады...   

350 шақырым жолды жалғыз жаяу жүріп, Гурьев қаласына келген 9 жастағы баланы ересектер балалар үйіне орналастырады. 1930-31 оқу жылдары Жамбыл атындағы орта мектептің табалдырығын аттады. 1939 жылы мектепті аяқтаған соң, Ізғали қаладағы мұғалімдерді даярлау курсының тіл және әдебиет бөліміне қабылданған. Курстан кейін ол жолдамамен Жылыой ауданы Қосшағыл ауылындағы «Қараша» орта мектебінде мұғалім болып орналасты. 1939 жылы әскер қатарына шақыртылып, Киев әскери округының 640-атқыштар полкында қатардағы сарбаз болып қызметін бастайды. Әскер қатарында жүрген кезінде Ұлы Отан соғысы басталды. Білімі мен алғырлығы арқасында лейтенант шенін иеленген қазақ офицерінің майдан жолы төмендегідей:

1941  жылғы қыркүйектен бастап 861-зенит-артиллериялық полктың взвод командирі;

01.11.1942ж.-15.11.1943ж.  аралығында Пенза аудандық бригадалық дивизионында 73-батареяның 4-атқыштар взводының командирі;

15.11.1943ж.-15.11.1944ж. шағын калибрлі зениттік артиллериялық полктың 1575-взводының командирі;

15.11.1944ж.-10.11.1945ж.  шағын колибрлі зениттік артиллериялық полктың 1390-атқыштар взводының  командирі;

10.11.1945ж.-15.12.1945ж. ӘШҚ шағын колибрлі зениттік артиллериялық дивизионның 285-атқыштар взводының  командирі;

26.12.1945ж.-08.11.1946ж. офицерлер құрамының 27-артиллериялық оқыту полкінің тыңдаушысы.

Майдангердің алғашқы ірі шайқасы Мәскеу қаласын қорғаудан басталады.

Ізғали Сәрсенғалиев қызмет еткен шағын калибрлі зениттік артиллерия мен зениттік пулеметтердің көп бөлігі (60-70 пайызға дейін) Кремльдің әуе шабуылына қарсы қорғанысын, вокзалдарды, электр станцияларын және қала ішіндегі басқа да объектілерді күшейту үшін, әуе шабуылына қарсы авиация аэродромдарын, орта калибрлі зениттік артиллерия мен зениттік прожекторларды, Мәскеу-Волга каналының шлюздерін және қаладан тыс басқа да маңызды нысандарды қорғау үшін пайдаланылды. Нысанның көлемі мен маңыздылығына байланысты оның қорғанысына бірден үшке дейін шағын калибрлі батарея және бір-екі зениттік пулемет взводы қойылды. Шағын калибрлі зениттік артиллерия батарея және взвод бойынша, ал зениттік пулеметтер әдетте взводтық ретпен орналасатын. Қалада шағын калибрлі зеңбіректер мен зениттік пулеметтер көбінесе үйлердің төбесіне, зауыт пен зауыт ғимараттарына, арнайы жабдықталған орындарға орнатылды.

1943 жылы 861-інші зениттік-артиллериялық полк 73-інші зениттік-артиллериялық бригада болып қайта құрылып, Белоруссияға жіберілді. 1944 жылы 15 қаңтарда басқару бекеті мен штабы Гомельде орналасқан Минск әуе шабуылына қарсы қорғаныс корпусы құрылды. Минск корпустық және Смоленск дивизиондық аудандарының бөлімдері әуе шабуылына қарсы авиацияның қосылыстарымен бірге Батыс майдан әскерлерінің шабуыл жолындағы нысандар мен теміржол желілерін қорғады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелері далалық аэродромдарды, теміржол тораптарын, өткелдерді, Минск, Борисов, Лида, Молодечно қалаларын әуе шабуылынан күзетті. Дивизия қолбасшылығы Минск қаласын әуеден қорғауға көп көңіл бөлді. Тек 1944 жылдың шілде айының өзінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімдері авиациялық дивизиямен бірлесе отырып, жаудың 119 ұшағын атып түсірді.

Соғыс қимылдары кезінде аса маңызды әуе қорғанысында қызмет атқарған майдангер ағамыз 1946 жылға дейін әскер қатарында болады. Сол жылы офицерлер құрамының 27-артиллериялық оқыту полкінің тыңдаушысы болып, білікті артиллерист әскери қызметін жалғастыруға ұсыныс алады. Алайда ол туған еліне оралып, соғыстан тұралаған атамекенін көтеруді өзіне парыз санайды.

Аман-есен еліне келген Ізғали Сарсенғалиев ұстаздық жолын жалғастырады. Гурьев қаласындағы «Қайыршақты» бастауыш орта мектебінде оқытушы, 1947 жылдан бастап «Еркінқала» бастауыш орта мектебінің директоры болды. 1952 жылы ол әскери қызметі мен шеніне орай құқық қорғау органдарына шақыртылады. Сол жылы Гурьев облысының Социалистік меншікті ұрлаумен күрес бөлімінің жедел қызметкерінің көмекшісі қызметін бастайды. Еңбекқорлығы мен адалдығы арқасында осы салада үлкен жауапты қызметтер атқарып, марапаттарға ие болды. 1974 жылы жасына байланысты отставкаға (зейнетке) шықты. Зейнетке шыққаннан кейін 1985 жылға дейін құқық қорғау саласында кеңесшілік қызмет етіп, Гурьев облыстық прокуратурасының кадр бөлімінің басшысы болды. 1985 жылғы 21 ақпанда дүниеден озды.

Ұрпақтарының айтуынша, майдангер соғыс туралы әңгімелеуді көп ұнатпаған. Соғыс әкелген қайғы мен қасіретті көзімен көрген лейтенант шақырған кездесу-жиындарға сылтау тауып, бармайтын. 3 литрлік банкіге жинаған медаль-марапаттарын тағып, суретке де түспепті. Жастайынан жетімдік көріп, одан кейін миллиондардың өмірін қиған сұрапыл соғыстың жүрегіне салған жарасын тез ұмытқысы келді ме? Дегенмен, әскерилер арасында соғыс құдайы атанған артиллерияның офицері болған жерлесіміздің өмірі ұрпаққа өнеге болу керек деп ойлаймын.

Қайырбек ТАРИХҰЛЫ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

22 шілде 2022, 12:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.