- Украинада соғыс басталғаннан кейін Қазақстанға келген ресейліктер тарапынан біздің еңбек нарығымызға әзірге қысым жоқ, - деп мәлімдеді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА ӨҚК-де өткен брифингте «АЖ» сауалына жауап беріп.
Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жылдары Қазақстанда тұрақты теріс көші-қон үрдісі қалыптасты. Яғни елден кеткендер елге келгендерден көп болды. Алайда осы көктем мен жазда жағдай күрт өзгерді, өйткені елге Ресей мен Украинадан адамдар ағылды. Олардың басым бөлігі елорда мен Алматыны бетке алды. ЕХӘҚМ басшысы қазақстандықтарға көрші мемлекеттің жұмыс күші ағынынан қорқудың қажеті жоқ деп есептейді.
- Ресейден келген әлеуетті жұмысшылар саны еңбек нарығында қиындық туғызатындай көп емес. Бұған дейін бізде шетелдік жұмыс күшіне қатысты проблема үнемі болды, адамдар жұмысшыларды неге шетелден шақырасыңдар дейтін. Бірақ бізде 8,8 миллион адамның жұмыспен қамтылғанын ескерсек, ақпан-маусым айларында елімізге келген Ресей Федерациясының 26 мың азаматы көп көрсеткіш емес. Бізге білікті адамдар келеді деп қорықпау керек, көбінесе экономиканың жоғары технологиялық секторларына келеді: бұл технология мен білім трансферті, - деп есептейді Т.Дүйсенова.
Зульфия ИСКАЛИЕВА