Соңғы кездері Атырау облыстық онкология диспансерінің жұмысы көпшіліктің сынына ұшырады. Келушілер ұзын-сонар кезекке, түсініксіз талон жүйесіне және күтіп отыру үшін дұрыс жағдай жасалмағанына шағымданады.
- Дәрігерге бару үшін талон алуға таңертеңнен бастап кезекке тұру керек, бірақ дәл сол күні маманның қабыладуына кіре алмауың мүмкін. Аудандардан келушілер көп, әсіресе олар үшін бұлай күту қиын, өйткені олар күні бойы диспансерде жүріп, дәрігер қабылдауына кіре алмаса, қайда түнейді? Тіркеу бөлімінде проблемалар басталады - жолдама дұрыс толтырылмаған, тағы бірдеңе деп шығады, бірақ оны біз өзіміз жазбаймыз ғой, - дейді наразы болған науқастар.
Комментарий алу үшін біз «Атырау облыстық онкология диспансері» ШЖҚ КМК бас дәрігері Эльмира САПАРОВАҒА жүгіндік.
– Біздің мамандандырылған медицина мекемесі облыстың бүкіл тұрғынына, оның ішінде 7 аудан тұрғынына онкопатология бойынша көмек көрсетеді. Бұрын алдын ала жазылу арқылы қабылдайтынбыз, бірақ науқастың көптігіне байланысты бұл жазылу мерзімі 2-3 айға созылып, халықтың наразылығын тудырды. Қазір оларды сол күні қабылдаймыз, әрі кеткенде – келесі күні. Бұл аудан тұрғындары үшін аса қолайлы емес, бірақ белгісіздіктен қиналып, қосымша күйзеліске ұшырап, бірнеше ай күткеннен жақсы, – дейді Э.Сапарова.
Диспансердің аумағы күн сайын көп пациентті қабылдауға мүмкіндік бермейді. Онкология диспансерінің талондық жүйесі емханадан ерекше. Емханаларда бекітілген тұрғындар саны шектеулі, олар өз кезегінде учаскелік дәрігерлерге бөлінеді. Онкология диспансерінде 4500 науқас есепте тұр, сонымен қатар аудан, екі қала тұрғыны, жеке емханалардың пациенттері онкологиялық диагнозды анықтау және жоққа шығару үшін мұнда күн сайын жолдама алады.
Сонымен қатар, оның айтуынша, биыл жыл басталғалы онкологиялық қызмет халықты 70-80 пайызға дейін тексерумен (скринингтермен) қамтыса, бұрын бұл көрсеткіш әрі кеткенде 52 пайызға жететін. Мұның бәрі өз жемісін беруде, соңғы жылдары аурушаңдық азайған.
– Жылдан жылға келушілер саны артып келеді. Бұл жерде олардың бәрінде қатерлі ісік жоқ екенін ескеру қажет, онкодиагноздың бар-жоғын анықтау үшін диагностикаға жіберілетін адам көп, көпшілігі жасы бойынша скринингтен өтеді. Жаз мезгілі - демалыс маусымы болғандықтан маман жетіспейді, кейбір қызметкерлеріміз декреттік демалыста болса, сырқатына байланысты күн алғандар да бар. Өткен жылы қызметкерлерді жақсы жинадық, қазір 30 дәрігеріміз бар, бұрын 12-14 болатын. Қазір бізге 4 маман – онколог пен радиолог жетіспейді. Қате толтырылған жолдамаларға келетін болсақ, бұл емхана қызметінің кінәсі. Оның қызметкерлері кодты шатастырып, сақтандырылмаған пациенттерді жібереді. Тіркеу бөліміндегі қызметкерлеріміз емханаға телефон соғып, қажетті жайттарды анықтап жатқанда, уақыт өтеді, мұның бәрі халықтың наразылығын туғызады, – дейді Э.Сапарова.
Онкология диспансерінің ескі ғимараттан қашан және қайда көшетінін әзірге нақты айту мүмкін емес. Бұл мәселе түрлі деңгейде әлденеше рет талқыланды. Өткен жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан БАЙДУӘЛИЕВ №2 облыстық аурухананың ғимараты осы емдеу мекемесінің жаңа орнына айналатынын мәлімдегенімен, мерзімін атамады. Әзірге диспансер қызметкерлері пациенттерді ескі ғимаратта қабылдауды жалғастыруда.
Зульфия ИСКАЛИЕВА