Атырау, 24 қараша 08:29
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қамкөңіл жандарға қамқорлық

3 559 просмотра

Осыдан бір жыл бұрын «Үш сатымен күрес» жобасының аясында Атырауда «Инва-такси» қызметі жұмыс істеген болатын. Жобаның кейбір қиыншылықтары мен жетістіктері туралы  «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ жетекшісі Күлбаршын НҰРЖІГІТОВАМЕН әңгімелескен едік. Осы жанның ыждағаттылығынсыз ештеңе де шықпаған болар еді.

- Күлбаршын Балқашқызы, Атырауда мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін арнайы такси қызметін ұйымдастырудың үлкен жетістік екенімен келісетін шығарсыз?

- Әрине, келісемін. Атырауда арнайы көліктің болмау проблемасы өте өзекті мәселе болатын. Біз бұл туралы түрлі деңгейде әлденеше рет айтқан едік. Алға үлкен қадам басуымызға бізге «Сәби» қайырымдылық қоры қол ұшын берді. Ол біздің ұйымға арбаға таңылған мүгедектерді тасуға арналған арнайы үш көлікті сыйға тартты. Содан соң бізге «Бота» қоғамдық қоры қолдау көрсетіп, «Инва-такси» қызметінің жұмысын қаржыландыру үшін грант бөлді.  

Грант бойынша жұмыс жасаған уақыт ішінде арнайы тегін такси қызметін жүздеген атыраулықтар пайдаланды. Грант шарттары бойынша біз аса мұқтаж балалар мен 24 жасқа дейінгі жастарға ғана такси қызметін ұсына алғанымызды атап өткен жөн. Көп жағдайда инва-такси қызметін мүгедек балалардың аналары пайдаланды, өйткені балақайларды оңалту орталықтарына, медициналық мекемелерге жиі апаруға тура келеді. Қоғамдық көлікпен бара алмайды, ал әдеттегі таксиге көпшілігінің қаржылары жоқ, әрі жеке көлік те әр отбасында жоқ қой. Инва-таксидің көпшілігінің көңілінен шыққаны туралы біздің көлігіміздің әрбіреуіндегі журналдарға жазылған алғыстардан білуге болады.

- «Бота» қоғамдық қоры ұсынған грант бір жыл жұмыс жасауға бағытталған. Бір жыл өтті, енді инва-таксидің жағдайы не болмақ?

- Біз қалалық мәслихатқа хат жазған едік, бүгінгі күні қолымызда қала әкімінің инва-такси қызметінің мұқтаждығына бюджеттен 4 млн. 800 мың теңге бөлу туралы шешімі бар. 

- Енді 24-тен жоғары жастағы арбаға таңылған жандар арнайы көлік қызметін пайдалана ала ма?

- Иә, енді «Инва-такси» қызметін жасына қарамастан барлық арбаға таңылған мүгедектер қолдана алады. Ересектерге де дәрігерлерге барып, оңалту орталықтарынан процедуралардан өтулері қажет қой. Тіпті емдеу мекемесіне немесе оңалту орталығына бару арбадағы жандардың көпшілігіне қиын болғандықтан, тиесілі емдеу курстарынан бас тартуға тура келеді. Инва-такси қызметі балалар үшін де, ересектер үшін де бұрынғыша тегін болмақ.

- Арнайы көліктерді көбейту қажеттілігі бар ма?

- Әрине! Үш машина жеткіліксіз. Мәселен, Астанада арбаға таңылған жандарға 5 машина мен 10 арнайы автобус қызмет көрсетеді.

- Менің білуімше, «Бота» қоры басқа да мәселелерді шешуге көмектескен ғой?

- Біздің жобамыздың тағы бір «Үш сатымен күрес» бағыты - бұл арбадағы балалардың үйден кедергісіз шығуын қамтамасыз ету. Жеке секторда тұратындар үшін «Бота» қоғамдық қорының қаржылық көмегімен пандустар жарақталды.

Сондай-ақ, «Бота» қорының қолдауымен біздің ҮЕҰ жанынан ер балаларға арналған ағаш ұстаханасының цехы ашылды. Қор қажетті жабдықтар мен құрал-саймандар сатып алуға көмектесті. Цех жұмыс істеген уақыт ішінде ағаш шеберлігіне 17 бала оқытылды. Өз еңбектерінің жемісін олар Қала күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде мақтанышпен сөрелерге орналастырған еді. Сол кезде үйге қажетті бұйымдар мен кәдесыйлар тез өтіп кеткен болатын.

Қазір біз жобаның жалғастыруға өтініш беріп қойдық.

«Үш сатымен күрес» жобасын өмірге енгізу үшін мүмкіндіктері шектеулі адамдардың анағұрлым өткір проблемаларын шеше бастап қана қоймай, олардың кейбірін жұмыс орындарымен қамти алғанымызды жеке атап өткім келеді. Бес адамды жұмысқа орналастыра алдық. Бұл, әрине, көп емес, алайда ол да нәтиже, ол да азғана жеңіс.  

- Күлбаршын Балқашқызы, таяу болашақтағы сіздің ҮЕҰ жоспары қандай?

- «Үш сатымен күрес» жобасын «Мен және жыл маусымы» деп аталатын экологиялық соқпақ деп өзгерту ойымызда бар. Бұл балаларға арналған. Олардың көпшілігі пәтерден шыға алмайды, қоршаған ортаны тек өз үйінің немесе машинаның терезесінен ғана көреді. Олардың табиғатқа шығу мүмкіндігіне ие болғанын қаладық. Сондықтан да табиғатта тақырыптық танысу сабақтарын ұйымдастырғымыз келді.

Біздің жоспарымыз бен іске асырғымыз келетін ойымыз жетерлік, бастысы қол қусырып отырмай, ештеңеге қарамастан мақсатқа қарай алға жылжу!

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген В. Истомин

16 наурыз 2011, 22:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.