Атырау, 3 шілде 14:18
 бұлттыВ Атырау +18
$ 466.44
€ 487.71
₽ 8.56

Атырауда ауаның ластануынан тұрғындар жиі ауыра бастады

893 просмотра

Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Бекешова “Өнеркәсіптік мекемелер қызметінің Атырау қаласының тұрғындарына тигізетін кері әсері” тақырыбында өткен брифингте мәлім етті.

Атмосфералық ауаның санитариялық-гигиеналық жағдайына тоқталған Бекешова соңғы бес айдың қорытындысы бойынша санитариялық-гигиеналық зертхана қызметкерлері селитебті аймақтан* 24 ингредиентке 4027 сынама алынғанын хабарлады. Тексеру нәтижесінде Атырау қаласы бойынша 7 сынамадан (0,2%) зиянды заттардың мөлшері нормадан асып кеткені байқалды. Атап айтқанда, бұл - керосин – 4, бензин – 1, күкірт диоксиді - 2 сынамаға шектеулі рұқсат етілген концентрациясынан (ШРЕК) жоғары көрсеткішті көрсеткен. 

- Атырауда қоршаған ортаға зиянын тигізетін 51 кәсіпорын тіркелген. Өнеркәсіп нысандарының қоршаған ортаға зиянды әсерін азайтуға санитариялық-қорғау аумағын көгалдандыру, оны көркейту және рұқсат етілген шекті деңгей нормативтерін сақтау көп әсерін тигізеді. Алайда өнеркәсіп нысандары санитариялық-қорғау аумағын көгалдандыруды толық сақтамай отыр, - дейді Бекешова.

Оның айтуынша, санитариялық-қорғау аумағы 500 м және одан үлкен нысандардың меншік иелері 40% аумағын тұрғын үй құрылысы бағытына қарай ағаш-бұта көшеттері жолағын жасақтай отырып, көгалдандыруға міндетті. Бүгінге дейін санитариялық қағидаларға сәйкес бірде-бір өнеркәсіп нысандарының санитариялық-қорғау аумағы толық көгалданбаған.

Бұдан соң ол атмосфералық ауанының ластануы қоршаған ортаға ғана емес, адам денсаулығына да кері әсерін тигізіп жатқанына тоқталды.

- Ауаны ластағыш заттардың аз ғана концентрациясының жағымсыз әсері адам организімінің жекелеген орган, ағза жүйелерінің бұзылуына, жалпы төзімділіктің төмендеуіне әкелетіні белгілі. Атмосферадағы ластауыш заттардың созылмалы әсері жалпы организмнің әлсіреуіне, соның нәтижесінде созылмалы бронхит, жедел респираторлы аурулар, созылмалы ринит, отит, өкпе эмфиземасының өсуіне, т.б ауруларға әкелетін фактор болып отыр.

Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметіне сәйкес, Атырау қаласы тұрғындарының соңғы 2 жылдағы аурушаңдық көрсеткішін сараптағанда төмендегідей жағдай анықталып отыр: Облыста алғаш рет тіркелген жалпы аурулар саны 100 мың адамға шаққанда 0,1 есеге өскен, соның ішінде - тыныс алу органдары аурулары 0,3 есеге өссе, Атырау қаласында көрсеткіш 0,4 есеге өсіп, облыстық көрсеткіштен саны артып отыр. Алғаш рет анықталған қатерлі ісік ауруларына шалдыққан науқастар саны облыс бойынша 0,1 есеге дейін өскен. Облыс орталығында ең жоғары - 0,3 есе. Қан айналымы жүйесінің аурулары 0,2 есе өскен.

Ол бұл талдаудың халық денсаулығының жай-күйі мен мекендеу ортасының әсері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды анықтау үшін жүргізіліп отырғанын айтады.

Айнұр САПАРОВА

Коллажды жасаған Еламан НУХИН

* Cелитебті аумаққа төмендегілер кіреді: 

1) тұрғын ықшамаудандар және кварталдар; 

2) әкімшілік шаруашылық, қоғамдық және мәдени тұрмыстық мекемелер мен орындар, участкелер; 

3) жаппай пайдаланылатын жасыл өсімдіктер алаңы; 

4) көшелер мен алаңдар; 

5) қызмет жасау сипаттағы жеке кіші өнеркәсіптік орындар участкелері; 

6) үй жай қоймалық нысандар участкелері;

7) сыртқы транспорттық жеке құрылымдық участкелер; 

8) резервті аумақ және пайданылмаған участкелер.

21 маусым, 17:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.