Атырау, 2 мамыр 02:47
 ашықВ Атырау +20
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Атыраулық кәсіпкер: «Дәлелдеу үшін өзімді өртеп жіберуім керек пе?»

Сурет
1 659 просмотра

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында Атырау облысының прокуроры Халидолла ДӘУЕШОВ бизнес өкілдеріне жеке қабылдау өткізді. Мемлекеттік орган қызметкерлерінің әрекетіне (немесе әрекетсіздігіне) көп шағым түсті.

Мысалы, «Бека» ЖК жиһаз шығарумен айналысады. ЖК өкілі Айсәуле ОРАЗОВА жыл бойына жиһаз цехы ғимаратының құжатын рәсімдей алмай келеді: қала әкімінің оң шешімі болғанымен, сәулет бөлімі бизнес субъектісіне сәулет-жоспарлау тапсырмасын бермей жүр.

– Біз «СТ-KЗ» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификат алғымыз келді. Осы мақсат үшін тұрғын үйді цехқа айналдырып, нысаналы мақсатын өзгерту үшін құжаттарды рәсімдей бастадық. 1 миллион теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын төледік, қала әкімінің тиісті шешімі шықты. Алайда, қазір сәулет бөлімі ғимараттың ҚНжЕ сәйкес еместігін алға тартып, бізге сәулет-жоспарлау тапсырмасын бермей отыр. Сонда әкімнің шешімі қалай шықты? Неліктен мұны мен мемлекеттік баж салығын төлегеннен кейін айтып отыр? Бір жылдан бері бұл мәселені шеше алмай келеміз, – деді А.Оразова.

Бұдан басқа, олар мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасасқан оқу орнынан ақшаны да, қалған тауарды да ала алмай отыр. Сот бірнеше рет бизнес субъектісінің талабын қанағаттандырудан бас тартқан.

Оның айтуынша, 2020 жылдың қазан айында олар оқу орнымен жалпы сомасы 4 миллион теңгеге жуық тауарды жеткізу туралы келісімшарт жасаған. Қараша айында олар өз тарапынан бүкіл шартты орындаған.

– Олар сәл кейін төлейміз деп, бүкіл тауарды қабылдап алды, ал жыл соңында келісімшартты бұзатындарын мәлімдеді. Осы оқу орнының директоры осылай жасауға мәжбүр екенін айтып, бірақ ұзамай тауар үшін ақша төленеді деп сендірді. Үш ай күтіп, еш нәтиже шықпаған соң, сотқа арыз бердік. Сотта біздің тарапты Кәсіпкерлер палатасының адвокаты қорғады. Алайда, тауарды материалдық жауапты емес тұлға қабылдап алған деп, талап арызымызды қанағаттандырмады. Алайда оқу орны директоры біздің тауарды қабылдау үшін сол адамды өзі таныстырды.

Апелляциялық шағым түсіріп, ұтылып қалдым. Содан біраз тауарды кері алдым. Әрі қарай тауардың қалғанын немесе оның ақшасын қайтару үшін тағы да сотқа бердім. Сот алдымен менің пайдама шешті, бірақ директор қарсылық танытып, мен тағы жеңілдім. Мемлекеттік сатып алу ережелері бойынша біздің тауарлар үш күн ішінде қабылдануы немесе қабылданбауы керек еді, ал біздің тауарлар барлық талапқа сай болса да, бір айдан кейін қабылданбады. Бүгінде қалған тауарым да, оның ақшасы да жоқ, – деп реніш білдірді А.Оразова.

Одан кейін облыс прокурорының қабылдауында Атырау қаласының жолаушылар тасымалы қауымдастығының басшысы Жасұлан БИСЕНОВ болды. Ол жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай сатып алу мәселесін шешуде қадағалаушы органның қолдау көрсетуін сұрады.

Жасұлан БИСЕНОВ

– Мысалы, ауыл шаруашылығы қызметкерлері маусымда наурыздан қыркүйекке дейін жанар-жағармай сатып алу үшін бірнеше жеңілдік алады, яғни зауытың бағасымен сатып алады. Ал бізде барлық маусымдық қызмет түрі бар, неге бізде мұндай жеңілдік жоқ? – деп сұрайды Ж.Бисенов.

Оның айтуынша, ол бұл ұсыныспен әкімдікке шыққан, бірақ әзірге жауап алмаған.

Облыс прокуроры Халидолла Дәуешов оның бастамасын қолдап, қазіргі уақытта қадағалау органы жанар-жағармай сатушылардың іс-әрекетінің заңдылығына тексеру жүргізіп жатқанын атап өтті.

Ал «Eurostream» ЖШС-нің қаржы директоры Наурызбай Қабидің жағдайы өте қиын көрінеді. Бұл компания құрылыс материалдарын жеткізумен және су сүзгілерін орнатумен айналысады. Экономикалық тергеу департаменті (ЭТД) Қабиға қатысты жалған шот-фактуралар бергені үшін қылмыстық іс қозғаған. Оның айтуынша, ЭТД қызметкерлері оның осы ЖШС басшысы болып табылатын туысын жалған шот-фактуралар арқылы компания 800 миллион теңге ұрлады деп қорқытып отыр. Бірақ Қаби өздерінің есепшотына мұндай ақша түспегенін және оны дәлелдей алатынына сендірді.

Наурызбай Қаби

- Тауардың сатып алынғанын және жеткізілгенін растайтын құжаттарымыз бар, барлық тапсырыс берушіміз тауарды алғанын растайды, біз оларды шетелден әкелеміз, олар кедендік бақылаудан өтеді. Сондай-ақ бізде Мемлекеттік кірістер комитетінен электронды шот-фактуралар шынайы екендігі айтылған хат бар. Прокуратураға да арыз жаздық. Өзімнің кінәсіз екенімді енді қалай дәлелдей аламын? Соңғы қадамға барып, өзімді өртеп жіберуім керек пе?! - деді Қаби эмоциясына ерік беріп.

Сондай-ақ қабылдау барысында кәсіпкерлер прокурордан Мемлекеттік кірістер департаменті берген қол қойылмаған хабарламалардың заңдылығын, Ұлттық аккредиттеу орталығының аккредиттеу аттестатының күшін жою жөніндегі әрекеттерінің заңдылығын тексеруді сұрады.

Халидолла Дәуешов келіп түскен шағымдардың бәрін тексеріп, кәсіпкерлерге жауабын беруге уәде берді.

«Атамекен» ҰКП мен Бас прокуратураның өзара іс-қимыл жөніндегі Жол картасы аясында облыс прокуроры мен оның орынбасарлары кәсіпкерлерді проблемалық мәселелер бойынша Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында ай сайын жеке қабылдайтынын айта кеткен жөн.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі ұсынды

17 маусым 2022, 20:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.