Атырау, 10 қазан 15:37
 бұлттыВ Атырау +15
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

ЕҚЫҰ бақылаушылары Атыраудағы жұмыстарын бастады

3 379 просмотра

2011 жылғы мерзімінен бұрынғы президент сайлауын бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ миссиясы шақырылған бақылаушылар мен сарапшыларға мандаттар таратты. Олардың екеуі Атырауда екі аптадан бері бақылау жұмыстарын жүргізуде.

Миссия ел бойынша 28 ұзақ мерзімді бақылаушыларды бөлген, оның 15-і Астана мен Алматыда жұмыс істеуде. Ал сайлау күнінің қарсаңында ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқығы (ЕҚЫҚ/ДИАҚ) жөніндегі бюросының шақыруымен ұйымға қатысушы елдерден тағы 400 қысқа мерзімді бақылаушылар келмек. Олар сайлау учаскелерінің ашылуына, дауыс санын есептеуге және ел бойынша жалпы қорытындының белгіленуіне бақылау жасамақ.

Миссия таратқан баспасөз релизіне сәйкес, бақылаушылар, сондай-ақ, «саяси насихаттау процесін, сайлау заңнамасы мен оның заңды қолдануын, БАҚ-тардағы ахуалды, сайлау комиссиясы мен басқа да тиісті мемлекеттік құрылымдардың жұмысын, сондай-ақ сайлауға байланысты туындаған даулы жағдайларды шешу процесстерін мұқият тексеретін болады».

ЕҚЫҰ ПРИНЦИПТЕРІ: БӘРІ ДЕ ЕСТІГЕН, БІРАҚ ЕШКІМ БІЛМЕЙДІ

Әдетте ЕҚЫҰ (Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) бақылаушыларды ұйымдастыру мәселесінде «сырт көзбен» әділ баға беруге қабілетті, бедел ретінде сайлаушыларды сайлау процесін бақылауға шақырады. Релизде бақылаушылар процестің елдің сайлау заңнамасына, бастысы ЕҚЫҰ принциптеріне  сәйкестігіне бақылау жасайды деп жазылған. Соңғы бағдарды желіден іздестіргенімде, «ЕҚЫҰ принциптері» деген сөздерден өзге ештеңе де таппадым. Жоқ, әрине, мен мұны дүние жүзіндегі бейбітшілік пен жаһандық демократияға ұмтылу, адам құқығы мен азаматтық еркіндіктің сақталуы және жалпы ашықтық, заңдылық, жариялылық, сондай-ақ, жалпы демократиялық жетістіктер деген түсінік шығар деп жорамалдаймын. Алайда сарапшыларға деген журналистік тәуелділік салдарынан релизде көрсетілген Қазақстандағы ЕҚЫҰ Миссиясының медиа-сарапшысы Эльма ШЕХАЛИЧТІҢ телефон нөмірін теруге мәжбүр болдым. Мен Эльмадан ЕҚЫҰ-ның қандай принциптерге сүйенетіндігін қысқаша айтып беруін өтіндім.

- «ЕҚЫҰ принциптері» дегенде нені меңзеп отырсыз? – деп сұрады менен Эльма.

Жасырмай-ақ қояйын, мен тосылып қалдым. Мен бұл түсінбестікті аударманың қиындығынан шығар деп ойладым – біз аудармашы арқылы сөйлескен едік.

Мен ЕҚЫҰ/ДИАҚ таратқан баспасөз релизінде жазылған: «Миссия сайлаудың ЕҚЫҰ принциптеріне сәйкестігін бағалайды» дегенді айтып отырғанымды нақтыладым.

Сәлден соң Эльма түсінік беруге өкілетті емес екендігін, бірақ маған баспасөз релизін жібере алатындығын және ЕҚЫҰ веб-сайтына сілтеме бере алатынымды, сол жерден осы сұраққа жауап таба алатындығымды айтты... 

ЕҚЫҰ САЙЛАУДАН СОҢ МӘЛІМДЕУГЕ ӨКІЛЕТТІ

Жалпы,  «өкілеттілік шегіне» сілтеу қазіргі шақырылымдағы бақылаушылар мен сарапшылар арасында үрдіс алған секілді. Атырау мен Ақтаудағы сайлау процесін бақылау жұмысы жүктелген «біздің» ұзақ мерзімді бақылаушыларымыз Тетяна ПОЛИЯК-ГРУЙЧ (Украина) пен Оливиэй ВАХИТ ПОЛЭР (Франция) (суретте) редакцияға шақырғанымызға қуана келісті, алайда әңгімеміз үйлесе қоймады. Олар мандатпен шектеу қойылғандығын, белгілі бір мәселеге қатысты сұрақтарға жауап беруге өкілетті емес екендігін бірден ескерткен болатын. Осы белгілі бір тақырыптардың шегін білмедім бе, әлде жабық тақырыптардың шегі болмады ма, әйтеуір үйлеспеді...

- Қалай ЕҚЫҰ бақылаушысы болуға болады?

- Ұйымға қатысушы елдердің сыртқы істер министрліктері ЕҚЫҰ миссиясына өз өкілдерін жібереді.

- Бәлкім, өз тәжірибеңізбен бөлісерсіз, ЕҚЫҰ-на қалай келдіңіз, қалай бақылаушы болдыңыз?

- Дағдылар, тәжірибе болуы керек.

- Оларды қалай жинауға болады? Мәселен, сіз кәсіби бақылаушы болмас бұрын кім болдыңыз? Әлде белгілі бір білім алу қажет пе?

- Бұл құпия емес, бірақ біз бұл сұраққа жауап бергіміз келмейді.

- Мерзімінен бұрынғы президенттік сайлауға дайындалу үшін оларға үміткерлерге бір ай уақыт берді деуге болады. Қалай ойлайсыз, толыққанды дайындық жасап, сайлауалды насихат жүргізуге осы уақыт жеткілікті ме?

- Біз бұл сұраққа жауап бермейміз.

- Сіздің ұйымның нормаларына сәйкес, сайлау комитетінің құрамы көппартиялы болуы тиіс. Қазақстанда олар бір партиядан ұсынылатын болады деуге болады. Бұл ЕҚЫҰ нормаларына қарама-қайшы келмей ме?

- Бұл арнайы ақпарат, белгілі бір адамдардан сұраңыз.

- Қай елдерде сайлауды бақылау миссиясында болдыңыз, қанша сайлау процесіне бақылау жасадыңыз?

- Бұл да құпия емес, Қазақстан біздің тәжірибеміздегі бірінші ел емес, бірақ бұл тақырыпқа тереңдеп барғым келмейді. Бар болғаны, біздің тәжірибеміздің жеткілікті екенін айтқым келеді.

- Сіздер Қазақстанға бірінші рет келіп отырсыздар ма?

- Иә.

- Бәлкім, сіздерді сапарға дайындаған кезде, сіздер баратын ел туралы жеткілікті ақпарат берген шығар. Сіздердің түсініктеріңіз бен ақиқат сәйкес келді ме?

- Біз әңгімені тоқтатуға мәжбүрміз.

- Алайда бұл бейкүнә сұрақ қой!

- Біз білуге қажеттінің бәрін білеміз.

- Егер сіздерге, ЕҚЫҰ өкілдеріне Қазақстан азаматтары әлдебір фактілермен, мәлімдемелермен келер болса, олар қаперге алынып, сіздердің әрі қарайғы есептемелеріңізде көрсетіле ме?

- Біз әңгімелесу үшін, кездесу үшін әрдайым дайынбыз. Бірақ біз мұнда қадағалау үшін келген жоқпыз. Демократиялық институттар мен адам құқығын қорғау жөніндегі тұрақты бюро Астанада бар. Ол жерде басқа да тұрақты миссиялар бар, ал біз тек сайлауға ғана бақылау жасайтын уақытша миссиямыз. Сайлауға дейін барлық бақылаушылар үшін аралық екі есеп жасақталады да, ЕҚЫҰ сайттарында жарияланады. Ал сайлау өткен соң, келесі күні алдын ала жасалған есеп ілінетін болады. Сайлау қорытындылары бойынша ақырғы есепті ЕҚЫҰ жұртшылыққа 2 айдан соң ұсынады.

БІЗ ҚАПЫ ҚАЛҒАНДАЙМЫЗ!

Біздің редакциямызға ЕҚЫҰ бақылаушыларының аяқ басып отырғаны бірінші рет емес, алайда 2011 жылғы президент сайлауының бақылаушылары мен сарапшыларымен қарым-қатынас жасау тәжірибесі, шындығын айтқанда, көңілімде дық қалдырды. Уақыт бір орында тұрмайды, принциптер де өзгереді. Бәлкім, ашықтық тұжырымдамасы өзінің саяси үрдісін өзгертіп, ал біз одан қапы қалған шығармыз?!

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген В.Истомин

17 наурыз 2011, 13:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.