Атырау, 11 қазан 16:40
 ашықВ Атырау +12
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Бюджетке тұмсығыңды сұқпа

2 402 просмотра

«Бюджеттік талдау және экономикалық мониторинг орталығы» қоғамдық қоры мемлекеттік органдардың өкілдері мен депутаттардың қатысуымен болған «дөңгелек үстелде» әлеуметтік зерттеу нәтижелерін ұсынды. Олар бюджет процесіне жұртшылықтың қатысуы тақырыбында болған еді.  Атыраулық журналистер өз тәжірибелері арқылы бюджет туралы ақпараттың құпия боп табылатындығын айта алады. Мәселен, соңғы 10 жылда қаншама әрекет жасасақ та, мәслихат комиссиясынан бірде-бір рет бюджет жобасы туралы ақпаратты ала алмаған едік.

Қордың атқарушы директоры Ұлықбек ТІНӘЛИЕВТЫҢ айтуынша, зерттеу жұмыстары сауал қою әдісімен жүргізілген. Мәселен, 2011 жылы Атырау облысындағы «Жергілікті бюджеттің ашықтық индексі» жобасы аясында бюджет бағдарламаларын қалыптастыруға және мониторингіне жұртшылықтың қатысуы туралы сұрақтар, сонымен қатар мәслихаттың тұрақты комиссиясының бюджетті қарауға қатысты хаттамаларының қолжетімділігі туралы сұрақтар нөлдік баллға тең болған. Яғни, бүгінгі күні мұндай тәжірибе жоқ.

- Біз жергілікті мемлекеттік органдарға бюджетті талқылауға тұрақты негізде ҮЕҰ-дар мен белсенді азаматтарды тартуды ұсындық, - дейді Ұ. Тінәлиев. - Әдетте біздің шенеуніктер мұндай норманың жоқтығына сілтейді. Шынымен де Бюджеттік кодексте бюджетті бекіту кезінде жұртшылықты міндетті түрде тарту керек деп айтылмаған. Бірақ тыйым да жоқ. Шенеуніктер біздің ұсыныстарымызды қарауға уәде берді.

Әрине, қор ұсыныстарын аңғал және орындалмайтын ұсыныстар деп есептеуге болады. Бірақ тамшы тас теседі ғой. Содан соң азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысу құқығы бар екенін жария түрде жеткізу маңызды.

Қор сауалдары басқа да мәселелерге қатысты болды. Мәселен, қала тұрғындары мен қала маңындағы 9 селолық округ (Балықшы, Жұмыскер, Еркінқала, Дамбы, Атырау, Кеңөзек, Қайыршақты, Геолог және Ақсай) тұрғындарына жүргізілген сауалнама нәтижелері қызықты. Сауалнама 300 адамды қамтыды. Оның 20 сұрағы әлеуметтік-экономикалық сипатта қойылған.

- Біз социология саласындағы сарапшылардан сауалнама сұрақтарын құрастыруды өтіндік, - дейді Тінәлиев. – Бақылау көрнекілігі үшін жауап берушілердің жасы, әлеуметтік жағдайы және т.б. ескерілді. Нәтижесінде, біздің ойымызша, шынайы көрініс пайда болған секілді.

Мәселен, «өзіңіздің өмір сүру деңгейіңізді қалай бағалайсыз?» деген сұраққа 23 пайызы молшылықта, ауқатты тұрамыз, 49 пайызы – дәулетті емеспіз, бірақ өмір сүруге жетеді, 19 пайызы – айлықтан айлыққа жетіп, қиындықпен өмір сүрудеміз, 5 пайызы – ақша ең қажетті нәрселердің өзіне жетпейді, 2 пайызы – кедей тұрамыз деп жауап берген.

Сауалнама, сонымен қатар, халықтың ең алдымен «аса қажетті тауарлар мен коммуналдық қызметтер бағасының өсуіне», «еңбекақының төменгі деңгейіне», «балаларға арналған аула клубтарының, алаңдарының тапшылығына», «медициналық қызметтің қолжетімсіздігіне», «сыбайлас жемқорлыққа», «қолайсыз экологиялық ахуалға» алаңдаушылық білдіріп отырғанын анықтады.

Халықтың пікірінше, мұнай компаниялары жергілікті деңгейдегі әлеуметтік проблемаларды шешуге аз тартылған. Тұрғындардың 96 пайызынан астамы мұнай компанияларының халықтың қандай әлеуметтік мұқтаждықтарына ақшалар жұмсап жатқанын білмейді. Алайда осы мәселеден сәл ғана хабары бар тұрғындар көбінесе жағымсыз мысалдар келтіреді. Сонымен, зерттеу жұмысы аймақ халқының бюджетті қалыптастыру процесіне еш тартылмағандығын көрсетті. Сауал жүргізілген тұрғындардың 39 пайызы мұндай шешім қабылдау процестеріне қатысуға дайын. Бұл пайыз қала тұрғындарының арасында анағұрлым жоғары – 47 пайызды, ал селолық округтердің тұрғындары – 37 пайызды құрайды.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

7 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.