Атырау, 2 мамыр 04:56
 ашықВ Атырау +20
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Атырау – Астрахань: көрші ғана емес

1 786 просмотра

Жақында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік АЙДАРБЕКОВ бастаған Атырау делегациясының Астрахань облысына барған жұмыс сапарында бірлескен тауар айналымы, балық өсіру, денсаулық сақтау, Астрахань университеттерінде білім алу саласындағы ынтымақтастық және т.б. да мәселелер талқыланды.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 36 адамнан тұратын делегация құрамында кәсіпкер, мұнайшы, медицина саласының қызметкерлері, мемлекеттік орган өкілдері бар.

Сапар қорытындысы бойынша, атап айтқанда, Атыраудан дәрігерлерді Астрахань облысындағы емханаларға біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуға жіберу және керісінше, астрахандық дәрігерлерді Атырауға шеберлік сабақтарын өткізуге жіберу туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, Астрахань мемлекеттік медицина университетінде қазақстандық, бірінші кезекте атыраулық студенттердің білім алу мүмкіндігі талқыланды. Жалпы бүгінде Астрахань қаласында қазақстандық 1200-ге жуық студент білім алуда.

Сондай-ақ АМУ жанынан Астрахань мемлекеттік техникалық университетінің теңіз мамандықтары (мысалы, кеме жүргізуші және механик) бойынша кафедра ашу мүмкіндігі талқыланды. Рас, мұндай жағдайда түлектерге жұмысты қайдан табуға болады деген сұрақ туындайды. Кейін «жаңа» мамандарды қайда жіберерін білмей, бас ауыртпас үшін бұл туралы алдын ала ойлану керек. Айтпақшы, жақында танысыммен болған әңгіме есіме түсті. 2001 жылы Атырау агротехникалық колледжін «кеме жүргізуші» мамандығы бойынша бітірген, бірақ бұл салада жұмыс істеп көрмеген. «Бізді Каспий теңізінде тәжірибеге жіберген жоқ. Бұрын Маңғыстау облысындағы Баутино портына жіберген екен, бірақ мен студент болған кезде бұл тәжірибе жойылған. Ал Атырауда кеме жүргізушісіне сұраныс жоқ және ешқашан болған емес. Сондықтан дипломым пайдаға аспады», - деді танысым. Қазір ол таксист болып жүр.

МӘЖІЛІС – АЙ САЙЫН

Іссапарға оралайық. Астрахань облысының губернаторы Игорь БАБУШКИНМЕН кездесу барысында бұрын жоспарланған сауда-логистикалық орталық немесе екі облыс кәсіпкерлері арасындағы шекаралық ынтымақтастық орталығын салу жайы сөз болды.

- Екі жыл пандемия және шекаралардың жабылуы жағдайды өзгертті, бірақ құрылыс мәселесі жабылған жоқ, талқыланып, пысықталып, әрі қарай да жұмыс жасалады, - деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мемлекеттік органдар деңгейінде өзара тығыз қарым-қатынас жасау үшін Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары мен Астрахань облысы Үкіметі төрағасының қатысуымен онлайн-конференция режимінде ай сайын жұмыс тәртібінде әртүрлі салаларда туындаған мәселелерді шешу мақсатында мәжіліс өткізу жоспарланған.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларында Атырау облысының Ресей Федерациясымен тауар айналымы 84,6 млн АҚШ долларын құрады (өсім 7,6%). Ал өткен жыл ішінде карантин шектеулеріне қарамастан тауар айналымы 400 миллион доллардан асты (2020 жылмен салыстырғанда 22%-ға көп).

 

АЛ ЕНДІ БІЗГЕ КЕЛІҢІЗДЕР

 «Екі күндік сапар барысында атыраулық делегация ондаған кәсіпорын мен шаруа қожалықтарын аралады. Мысалы, Приволжский ауданында 50 гектар аумақты алып жатқан Килинчин бақтарында болдық. 2013 жылдан бері бұл жерде қызыл шие, өрік, қара өрік, балшырын, шабдалы және алма өсіріледі. Ал Атырау облысының екі шаруа қожалығы астрахандық шаруалармен ынтымақтасуға дайын екенін білдірді. Түрлі бағытты кеңінен қамту үшін атыраулық делегация алты топқа бөлінді, олар сапар барысында өз бағыттары бойынша астрахандық әріптестермен жұмыс жасады. Мәселен, Серік Айдарбеков бастаған топтың өзі екі күннің ішінде тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарын, жиһаз өндірісін, өнеркәсіптік балық аулау құралдарын дайындайтын нысандарды, кеме жасайтын зауытты, барлығы он бір нысанды аралады. Жиналған барлық материал сарапталып, жан-жақты зерттеліп, жүйеленіп, солардың негізінде алдағы уақытта жұмыстар жасалатын болады», - деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Тауарлық балық өсірудегі ынтымақтастық мәселесі де сөз болды. Делегация тауарлық балықтарды тоғандарда және торларда өсіретін шаруа қожалығына барды. Атап айтқанда, жалпы көлемі 4 мың гектардан астам бұрынғы күріш алқаптары тауарлық балықты өсіру үшін пайдаланылатын жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Содан кейін егістіктер құрғатылып, жеміс-көкөніс өнімдерін арамшөпсіз топырақта өсіреді және балық нәжісімен тыңайтылады. Бұл жоба атыраулық шаруалардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Өз кезегінде астрахандық кәсіпкерлер облысымыздың сауда-экономикалық әлеуетімен танысып, жақын арада «Ұлттық индустриялық мұнайхимия технопаркі» АЭА-ға бармақшы.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

6 маусым 2022, 15:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.