Атырау, 24 желтоқсан 05:06
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Отардағы сарбаздың өлімі: күдіктінің отбасы аштық жариялады

Сурет
2 003 просмотра

Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі сарбаздың өліміне күдікті ретінде ұсталған Айболат Аманжоловтың туыстары аштық жариялады.

Айболат Аманжолов қамауға алынғаннан кейін ата-анасы онымен кездесе алмаған.

Ата-анасы алты баласын ертіп Атырау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті алдына жиналды. Олардың айтуынша, ұлдарын ешкімге айтпастан Қордай аудандық полиция бөлімінен Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстырып жіберген.

Ұлымды ешкімге айтпастан Алматыдағы тергеу изоляторына ауыстырып жіберген. Тіпті қорғаушысы да білмеген. Енді ұлымыздың өлі-тірі екенін білмейміз. Қысым жасалып жатқан болар, оны да білмей отырмыз. Заңды өкілдерімен кездестермесе, демек, бұл істе бір гәп бар! – дейді сарбаздың анасы Айнұр Төлемісова көзіне жас алып.

Айнұр Төлемісованың айтуынша, ұлымен бірге әскерге барғандар ант қабылдап, қазір әскери борыштарын өтеуге кіріскен.

Сарбаздың анасы Айболаттың қасындағы сарбаздар оның жазықсыз екенін айтқанымен, енді куәгерлік сөздерін өзгертуі мүмкін деп қорқып отыр.


Олар ант қабылдағаннан кейін, басшылық тарапынан қысым болуы мүмкін. Ұлым тергеу изоляторында отыр. Қасына бұрын қылмыс істеп, 10 жыл түрмеге отырып шыққан адамды отырғызған. Ол ұлыма қылмысты мойнына алуға кеңес берген. Демек, ол да әскери тергеушілердің адамы, - дейді ана.

Сарбаздың аштық жариялаған ата-анасы, зейнетке шыққан әжесі мен бауырлары Айболатты Атырауға алып келмейінше, департаменттің алдынан кетпейтінін айтты.

- Қылмыстық іс туралы жақ ашпай отыр. Ұлым әлі әскери адам емес, демек, оны Атыраудағы тергеу изоляторына ауыстыруға болады. Оны алып келсе ғана, аштықты тоқтатамыз, - дейді Айнұр Төлемісова.

Атырау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ержан Жұмановтың айтуынша, Айболат Аманжолов барлық медициналық, психологиялық сынақтардан сәтті өткен.

- Бізден оның жеке ісін сұратты. Қолымызда бар құжаттарды жібердік. Ол медициналық, психологиялық сынақтардан жақсы өтті. Полиция есебінде тұрмаған. Қазір іс тергеліп жатыр, - деді Ержан Жұманов.

Белсенді Лунара Максутованың айтуынша, бұл істе үш күдікті бар. Бірақ Ержан Жұманов ол туралы білмейтінін айтты, ал сарбаздың отбасы бұл ақпаратты растап отыр. Аштық жалғасып жатыр. 

Фархат АБИЛОВ

Суретті түсірген автор

3 маусым 2022, 10:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.