Құрманғазылық Шәміл ӨМІРЖАНОВА әже жуырда 102-ге келген жасын ағайын-тума, бала-шағасының арасында атап өтті.
Шәміл әже осы Құрманғазы ауданы «Ботақан» елді мекенінде 1920 жылы дүниеге келген. Елдегі жоқшылық пен тапшылықты көрген ол ауылдың тұрмысын бір кісідей игеріп, өзеннен су тасып, от жағып, сиыр сауған күнделікті шаруаларды анасына жәрдемдесе жүріп жасайтын. Бой жетіп, қыз бола бастағаннан-ақ өндірдей көрікті қызға көзі түскендер көп болды. Ол 1940 жылы 18 жасында тұрмысқа шығады. Қызын ұзатып алып кетерде, сол отбасыға тастай батып, судай сіңіп кетуді шешесі шегелеп тапсырған болатын.
- Ол кезде жас келіндерде сөз таластыру, еріншектік деген атымен жоқ, барға да, жоққа да көндігіп, үлкендердің бабын тауып, шаңырақты шайқалтпай, ауылдың ізетті келіні болуға тырысатынбыз, - деп есіне алады Шәміл әже.
Бір ұл, бір қызды дүниеге әкелген бақытты отбасының шырқын Ұлы Отан соғысы бұзды. Отағасы көппен бірге елді қорғауға майданға аттанып, 1942 жылы оған «қара қағаз» келеді. Шиеттей балаларымен қалған жас жесір сонда да үмітін үзбей, оны күткен еді. Өзі күні-түні теміржол құрылысында еңбек етті.
- Енемнің өмірі қиындыққа толы болса да, жігерін жасытпаған жан. Ауыр жұмыстарда жүрсе де, қолы қалт еткенде соғысқа кеткен ерлерге арнап, қолғап, нәски тоқитын едік деп бізге айтып отырады. Нан жоқ, 200 грамм бидайды талғажау етіп, балаларын аш қалдырмаудың амалын жасайды екен, - дейді келіні Мария ӨМІРЖАНОВА.
...Соғыс біткеннен кейін жастай жесір атанған Шәмілге анасы мен інісі рұқсат беріп, екінші рет тұрмысқа шығады. Тағдыр оған Қалам ӨМІРЖАНОВТЫ кезіктіреді. Екеуі жарасты ғұмыр кешіп, дүниеге жеті бала әкеледі. Шәміл әже өте еңбекқор болды, ауылда мал бағып, балық аулап, егін еккен. 1989 жылы Қалам дүниеден озды. Жалпы тоғыз құрсақ көтергенімен бүгінде бір ұл, бір қызынан басқасы дүниеден өткен. Жеті бірдей баласы мен сүйікті інісін жер қойнына тапсыру Шәміл әжеге оңай тиген жоқ. Көз жасын көл еткеннен басқа амалы жоқ-тын.
- Мен 1986 жылы Төлегенге тұрмысқа шығып, енемді өз қолымнан бағып, күтіп келемін. Өзім жұмыста болғанда немерелері қарайды. Енем жылай-жылай көз жанарынан айрылғанына жиырма жылдай болып қалды. Бірақ құлағы жақсы естиді, көкірегі сайрап тұр, өмірде көргенін немерелеріне айтып отырады. Әлі де тың, «тыл ардагері» ретінде жыл сайын Жеңіс күнінде елеп отырады. Сәуірде 102-ге келген жасын шаңырақта ағайын-тума, құда-жегжат, көрші-көлеммен атап өттік. Аудан әкімі Марат Мурзиев өзі арнайы келіп, құттықтап кетті, - дейді келіні Мария.
Шәміл әжей өздігінен жүре алмаса да, немерелері оны қоларбаға салып алып, бөлмеден бөлмеге тасып жүргені.
- Біздің көрген қиындығымызды ұрпағымыз басынан өткермесе деп тілеймін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, отбастарыңнан құт-береке кетпесін. Шаңырақтар шайқалмасын! - деп тілек айтты Шәміл әжей соңында.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен бейнежазбаны туыстары ұсынды