Атырау, 5 қазан 12:21
 ашықВ Атырау +15
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Сахнада жүргеніне - 33 жыл

6 534 просмотра

Атыраулық әнші-сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Елемес МАҒАЗОВ (суретте) мамыр айында Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында өзінің есеп беру концертін өткізуді жоспарлап отыр.  

-Менің ән кешіме Алматыдан сатирик досым Көпен ӘМІРБЕКОВ, әнші Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА мен атыраулық әнші-сазгерлер де қатысады, - дейді Е. Мағазов.

Бүгінде батыстың дәстүрлі ән мектебі, соның ішінде Мұхит, Ғарифолла мақамдарының ізін жалғап жүрген әнші сахна төріндегі 32 жыл ішінде 204 ән орындапты. Ал сазгер Мағазов осы уақытқа дейін дәстүрлі ән әуендеріне арнап 27, эстрадаға арнап 39 ән жазған.

Елемес аға ақын Жұмекен Нәжімеденовтің балалық шағы өткен Қошалақтан 40 шақырым арқаға қарай кететін Ақжонас құмындатуып-өскен. Атыраудағы ауылшаруашылық техникумын мал дәрігері мамандығы бойынша бітірген соң Алматыдағы Ғарифолла Құрманғалиев класынан 6 ай бойына сырттай сабақ алады. Үлкен сайыстарда, соның ішінде облыстық, республикалық жұлдызы жанған әншіге Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияға әнші болуға ұсыныстар түседі. Сөйтіп, әнші 33 жылдан бері осы өнер ордасында қызмет жасап келеді.  

- Бойыңыздағы өнер неше жасыңызда байқалды?

- Мен Құрманғазы ауданы, Орлы селосының Қошалақ селолық советінде дүниеге келдім. Менің өнерпаз болатынымды анам мен туыстарым 3 жасымда біліпті. Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің туған апасы Мүлік апайдың қызы Маржан күй тартқан кезде теңселіп билеп отырады екенмін. 5 жасымда Ғарифолла ағаның әндерін айтып отыратыным еміс-еміс есімде. Патефон арқылы балаң дауыспен айтып жүрдім. Әкемнің қоңыр үні бар. Ал анам Дәметкен халық әндерін тамылжыта айтатын әнші болатын. 

- Ән қалай туады?

- Ән жазуға менің өмірімдегі түрлі жағдайлар түрткі болады. Ауруханада жатқан кезде дәрігер қыздың мейірбан көңілі мен адал қызметінің арқасында ауруымнан айығып шыққаным бар. Сол аруға арнап «Ақ халатты еркем-ай» әнін жаздым. Жақын жолдасымның әйелі айықпас дертке ұшырап, емі Жапонияда ғана болды. Ұзақ айлар бойына ауруынан сауығып, елге оралған соң «қайран, менің өз үйім, отбасым, ошақ басым-ай» деп сағыныштан егілген екен. Сол сәтте досым маған осы көрініске арнап әдемі дүние жазуымды сұрады. Осылайша дүниеге «Асыл жарым» әні келді (әуені мен сөзін Е. Мағазов жазған).

- Шөмішбай Сариев, Бәкір Тәжібаев, Ибрагим Иса сияқты танымал ақындардың сөзіне ән жазасыз. Авторлық құқық үшін талас-тартыс болды ма?

-Бұдан 20 жыл бұрын «Қазақтың жігіттері-ай» сөзіне аты-жөні есімде жоқ бір сазгер ән шығарды.  Ол ән халық жадында қалмады, 5 жыл ішінде ұмытылып қалды. Сөзі маған ұнап жүрді. Ұзамай бұл өлеңге өзімнің жүрегімнен шығарып басқа әуен жаздым. Алайда халық құлағына жетпей жатып «мұның не» деп сын айтушылар көбейді. Бірақ ән тез тарап, тез қабылданды. 

- Өңірімізде өнер адамы ретінде қолдауды қаншалықты деңгейде сезініп жүрсіз?

- Шыны керек, біздің өңірде әншілерге деген қолдау жоқтың қасы. Тіпті, сахнадан алып тастайды. Қызғаныш па, не екенін түсінбеймін. Іштей қайралдым. Мені қолдамайды деудің де қажеті жоқ. Шүкір. Даусым да өз деңгейіңде. Жасың үлкейді дегенді алға тартады. Кішігірім орталарға ғана шақырып, үлкен концерттерге шақырмай қалады. Бәрінің бір дәлелі бар – «жастар шықсын» деген. Менің ойымша, бұл өнер адамын моральды қорлау, тірілей өлтіру деп білемін. Сахнаға неге шықпай жүрсің, көрінбей кеттің деп іздеушілерім бар. Тіпті, біреулер өмірден өтіп кетті деп те ойлайды екен. Ал жалпы менің тыңдармандарымның жасы 30-дан басталып, 40, 50, 60, одан жоғары жастағы адамдар.

Әңгіме соңында Елемес аға жақсы жаңалығымен бөлісті. Жазушы Лұқпан Сисекенов оның шығармашылығы жайлы кітап жазып жатыр екен.

Айтолқын ҚҰЛШАРОВА  

Суреттер Елемес Мағазовтың жеке мұрағатынан алынды.

28 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.