Белгілі суретші, сәнгер Гүлмаржан МАХАМБЕТ (суретте) жуырда «Қазақстан-Атырау» телеарнасы-нан ресейлік «Сән үкімі» үлгісімен түсірілетін телебағдарламаны жүргізуге ұсыныс алды.
- Телебағдарлама форматы қандай болмақ?
- Атырау облыстық телеарнасынан жаңа телебағдарламаға жүргізуші болуға ұсыныс келіп түсті. Бұл туралы мен 4 наурызда университет студенттерімен болатын кездесуде кеңінен талқылап, осы жұмысқа жастарды тартуды ойластырып отырмын. Бізде ізімізді қуып келе жатқан талантты балалар өте көп қой. Сондықтан, әзірге бұл жоба туралы көп ештеңе айта алмаймын. Бірақ, біздің ойымыз жүзеге асады деп ойлаймын.
- Сіз осыдан бір-екі жыл бұрын Атыраудан үлкен сән театрын ашуды жоспарлап едіңіз. Оның жайы қазір не болды?
- Атырауда үлкен сән театрын, сән орталығын ашу - менің келешекке жоспарлап отырған үлкен арманым. Егер осыны жүзеге асырсақ, талантты жастарды жұмысқа тартамыз. Егер біз ұлттық өнерімізді ұмыт қалдырмай, дамытамыз десек, осындай кәсіби орталықтың болғаны қажет. Өз білгенімді, түйгенімді жастарға үйретіп, тәжірибеммен бөліскім келеді. Қолынан іс келетін жастардың көбі қазір күнкөріс қамымен базардағы бутиктерде шалбардың балағын қысқартып ақша тауып жүр. Әрине, ол да керек. Бірақ ол жерде өнер дамымайды, шығармашылық даму ақсайды. Сондықтан осы ой мені көптен мазалап жүр.
Егер осы орталық ашылып, жұмыс жасаса, шетелдіктерге біздің елдің тарихымен, ұлттық қолөнерімен танысуға үлкен мүмкіндік туар еді. Себебі, қаладағы көптеген шетел азаматтары мәселен, театрға аударма болмағандықтан келе алмайтындықтарын немесе нағыз қолдан жасалған кәдесыйларға, ескерткіш сыйлықтарға қолдары жетпейтіндіктерін айтады.
- Менің білуімше, біздің қаладағы модельер үшін жақсы матаны сатып алу проблема болып қала беруде...
- Иә, бұл бізде проблема. Шыны керек, матаны біз көбіне шетелден алдыртамыз, ал бұл қымбат. Бұрын базардан өзбек ұлтының өкілдері сатып тұрған маталарын алуға болатын еді. Соңғы кезде оларды да кездестірмейтін болдық. Сән орталығын осы проблемалардың да шешімін табу үшін ашқалы отырмын.
МАРАПАТТАР
Гүлмаржан апай қазақтың қолданбалы өнері мен ұлттық киім үлгілерінің 150-ден астам түрін тігіп, жинақтаған. Оның шеберханасынан шыққан ұлттық киім үлгілері Эстонияның Таллин қаласында өткен халықаралық «Max Moda-2007» фестивалінде Гран При жүлдесіне, Беларусьтің Минск қаласында өткен «Двина» халықаралық сән театрларының конкурсында бірінші дәрежелі жүлдеге ие болды. Былтыр ғана Астрахан қаласында 4-ші рет Ресей Мәдениет министрлігінің қолдауымен өткізілген «Дельта Волги без границ» халықаралық этноәлеуметтік жобасында және жыл аяғында Мәскеуде өткен «ТМД елдері халықтары ұлттық киімдерін зерттеу және қорғауға
арналған Халықаралық форумда» қазақтың ежелгі ұлттық киімдерінің ежелден бастап бүгінгіге дейінгі түрлерін халыққа көрсеткен еңбегі үлкен марапаттарға ие болды.
- Астрахан қаласында біздің ұжым қазақ халқының сақ дәуірінен қазіргі кезге дейінгі ұлттық киімдерінің үлгілерін көрермендерге ерекше ықыласпен таныстыра білді. Сол кезде Астрахан облысының Мәдениет министрінің: «Мына керемет тігілген ұлттық киімдерді көріп, біздің қазақ болғымыз келді» деген бір ауыз сөзі маған, менің жұмысыма берілген үлкен баға болды, - дейді Гүлмаржан апай.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА