Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы республикалық бюджет қаражатының пайдалануына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша жауап берді.
Басқарманың мәліметінше, аудит кезінде 2020 жылдың наурыз-қазан айы аралығында пандемия кезінде жұмыс жасаған аудандық мобильді топ қызметкерлеріне үстемеақының заңсыз төленгені анықталған. Яғни, «тәуекел тобына» сай келмеген.
Барлық аудандық аурухана бойынша барлығы 105,8 млн теңге заңсыз төленген. Соның ішінде Мақат ауданында – 1,4 млн, Исатай ауданында – 2,1 млн, Жылыой ауданында – 13,1 млн, Құрманғазы ауданында – 25,1 млн, Махамбет ауданында – 7 млн, Индер ауданында – 16,8 млн, Қызылқоға ауданында – 40,3 млн теңге.
- Қазіргі уақытта Исатай, Мақат және Жылыой аудандық ауруханасына негізсіз төленген қаражат сомалары бюджетке кері қайтарылды. Құрманғазы аудандық ауруханасы сәуір айының соңына дейін қайтаруға жұмыстануда. Қызылқоға, Махамбет, Индер аудандық ауруханалары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына дәлел құжаттар жолдады. Қазіргі уақытта сот шешімін күтіп отыр, - дейді басқармадағылар.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 5 сәуірдегі хатына сәйкес, ақшаларды қайтару мерзімі 15 маусымға дейін ұзартылған.
Айнұр САПАРОВА