Осыдан төрт жыл бұрын көп балалы ана Нұрайна Келімбетова жақын арада өзінің жеке дүкенін, шеберханасын ашамын, ақша тауып қана қоймай, басқа да әйелдерді жұмыспен қамтамасыз етемін деп тіптен де ойламаған.
- Ісмерлікпен әркез әуес болдым, тіпті үйде балалармен отырған кезде де анама, туыстарыма көйлек тігетінмін. Ал, «Ынтымақ» ұйымдастырған курсқа қатысқаннан кейін қанаттанғаным соншалықты бір орында отыра алмадым. Тігін цехынан жұмыс тауып, басқа әйелдерге көмектесуді ұйғардым. Жұмыс істей жүріп, оларға сабақ бере бастадым. Бірде неге біреудің қол астында жұмыс істеуім керек деген ой келді. Сөйтіп, жеке кәсібімді ашуды ұйғардым да, Құлсарыдағы базардан бір дүкенді жалға алып, перделер тігетін цех аштым. Кейін өндірісімді кеңейтіп, кәсіпорындарға, ұйымдарға жұмыс киімдерін тігіп, жеке тігіншілікпен айналысып кеттім. Шәкірттерімнің ризалықтарын оттай жанған көздерінен көргенде кеудемді қуаныш кернейді. Бүгінде олардың көпшілігі, тіптен барлығы дерлік, өз істерін бастап та кетті, менімен жиі хабарласып, жетістіктерімен бөлісіп тұрады. Біз өзара бәсекелес емеспіз, қайта бір-бірімізді қолдап, өзімізді қанаттандырып отырамыз. Жуырда сәбилі болатыныма байланысты белсенділігімді сәл төмендеттім. Бірақ жүктілік демалысынан кейін, жаңа бағыт - «қыз жасауын тігуді» меңгеруді жоспарлап отырмын. Әр атқан таңымның өзі бақыт, өз жұмысымды тапқаныма және болашаққа сеніммен қарай алатыныма қуанамын. Сүйікті кәсібім арқылы әрқашан табыс таба алатынымды білетіндіктен, карантин сияқты басқа да қиыншылықтардан еш қорықпаймын, - дейді Нұрайна.
Күйеуі мен балалары оның кәсіпкерлігін қолдайды. 16 жастағы үлкен қызы да тігін тігумен айналысады, ал ұлы тауарларды, перделік маталардың ауыр орамдарын қабылдауға, оны қажетті ұзындыққа кесуге көмектеседі.
«Ынтымақ» еріктілері әйелдерді пішу және тігін курстарында ғана емес, кондитерлік бизнеске де оқытты. Солардың бірі-өз кәсібін ашқан Гүлжан Асауова.
– 2020 жылы «Ынтымақ» ұйымдастырған кондитерлік курстарға қатысып, оқудан өттім. Қазір торт пісіріп, шеберлік сабақтарын өткіземін, кәсібімді инстаграм арқылы жарнамалаймын. Осылайша хоббиім маған табыс әкеле бастады, өз қабілетімді жүзеге асыруға, әрі қарай дамуыма мүмкіндік берді. Баласы бар әйелдер үшін бұл өте қолайлы, - дейді Гүлжан Асауова.
Осы курстардың барлығын Құлсары қаласындағы «Ынтымақ» ҮЕҰ еріктілері тіптен тегін ұйымдастырды. Ал, жоба үйлестірушісі Әйгерім Дәулетова туралы айтатын болсақ, оның хикаясы өз алдына бөлек әңгіме. Оқушы кезінде ол еріктілер бағдарламасына қатысып, жастар идеялары банкінің президенті болды. Олар концерттер ұйымдастырып, түскен қаражаттың барлығын аз қамтылған отбасы балаларына оқу құралдарын сатып алуға жіберді. Басқаларға көмектессем деген ниет Әйгерімді «Ынтымаққа» әкелді. Қазір олардың тату ұжымы қамқор жандарды өз қатарына қабылдап, айналасын жақсартуға ұмтылатын адамдарға қуана көмектесуде.
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІКТЕР АУҚЫМЫ КЕҢЕЮДЕ
Жаңа Қаратон ауылында шамамен 9 мыңдай тұрғын тұрады. Амандық Қуатовтың отбасы осында 2000 жылдары көшіп келді. Содан бері олар Ақ Отау, Болашақ, Ұлан көшелеріне жарықтың жүргізілуін күтумен болды. Тұрғындар әкімдікке бірнеше рет барып, осы жайды қайталап айтса да, еститіндері - «көп қаржы мен күш керек, сондықтан әлі де күтуге тура келеді». Осылайша арада 20 жыл өтті, балалар мектептен қараңғыда қайтуды жалғастыра берді. Бұған қоса, көшелер асфальтталмаған, жауын-шашын кезінде балалар үйіне балшыққа былғанып келеді, тіпті көліктер де балшыққа батып жатады.
– Әпкем 2020 жылы «Қоғамдық кеңістіктер» жобасына қатысып, мәселемді грант арқылы шешуге кеңес берді. Бюджет 1,5 миллион теңгемен шектелді, бірақ аз бюджетпен де ұмтылыс болса небір ғажайыптар жасауға болады екен. Біз WhatsApp желісінде осы үш көшенің бойында тұратын тұрғындар тобын құрдық. Бірлесе отырып, мынандай шешімге келдік: электр қуатын тарту қымбат болғандықтан, балама жолдарды және автономды күн сәулелік батареяларымен жұмыс істейтін шамдарды іздеуді ұйғардық. Қамтушыларды Алматы қаласынан таптық. Олар қоғамдық жобаны қолға алып жатқанымызды естіп, жақсы жеңілдік жасады. Шамдар қозғалыс сенсорларымен жабдықталған, қыс мезгілінде қараңғы уақытта жартылай жанып тұрады, ал жақындағанда жарқырай түседі. Шамдардың арасы 50 метр, осылайша біз 2 шақырымдай жерге жарық жүргіздік. Күн сәулелік батареялардың қарапайым шамдардан айырмашылығы-ұзағырақ қызмет көрсетуінде.Бір жылдан асты, ақаусыз жұмыс істеп тұр. Шамдар экологиялық тұрғыда таза және энергияны үнемдейді. Жобамыз «Жарқыра» деп аталады, ал тұрғындар оны «Амандықтың жарығы» дейді. Келісемін, жанға жағымды, – деп күледі Амандық Қуанов
Бір сөзбен айтқанда, «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы айналамыздағы өзгерістер мен ішкі трансформация өзара байланысты екенін айқын көрсетті. Аула, мөлтекаудан, ауыл, қала үшін жауапкершілікті өз мойнына алған адамдар шын мәнінде бәрін өзгерте алатынын, ал әкімдіктің билік органы ғана емес, табысты ынтымақтастықта тиімді серіктес екенін түсінетін болды. Белсенділердің жинақтаған тәжірибесі оларға әрі қарай жергілікті атқарушы органдардың жүйелі есеп беруіне және сапалы өзгерістерге қол жеткізуіне көмектеседі.
«Қоғамдық кеңістіктер» Жылыой ауданындағы ауылдардың кіреберістері мен үйлердің іргелес аумақтарын абаттандырудан басталып, бірте-бірте кеңейіп, аллеялар мен алаңдарға, спорт және ойын алаңдарына «шыға бастады».
Жоба қолға алынғаннан бергі уақытта Маңғыстау облысында және Атырау облысының Жылыой ауданында ондаған шағын жоба жүзеге асырылды. Ең бастысы, мыңдаған тұрғын өздерінің туыстарын, көршілерін және үкімет өкілдерін жобаға тартудың жаңа дағдыларына ие болды және сауатты көзқараспен, нақты жоспарлау және қатаң есеп беру арқылы кез келген өзгерістер мүмкін екеніне сене бастады.
Бұл жобалардың барлығы да «Теңізшевройлдың» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды. Осылайша, компания адамдарға өмір сапасын жақсартуға көмектесуге ұмтылуда.