Атырау, 2 мамыр 23:16
 ашықВ Атырау +19
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Көктемгі егіс науқаны басталды

Бейнежазба
970 просмотра

Биыл облыс бойынша 9616 гектарға түрлі ауылшаруашылығы дақылдары егілмекші. Бұл 2021 жылға қарағанда 147 гектарға артық. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, жалпы егіс көлемі жылдан-жылға өсіп отыр.

Бүгінде дала диқандары көктемгі егіс қамына кірісіп кеткен. «Көктемнің әр күні-жылға азық» деген ұстаныммен топырақтың ылғалдылығы кеткесін-ақ егістік алқапты қоршау, жер жырту, су жүйелерін қалыпқа келтіру, көшет отырғызу сияқты қым-қуыт жұмыстармен айналысуда. Көктемгі дала жұмыстарына 353 ауылшаруашылығы құрылымдары мен 780 техника қатысады деген есеп жасалып отыр. Жалпы облыс бойынша 450 трактор, 330 ауыл шаруашылық техникалары мен су сораптары дайын тұр. Биыл 16 шауашылықты қамтуға квота бойынша 394 шетел азаматы (негізінен Өзбекстан азаматы) тартылады.

- Биыл шаруа қожалықтары 1200 тонна минералдық тыңайтқыштар сатып алмақшы, қазір 164 тоннасы жеткізілді. Шаруашылық иелерінің сұраныстары бойынша бірінші кезекте аммиак селитрасының 335 тоннасы «ҚазАзот» мекемесі арқылы жеткізіліп отыр. Бюджеттік бағдарламалар ережесіне сәйкес тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға облыс әкімдігінің қаулысы дайындалуда, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Амангелді САЛАМАТ.

Шаруашылықтарға көмек ретінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген бағамен 600 тонна дизель отыны бөлінген. Биыл су үнемдеу технологиясымен жұмыс жасауға шаруашылық құрылымдары зор ынта білдіріп отыр. Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен егістік алқаптардың көлемі 112 пайызға ұлғайтылды. Жалпы облыста алқаптарға су жеткізетін 14 суару-суландыру жүйесі науқандық жұмыстарға дайын. 7 суару-суландыру жүйесі арқылы су беруді бастап та кетті. Су 8 ауыл каналдарынан: Нарын, Сарыөзек, Бағырлай, Сборный, Құрсай, Алғабас-Жорық, Бақсай, Кобяково-Забурыннан жіберіліп отыр.

Егін шаруашылығындағы 4 бюджеттік субсидиялау бағдарламаларына жергілікті бюджеттен 315,9 млн теңге қаржы бөлінді. Ол ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметі шығындарының, тыңайтқыш, пестицидтердің құнын, тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға жұмсалды.

- Егін саласындағы басты проблема - қосымша адам күшінің жетіспеушілігі. Биыл 1271 шетелдікке сұраныс берілгенімен, квота 394 шетелдікке бөлінді. Былтыр квота саны 600 адам болған. Окінішке орай, жылдан-жылға квота саны қысқарып келеді. Ал егін жұмысына жергілікті адамдар көп келмейді, - дейді А. Саламат.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бейнежазбаны түсірген автор

11 сәуір 2022, 16:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.