Атырау, 21 мамыр 18:46
 ашықВ Атырау +13
$ 443.72
€ 482.28
₽ 4.90

Аудандарда мал неден қырылып жатыр?

Сурет Бейнежазба
2 379 просмотра

Атырау облысының Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай, Махамбет аудандарында төрт түлікке зауал келді. Себебі әзірге анықталмай жатыр.

Облыстық ветеринариялық басқарма «АЖ» тілшісіне басшылықтың Құрманғазы ауданында іссапарда жүргенін, басшылықсыз ешқандай ақпарат бере алмайтынын айтты. Тек малдың жаппай өліп жатқанын жоққа шығарып, бірен-саран малдың ауырып тұрғанын жеткізді.

Исатай аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Аманжол РАХМЕТОВ:

- Аққыстау ауылдық округі тұрғындарының хабарлауы бойынша, теңіз жағалауын жайлаған жылқы малының артқы аяқтарын баса алмай, үйірлерінен қалып қойғаны анықталып отыр. Қалыптасқан жағдайға байланысты мал иелеріне олардың суатын үнемі бақылауға алу жөнінде кеңес берілуде. Қазіргі уақытта екі иеліктегі 4 бас жылқы малына жергілікті ветеринар мамандар симтоматикалық емдеу жүргізуде. Малдардың күйі төмен, көтерем. Малдан қан сынамалары алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға, Ұлттық ветеринария референттік орталығына жолданды.

Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Н. ҚАЛИЕВ:

- Ақкөл және Құрманғазы округіндегі оншақты жылқы ауырғанымен неозидин, глюкоза, А, В, С дәрумендерімен емдеп жатыр. Олардың бәрі ветеринарлардың бақылауында. Жалпы ахуал тұрақты.

Ал Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Айдулат КЕНЖЕБЕКОВ  ауданда 809 қой мен мүйізді ірі қараның ринотрахеит және вирустық диареядан ауырып жазылғанын, мал өлімі жоқтығын айтты. Жергілікті ветеринарлар жылқының үстінде кененің көп болуынан және малдың күйінің төмендігінен ауырып жатқанын, ал «Атырау-Шопан ата» чатында әкімдер дүрбелеңге салатындай жағдай жоқ екендігін айтқан болатын. Бүгінде жағдай қалай?

«МАЛДЫҢ НЕДЕН ӨЛІП ЖАТҚАНЫН БІЛМЕЙМІЗ»

Қызылқоға ауданындағы «Ойтаң» ШҚ-да белгісіз аурудан 200-ден астам қой, 10 бас сиыр өлген. ШҚ мүшесі Айбар ЕРЕКЕШОВТЫҢ түсірген бейнежазбасында өлген малдың тау-тау болып үйіліп жатқанын көруге болады.

- Мал өлімі ақпанның ортасында басталды, одан бері бір жарым ай өтті. Мал өлімі әлі тоқтаған жоқ, күнде өледі. Аузы көбіктеніп, мұрнынан боқ ағып, азыққа қарамай жатып қалады. Не ауру екенін біле алмай отырмын. 25 ақпанда облыс орталығында өткен жиналыста мінберде тұрып, малдың ауырып өліп жатқанын айтып, комиссия жібертіп тексеруін өтінгенмін, ешкім келмеді. Тек 26 наурыз күні келіп, акт жасап, ауырған және өлген малдың қаны мен ішек-қарын сынамасын алып кетті, - дейді А. Ерекешов.

- Наурыз айында менен он бас жылқы өлді. Артқы аяқтарын баса алмай жатып қалады да тұрмайды. Қоңдары жақсы еді. Бұл не ауру екенін білмедім. Осыдан үш күн бұрын қан сынамасын алып кетті. Қашан қорытындысы шығатынын білмедім, - дейді Махамбет ауданындағы «Мүтиев Ғ. Д.» ШҚ басшысы Биғали МҮТИЕВ.  

- Менің жүз шақты жылқым бар. Желтоқсаннан бері 5 бас жылқым өлді, біреуі ауырып тұр. Үшеуін өзім сойып алдым. Ауырған жылқылар артқы аяқтарын баса алмай, қиралаңдап, ауа жетпей тұншығып өлуде. Жергілікті ветеринарлар қолдарынан келгенше ем-дом жүргізді, бірақ одан нәтиже болмады. Қырды аралап келдім, енді былтырғы туған құлындар да ауыра бастаған, - дейді Құрманғазы ауданының тұрғыны Самат ЕЛЕМЕСОВ.    

- Облыста мал ауруы мен өлімі бар екенін ертерек айтқанмын. Бірақ оған селт еткен адам болмады, малды шаруагерлер өздерінше емдеп жатқанымен нәтиже жоқ. Малдың неден ауырып тұрғанын, қаншалықты жұқпалы екендігі әлі анықталмауда, - дейді қоғамдық белсенді Ғазиз ҒАБДУЛЛИН. – Біз «Шопан ата» қауымдастығы құрған шаруагерлер, облыстық, аудандық әкімдіктің орынбасарлары, басқарма басшылары біріккен арнайы чат ашқанбыз. Сонда мамандар жылқылар паразит пен шаруаның малды дұрыс қарамауынан әлсіреген деп, кінә артуда. Мен арнайы Құрманғазы ауданына барып келдім. Ауру жылқыдан кене таба алмадық. Көтерем дегенмен келіспейміз, мал қоңды. Біз барған шаруашылықта бес мал ауырып тұрды.

Ал облыста мал сату, сою тоқтаған жоқ. Оның ішінде ауру мал жоқ деп айтуға келмес. Ол қандай ауру, адам денсаулығына қауіпті ме? Мәселе осында!


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Шаруалар түсіріп жіберген сурет пен бейнежазба

29 наурыз 2022, 17:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.