Атырау, 2 мамыр 20:48
 ашықВ Атырау +11
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Браконьер мен сатып алушы бірдей кінәлі ме?

1 658 просмотра

Атырауда балықтың айналасында былық жетіп артылады. Бұл жолы әңгіме қылмыстық тергеу мен сот жүйесіне қатысты. Бізде бекіре тұқымдас балықты сатып алу дерегі бойынша екі бірдей қылмыстық іс көтеріліп, екі түрлі сот үкімі шықты. Толығырақ "АЖ" материалында.

№1 ІС

Былтыр 14 сәуірде қала тұрғыны Е.Ө. біреулермен алдын-ала келісіп, Нұрсая-3 ықшам ауданында 800 келі бекіре тұқымдас балығын 1 млн 200 мың теңгеге сатып алып, үйіне әкеліп сақтайды. Барлығы – 247 дана балық. Келесі күні оны полиция ұстап, үстінен ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-тармағымен ("Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою") қылмыстық іс қозғайды. Іс сотқа жетті. Сотта сот-биологиялық сараптама және сот-тауарлық сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген бекіре балықтарының бәрі де сапа стандартына сай екені анықталған. Е.Ө. сотта өзіне тағылған айыпты толық мойындап, балық арзан болған соң, оны сатып, пайда көргісі келгенін айтты. Жасөспірім екі баласы бар екенін, отбасының жалғыз асыраушысы екенін айтып, өзіне бас бостандығын айырмайтын жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Былтыр 8 маусымда қалалық №2 соты оны 339-бабының 1-тармағымен кінәлі деп танып, бір жыл жарым уақытқа бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Мемлекет пайдасына қоршаған ортаға келтірілген залал ретінде ешқандай шығын көрсетілмеген.


№2 ІС

Былтыр 15 сәуірде Исатай ауданы Жанбай ауылының тұрғыны Н.К. ауыл маңынан үш аяқты мотоциклмен жүрген, бет-жүзін толық бетпердемен тұмшалаған белгісіз екі ер адамнан 100 келі бекіре тұқымдас балығын 18 000 теңгеге сатып алады. Барлығы – 25 дана.  

Жігіттер саудаласа келе, оған балықтың кішкене иістеніп тұрғанын, сондықтан арзанға сатып отырғанын айтады. Одан кейін Н.К. балықты қалаға жеткізу үшін жолға шығады. Жолда оны «Бекіре-2021» жедел профилактикалық іс шарасы барысында Исатай аудандық полиция қызметкерлері ұстайды. Олар оның автокөлігін тексергенде, жүксалғышынан 4 қапшыққа салынған 25 дана бекіре тұқымдас балығын тәркілейді. Осы дерекке байланысты оның үстінен ҚР ҚК-нің 339-бабы 2-тармағының 5-тармақшасымен ("Ірі залал келтіре отырып, жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою") қылмыстық іс қозғалады. 

Тергеп-тексеру кезінде Жайық-Каспий облыс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы 100 келі бекіре балығының салмағын есептей келе, мемлекетке келтірілген шығын көлемін 43 млн 755 мың теңге деп көрсетеді.

Қылмыстық іс Исатай аудандық сотында қаралды. Үкім - 3 жылға бас бостандығын айыру. Бұл ретте сот  материалдық шығын дұрыс есептелмегенін ескерді, себебі сот-тауарлық сараптаманың қорытындысына сәйкес, 24 дана жалпы салмағы 95 келі бекіре тұқымдас балығының сапа стандартына сәйкес келмей, тек 1 дана балық жарамды болған. Осыған орай, сот мемлекетке келтірілген залалдың мөлшерін 14 млн 585 мың теңге көлемінде деп тұжырымдады. Кейін Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы осы істі қарап, бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды.


"АЙЫРМАШЫЛЫҚТЫ ҚАРАҢЫЗ"

Н.К.-ні қорғаған адвокат Талғат МҰҚАТАНОВ тым ауыр жаза қолданды деп сесптейді. 

- Айырмашылықты қараңыз: 800 келімен ұсталған адамға 1,6 жыл жаза береді, ал 100 келі балықпен ұсталып, оның 95 келісі жарамсыз, бұзылған деп танылса да, оған үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады, - дейді адвокат Мұқатанов. - Тағы ескеретін жайт: ол балықты аулаған не сатқан адамдар анықталған жоқ. Қоршаған ортаға залал келтірген солар ғой, демек, залалды солар өтеу керек. 

Адвокаттың айтуынша, екі бірдей қылмыстық іс дерегі бойынша неге екі түрлі сот үкімі шыққанын ол кейін білген. Айтуынша, бұған ҚР Жоғары сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасы Әбдірашит ЖҮКЕНОВТЫҢ облыстық соттарға ҚР ҚК-нің 339-бабымен қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықтарды саралауға қатысты хаты себеп болған. Ол онда жергілікті соттарда ҚР ҚК 339-бабының 1-тармағына сәйкес заңсыз әрекеттерді 2 немесе 3-тармақтармен саралау қажеттігі көрсетілгенін жеткізді. 


ЖОҒАРҒЫ СОТ ТӨРАҒАСЫНА ХАТ

Сол себепті, жазылған жайттармен келіспеген ол әріптестері Хамитов және Тукпановпен бірге Жоғары сот төрағасы Жақып АСАНОВТЫҢ атына Жүкеновтың хатын қайтарып алуды сұрап хат жолдады.  Хатта олар ел Президентінің ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында үкіметке браконьерлік үшін жазаны күшейтуді тапсырған сөзінен үзінді келтіреді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы: «Браконьерлер ұлттық байлығымызды, табиғатты аяусыз құртып жатыр. Мұның бәрі құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлік үшін жазаны күшейту керек. Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы күшейту бойынша шұғыл шара алуды тапсырамын» дейді.

«Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, балық қорларын заңсыз аулаумен немесе заңсыз аң аулаумен айналысатын тұлғаларға қатысты жазаны күшейту қажет. Бұл ретте айта кету керек, сирек кездесетін жануарларды иемденген, тасымалдаған, сақтаған немесе өткізген, бірақ оларды аулауға немесе жоюға қатыспаған тұлғалар браконьерлер болып табылмайды және олардың әрекеті арқылы қоршаған ортаға зиян келтірілмейді.

Президенттің бұл сөзіне киік мүйіздерін Қазақстаннан тысқары контрабандалық жолмен тасымалдау мақсатында киіктерді қырып-жоюдың себеп болғаны баршаға аян. Бекіре тұқымдас балықтарға келетін болсақ, олар негізінен халық тұтыну үшін сатып алынады, - деп жазады заңгерлер.- 339-баптың 2-бөлігінің 5-тармағында және 3-бөлігінің 2-тармағында «ірі мөлшерде залал келтіру» және «аса ірі мөлшерде залал келтіру» деген саралау белгілері қарастырылған. Тиісінше, күдіктілердің іс-әрекеттерін көрсетілген саралау белгілері бойынша саралау үшін олардың әрекеттері зиян келтірумен, яғни жануарларды табиғаттан алумен тікелей байланысты болуы керек. Ол үшін кінәлілер жануарларды иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкетумен қатар, оларды аулаумен немесе жоюмен де айналысқанын анықтау қажет.

Бұл адамдардың іс-әрекеттерімен экологиялық ортаға ешқандай зиян келтіруі мүмкін емес, өйткені сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды өсімдіктер мен жануарлар әлемінен олар алған жоқ. Оның үстіне, олар қылмыстық құқық бұзушылық (иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету) жасағанға дейін заңсыз аулау арқылы бөгде адамдардың әрекетімен қоршаған ортаға зиян келтірілген. Мұндай жағдайларда, зиян оны келтірушіге (келтірушілерге) жүктелуі тиіс есептейміз», - деп жазады адвокаттар Жоғарғы сот төрағасына.

Айнұр САПАРОВА

12 сәуір 2022, 15:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.