Наурыздың 5-і күні облыстық Шаймардан Сариев атындағы өнер музейінде белгілі қылқалам шебері Рафаэль Слекеновтың жеке шығармашылық көрмесі ашылды. Көрмеге оның бояуы кеппеген 49 жұмысы ілінді.
Оның суреттеріндегі көз қарықтырар әр алуан ашық та қанық бояулар көңіліңді сергітіп, жаныңды жадыратады. Көрменің ашылуына арнайы келген Рафаэльдің голландиялық досы мистер Мартин де осыны айтты. Және, атыраулық суретші досының жаңа жұмыстарын тамашалауға үнемі асық тұратынын жеткізді. Біз Рафаэльді әсерлі көрме барысында әңгімеге тартқан едік.
БАЛА КҮНІМНЕН ИХТИОЛОГ БОЛУДЫ АРМАНДАДЫМ
- Рафаэль, көрме жайында айтып өтсеңіз?
- Менің көрмелерім жыл сайын көктемнің алғашқы күндерінен басталады. Бұл дәстүрге айналғандай. Көктем мезгілінде табиғаттың жаңарып, оянуы секілді, шығармашылық адамдары да үлкен шабытта болатыны белгілі. Көрмеге қойылған суреттерімнің басым бөлігі – көктем тақырыбына арналған. Көрме атауы да сол суреттерімнің бірінің атына сәйкес, «Муза Көктем» деп аталды.
- Сіздің көрмедегі жұмыстарыңызда судан балық ұстаған баланың суреті көп екен. Бұл нені аңғартады?
- Өзім Жайық өзені маңында дүниеге келген соң, балалық шағым да сол өзеннің жағалауында өтті. Өзен жағасында жалаң аяқ жүгіріп, талай рет асыр салып ойнадық. Балық аулап, құтқарып та жүрдік. Мен бала күнімнен ихтиолог болуды армандадым. Әлі есімде, Жайық жағасында өліп жатқан балықтарды көргенде, кәдімгідей аяйтынмын. Суреттерімде кішкентай баланың арманы бейнеленген. Бұл бала балықты кері суға жіберіп жатыр. Жалпы, өмірде адам баласы бір нәрсеге қолы жеткенмен онымен қоштасуға да дайын болуы керек. Мұнда терең пәлсапалық ұғым жатыр. Тіршілік атаулыға ізгілікпен қарау керек дегенді түсіндіреді. Қысқасы, суретте менің орындалмас арманым көрсетілген. Бұл өткен күндерден естелік қана.
- Сіз Қазақстандағы суретшілердің ішінде халықаралық «Micra Art Group Stokholm» суретшілер бірлестігінің бірден-бір алғашқы әрі жалғыз мүшесісіз. Бұл бірлестік суретшіге не береді?
- Әлемнің қай елінде өткелі жатқан суретшілер көрмесін немесе түрлі симпозиумдарды біліп отыруға мүмкіндік береді. Жалпы, бейнелеу өнері саласында ақпарат алмасуға қолжетімділік үшін жақсы. Бірақ, ол жолсапар шығынын қаржылай өтеуді өз мойнына алмайды. Бір артықшылығы - суретшіні түрлі интерактивті форумдарда кеңінен таныстыра алады. Осылайша Ыстамбұлда өткен «Бейбітшілік үшін!» атты интерактивті акцияда қатысуға мүмкіндік алып, ол арқылы менің көптеген жұмыстарым жан-жақты таныстырылды. Ендігі интерактивті форум Шығыс Еуропада өтпек.
ЕҢ БАСТЫСЫ – ЕШКІМГЕ ЕЛІКТЕМЕЙМІН
- Сіздің жұмыстарыңыз АҚШ, Норвегия, Англия, Нидерландыдағы өнерсүйер қауымның жеке коллекцияларында сақтаулы. Бұл елдерден бөлек, тағы қай елдің азаматтары сұраныс түсіріп жатыр?
- Қазіргі күні Канададан ұсыныс түсіп отырған жайы бар. Онда 11 картинам біреудің жеке коллекциясында үш жылдай көпшілік назарына ұсынылады, яғни көрмеге шығарылмақ. Бірақ, мен жұмыстарды көрмеге қойып, олардан коммерциялық табыс табуды мақсат етіп қоймаймын. Суретші үшін шығармашылық еркіндігі маңызды. Суретшінің стилі анық та айқын болуы керек. Мен қатып қалған қағидаға сүйенгім келмейді. Менің бағытым - қазіргі заманғы көркемсуретке жатады. Оны нақты бір жанрға жатқызуға келмейді. Бірақ, өнертанушылар менің шығармашылығымда аралас тәсілдер барын айтады. Ол еуропалық модернизм мен қазақтың дәстүрлі өнері араласқан дейді. Ең бастысы – менің ешкімге еліктемейтінім.
- Суреттеріңіздегі кейіпкерлер көбінесе жапон тектес келеді. Оның себебі неде?
- Мен жапондық дәстүрлі «синтоизм» діні мен «дао» іліміне көп үңілдім. Ондағы ұстанымдар ұнайды. «Синтоизм» діні табиғатты аялауға, табиғатқа сыйынуға шақырады. Бірақ, бұл менің сол дінге кірдім деген сөз емес. Мен барлық фундаменталды дінді мойындағым келеді. Діндерге де космополиттік көзқараспен қараймын. Және, өз жұмыстарымда жапон келбетін салайыншы демеймін, ол ішкі жан дүниемнен өзінен өзі шығып отырған дүние.
РУХАНИ АЗЫҚТЫ АҢСАҒАН АДАМНЫҢ САНАСЫ ЖОҒАРЫ
- Қазіргі суретшілердің проблемаларын қаузасақ?
- Мұны проблема деуге де келмейтін болар. Еуропа мен Шығыстың көркемсурет өнеріне деген менталитеті бөлек. Еуропа елдерінде жиі болып жүрген соң, ондағы өнер музейлеріне келіп тұрған халықтың ұзын кезегін көремін. Онда музейге кіру бағасы 20 еуродан жоғары кете береді. Қымбат. Бірақ соған қарамастан, ондағы зейнеткерлердің өздері нанын жемесе де, сол музейге барып, рухани азық алып қайтуға тырысады. Рухани азықты қажет етіп, әдейі іздеп барып тұрады. Бізге, қазақ халқына сондай қажеттілік қажет. Жалпы, рухани азыққа сұранысы бар адамның санасы да жоғары болады. Оның адамға деген көзқарасы, мәдениеті жоғарыламақ. Сонда айналадағы инфрақұрылым да өзгереді. Мен соған сенемін.
Бізде суретшілер одағы, өнер академиясы бар, бірақ, олар суретшілерге қаржылай қолдау білдіріп, материалдық көмек көрсете алмайды. Бұл - бір. Екіншіден, Кеңес одағы тұсындағыдай барлық суретшілер одағы бір-бірімен араласпайды. Бұл әрине, жақсы емес. Өзге елдерге танылуға жол жоқ деген сөз бұл. Ал суретші галереяларға қатысу керек. Жол жүріп, ел көріп, шетелдерге жиі шығуы керек. Өзге суретшілермен тәжірибе алмасып, шығармашылық өсу үшін қажет бұл. Қазір суретшілер шетелдегі көрмеге қатысу үшін өз қаржысымен барады. Және, ақшаң болғанның өзінде де ол елдерде жайлы көрме залдары әрдайым да бос болмайды. Себебі, онда да әр жердің өз кереметтері (гений) жетерлік. Осыған қарамастан, суретшілер өздері тырысып бағады. Бір айтатыны, суретші барған жат елдегі біздің елшілік өкілдері кейде ешқандай да қолұшын созбайды. Тек, шектен шыққан жағдайларда, өлім аузында болсаң ғана көмекке келеді. Мүмкін, арыз айту да күнә шығар. Мен ештеңе сұрап тұрған жоқпын. Бүгінде бізге керегі - еліміздегі музейлер тұрақты жұмыс істеп, көрмелерді жиі ұйымдастыруы. Сондай-ақ, сол музейлер қорына аманаттап, сеніп тапсырған суреттеріміз барлық ережелерге сәйкес, дұрыс температурада сақталса екен деймін. Бұл өте маңызды.
- Сіздің шеберханаңызда қанша картина бар? Оның ішінде ешкімге қимайтыныңыз бар ма?
- Шеберханадағы 300-ге жуық картинамның ішінде «Небесный разум» атты жұмысымды өзіме қалдырдым. Ол туралы ұзақ айтудың қажеті жоқ, Оны көрген әрбір адам әр түрлі пайым айтуы мүмкін. Бұл космополитизм туралы. Сол сурет жаныма жақын. Мен осы секілді суреттерімді көрмеге қоя аламын, бірақ сатпаймын.
- Ал мына көрмедегі қай жұмысыңыз сізге етене жақын?
- «Первый поцелуй» жұмысы. Оның бірнеше нұсқасы бар. Түрлі колорит, түрлі ракурсттан алынып салынған. Онда екі адамның үйлесімі бейнеленген. Кейде бұрынғы жұмыстарыңды қайталап салғың келіп тұрады.
- Тапсырысқа қалай қарайсыз? Және одан бас тартқан кездеріңіз болды ма?
- Барлық суретшілер де әр уақытта да тапсырыспен жұмыс істеген. Леонардо да Винчи, Рафаэль Санчо да... Мәселе – нені салуға тапсырыс бергенінде. Әрине, сенің салғың келмеген дүниеңді сал деп ешкім салдыра алмайды күштеп. Егер ұсынып жатқан тапсырыс өнеріңді құтқарса тапсырыс қажет деп ойлаймын.
АНЫҚТАМА
Рафаэль Слекенов 1973 жылы 20-қаңтарда Атырау облысының Индер ауданында дүниеге келген. 1998 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Музыка және бейнелеу өнері» факультетін бітірді. 1999 жылдан Қазақстан суретшілер одағы жастар бірлестігінің мүшесі және Атырау жас суретшілер бірлестігінің төрағасы. «Жігер-2000» халықаралық жас суретшілер фестивалінің лауреаты, «Шабыт-2001» ІV халықаралық жастар шығармашылығы фестивалінің лауреаты. 2011 жылдан ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Жеке көрмелері Астана, Алматы, Атырау, Ақтауда өтіп келеді.
Жазып алған Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Суретті түсірген автор