Атырау, 28 сәуір 08:45
 ашықВ Атырау +25
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Көпшілігі өздері білместен, «омикронмен» ауырып шықты

1 541 просмотра

Соңғы 1,5-2 айда коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар негізінен «омикрон» штаммымен ауырды. Ол науқастардың 80%-ында табылды, «дельта» штаммының үлесі 17-18%, қалған 2-3% - басқа штаммдар. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан БАЙДУВАЛИЕВ хабарлады.

Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдай қалыпқа келді, 12 ақпаннан бастап облыс «жасыл» аймақта. Жалпы, пандемия басталғалы Атырау облысында 62 186 адам ауырып, оның 97,2 пайызы жазылып шықты. Жағдайды тұрақтандыруда екпенің үлкен рөл атқарғанына дәрігерлер сенімді. Облысымызда 365 760 тұрғын екпе алуы керек, бірінші компонентті – 268 012 адам, екінші компонентті – 253 002 адам. Pfizer препаратымен 63 619 адам – жүкті және бала емізетін әйелдер, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балалар егілуі тиіс. Бүгінде бұл препараттың бірінші компонентін небәрі 6851 адам, екінші компонентін 4512 адам алған.

Ең алдымен 141 195 адам (дәрігерлер, барлық топтағы мүгедектер, 50 жастан асқандар) қайта екпе алуы тиіс, ал 37 155 адам қайтадан екпе салдырды – бұл 26,3%.

- Парадокс болды. Бұрын бәрі Pfizer әкеліңдер, сонда екпе аламыз дейтін. Облыста препарат бар, бірақ халықтың белсенділігі төмен. Енді бәрі «Спутник Лайттың» бустерлік екпесін алғысы келеді. Бұл препарат шектеулі мөлшерде – 3 мың дозадай әкелініп, 3 апта ішінде бітіп қалды, – дейді А.Байдувалиев.

Оның айтуынша, «омикрон» штаммымен ауырған 6 мыңға жуық адам оны жеңіл өткерген:

– Бірақ келесіде қандай штамм шығатынын және оның қалай өтетінін кім біледі? Сондықтан екпе алып, өзіңді қорғаған дұрыс.

«АЖ» «неліктен іс жүзінде ауру жұқтырғандар санының айтарлықтай төмендегені байқалады?» деген сұрақ қойды. Бәлкім, қазір нақты клиникалық көрінісі жоқ ковид жұқтыруы мүмкін науқастарға ПТР-ға жолдама беруді тоқтатқандықтан және байланыста болған адамдарға мұны жасамайтын болғандықтан ба екен? Инфекция жұқтырғандардың аз ғана пайызы ПТР-ды өз қаражаты есебінен жасайды. Нәтижесінде адамдар ковид бар екенін де білмей ауырып шығады.

- Иә, дұрыс айтасыз, пациенттердің басым көпшілігі омикрон штаммын оңай өткереді, ауру симптомсыз немесе жеңіл симптомдармен өтеді. Сондықтан көбісі тіпті емханаға бармайды. Бәлкім, мұндай статистикаға осы себеп болған шығар. Бірақ босаңсуға болмайды. Адам жеңіл немесе ауыр болсын, вирустың қандай түрін өткерсе де, оның салдары болуы мүмкін. Сондықтан ауруға күдік болса, тексеріліп, дәрігерлердің емін алуы керек, – деп сөзін түйіндеді А.Байдувалиев.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

24 ақпан 2022, 14:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.