Атырау, 7 қазан 21:34
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Ауыр ем алуға да жігер керек

Сурет
1 514 просмотра

«Менің батыр-балапаным» дейді Айжан СӘБЕНОВА ұлы Мырзажанды. 11 жастағы ұлы екі рет кемік майын ауыстырып,  химиотерапияның көптеген сеансынан өткен. Бағына орай, екінші жылдан бері аурудың беті қайтқан. Бірақ бала дәрігерлердің бақылауында ұзақ болады.

Мырзажанға 7 жасында «өткір лейкоз» диагнозы қойылған. Содан бері нәресте ауыр сынақтарды бастан өткеруге мәжбүр болды. Туған інісінің сүйек кемігін алғаш ауыстырғаннан кейін ауру қайта мазалады. Екінші рет баланың анасы донор болды. Химиотерапия жанама әсер берді. Мырзажанның көзі сыр беріп, көру қабілеті күрт төмендеп, жарыққа қарай алмайтын болды. Иммунитеттің әлсіреуіне байланысты кез-келген жұқпалы аурулар оған үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан бала мектепке бармайды, үйден оқиды. Өткен аптада ғана дәрігерлер оған өзінің сүйікті бейнеойындарын біртіндеп ойнауға рұқсат берді.

Кішкентай Асылым 4 жаста. Былтыр көктемде анасы Жандария қызының кіндігінің тұсынан өзгеше түйінді байқаған. Бала мазасызданбаса да анасы балалар ауруханасына қаратқан. Сөйтсе, бүлдіршінде нефробластома – бүйректің дамып келе жатқан тіндерінен пайда болатын қатерлі эмбрионалды ісік бар екен. 5-6 күннен кейін олар елордадағы орталыққа жіберіліп, қыздың бір бүйрегі алынған. Енді Асылым екі апта сайын елордаға ұшып, 27 апталық химиотерапия курсынан өтіп жатыр. Балалар мен олармен бірге жүретін ересектер үшін бүкіл ұшу шығынын мемлекет төлейді.

Жолдың көп бөлігі - терапияның 25 аптасы артта қалды. Қыз өзін жақсы сезінеді, өте белсенді, сөйлеп тұрған бала, айналада болып жатқан барлық нәрсеге қызығушылық танытады, тек ішінің ауыратынына шағымданады.

Ал кішкентай кезінде онкологиялық ауыр дертке шалдыққан мұндай балалар облысымызда аз емес.

- Онкологиялық дертке шалдыққан, негізінен өткір лейкозбен ауыратын 46 бала есепте тұр. Әртүрлі ісікке шалдыққан тағы 42 бала бар. Біздің аурухананың педиатриялық бөлімінде 7 онко-гематологиялық төсек бар. Осы жерде бастапқы диагнозды қойып, елордалық «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының» онкология бөліміне жібереміз. Сол жерде диагноз расталғаннан кейін балалар хаттама бойынша химиотерапия алады. Біздің стационарда олар бір жарым жылға дейін созылатын демеу терапиясын алады. Пациенттер кәмелеттік жасқа толғанша балалар дәрігерлерінің бақылауында болады, – дейді Атырау облыстық ауруханасының педиатрия бөлімінің меңгерушісі, гематолог-онколог дәрігері Гүлжан ИЛЬЯСОВА. Қажет болған жағдайда баланы шетелге де ота жасауға жіберуі мүмкін. Осылайша, былтыр Қазақстанда 5 жасар балаға кемік майының донорын таба алмай, оны халықаралық квота бойынша Түркияға жіберіп, қазір сол жақта әлсін-әлі тексеруден өтіп жатыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

16 ақпан 2022, 15:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.