Атырау, 10 мамыр 13:49
 ашықВ Атырау +13
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Сырттан келетін жұмысшы жетіспейді, ал жергілікті тұрғындардың ынтасы жоқ

1 472 просмотра

"АЖ" мұрағатынан алынған сурет

Атырау облысы бойынша ауыл шаруашылығымен айналысатын 320 тауар өндіруші бар. Биыл 8700 га алқапқа түрлі дақыл егіледі деп күтілуде. Бірақ маусымдық шетелдік жұмысшыларға арналған квота айтарлықтай қысқарса, ал жергілікті тұрғындар егістікте жұмыс істегісі келмесе, сонда егістікте кім жұмыс істейді?

- Пандемия басталғалы бері бізге жұмысқа келетін шетелдіктердің, негізінен өзбектердің саны күрт азайды. Ал жергілікті халықпен қолма-қол есеп айырысып, қосымша өнім беріп, түстіктерін тегін қылсақ та, бізде жұмыс жасауға құлшынып тұрғандары шамалы. Әсіресе, жиын-терін кезінде қиналып қалып жатамыз. Бұл мәселе биыл да қайталанатын түрі бар, - дейді жергілікті диқандар қауымы.

Өткен жылы шетелдік жұмысшыларға алданып қалғандар жоқ емес. Телефон байланысы арқылы шығып, келісіп, оларға келу жолақысын банкомат арқылы жіберген. Бірақ «жұмысшылар» да жоқ, ақша да жоқ, сан соғып қалған жағдайлар кездесті.

- Байланыс жасап отырған адамдарымыз телефондарын өшіріп тастап, өткен жылы 1 млн теңге ақшамнан айрылып қалдым. Полицияға арызданғаным жоқ, - дейді таныс кәсіпкер. Бұл бір ғана жайт емес.

- Атырау өңірінің егін шаруашылығы саласының жұмысы көп жағдайда шетелдік (негізінен Өзбекстан Республикасы) жұмыс күшіне тәуелді. Себебі, жергілікті халық демалысы жоқ, уақытпен санаспай, ыстық күн астында дамылсыз еңбек етіп, ал еңбекақысы төмен жұмысқа баруға ынта білдірмей отырғаны жасырын емес. Сол себептен шаруа қожалықтары шетелден маусымдық қызметкерлер шақыртуға биыл да сұраныс берді - барлығы 1218 өтінім түсті. Бірақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес, Атырау облысына  маусымдық шетелдік жұмысшылар үшін 394 квота ғана бөлінді. Бірақ бұл аздық етіп тұр. 2020 жылы 641, 2021 жылы 600 квота бөлінген болатын, - дейді Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан ӘБІЛҚАСЫМОВ.

- Ал шетелдік жұмысшылардың келуі қалай ұйымдастырылады?

- Квотаны беру наурыз айынан басталады. Келу жолдарын егіншілердің өздері ұйымдастыруы тиіс. Жалпы ауыл шаруашылығы саласына жас мамандарды жұмысқа тарту бойынша мемлекет тарапынан қолдаулар бар. Мәселен, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жұмыс жасайтын болады.

Биыл квотаның аз бөлінуіне байланысты шетелдіктермен байланысқа тауар өндірушілердің өздері тікелей шығуға жұмыстанып жатыр. Әлден-ақ жұмысшы іздеп сандалғандар жетерлік. Ал олар нағыз жұмысшыларды таба ала ма және облыс қанша өнім жинайтыны белгісіз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

15 ақпан 2022, 11:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.