Атырау, 7 қазан 21:34
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Шағын және орта бизнес Арнайы экономикалық аймаққа қатыса алады

1 436 просмотра

Атырауда жергілікті бизнесті бәсекеге қабілетті мұнайхимия өнімдерін өндіруге тартқысы келеді. «Ұлттық индустриалды мұнайхимия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында шағын және орта бизнес стартаптарын қарастыруға дайын.

Бұл туралы Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының базасында ұйымдастырылған бизнес-конференцияда айтылды. Оған шетелдік компаниялар мен жергілікті бизнес өкілдері қатысты.

Атырау облысындағы «ҰИМТ» арнайы экономикалық аймағы 2007 жылы құрылған. Оның негізгі мақсаты – көмірсутек шикізатын өңдейтін және мұнайхимия өнімдерін шығаратын әлемдік деңгейдегі мұнайхимия зауыттарын құру және дамыту бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру. АЭА аумағында химия және мұнайхимия өнеркәсібі өнімдерін, пластмасса бұйымдарын және басқа да геотекстиль өнімдерін өндіру қарастырылған.

АЭА аумағы 3 486,636 гектарды құрайды және Теңізде, Қарабатанда және Атырау қаласында орналасқан үш алаңды қамтиды. «Қарабатан» алаңы 1491,24 га аумақта орналасқан, ол ірі тоннажды базалық мұнайхимия өнімдерін өндіруге арналған. Атырау қаласындағы көлемі 285 га «Технопарк» алаңы шағын және орта бизнеске арналған өнеркәсіптік және бизнес паркі болып табылады. «Теңіз» кен орнында 100 гектар жерде газ айыру қондырғысы бар. Бұған қоса «Теңіз» алаңынан «Қарабатан» алаңына дейін 1599,53 гектар аумаққа «өнім құбыры» созылып жатыр.

– АЭА-ның басты артықшылығы – қатысушыларға салық және кедендік преференциялар берілген. Атап айтқанда, бұлар - кедендік баждар мен ҚҚС, корпоративтік табыс, жер және мүлік салығы бойынша нөлдік пайыздық мөлшерлемелер. Шетелдік жұмыс күшін тартудың оңайлатылған тәртібі де қарастырылған. Қолданыстағы преференциялардан басқа жаңа қатысушыларға пайдаланғаны үшін төлемнен босатылған жер учаскелері бөлініп, олар негізгі энергиялық ресурстармен – электр энергиясымен, сумен, газбен қамтамасыз етіледі, – деді конференция барысында «Ұлттық индустриалды мұнайхимия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ғабит КУРКИМОВ.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда АЭА аумағында 13 қатысушы тіркелген, 2 жоба іске қосылды: бұл полимер өнімдерін шығаратын «Полимер Продакшн» ЖШС кәсіпорны және сығылған ауа мен азот өндіретін «Эр Ликид Карабатан Тех Газы» ЖШС кәсіпорнының қондырғысы. Тағы екі жоба құрылыстың соңғы сатысында: Атырау облысындағы бірінші интеграцияланған газхимия кешенінің құрылысы. 1-кезең. «КPI» ЖШС жүзеге асыратын полипропилен өндірісі және «KUS» ЖШС жүзеге асыратын «Бірінші кезеңдегі АЭА инфрақұрылымдық нысандар құрылысы». Жобалау кезеңінде – химия, мұнайхимия өнімдерін өндіру бойынша 9 жоба, оның ішінде бутадиен, полиэтилен, полиэтилентерефталат және терефтал қышқылы өндірісінің базалық жобалары.

– Сондай-ақ, негізгі полимер өнімдерін өндіру үшін мұнайхимия өнімдерін пайдалану арқылы шағын өндіріс жобаларын жүзеге асыру және өнеркәсіптік тізбекті одан әрі кеңейту қарастырылған. Осы мақсатта бизнес субъектілерін ынтымақтастыққа шақырамыз, – деді Ғабит Куркимов.

Конференция барысында АЭА қатысушылары өз жобаларының жүзеге асу барысы туралы айтып, осы аумақтағы тәжірибелерімен бөлісті. «KPI» ЖШС бас инженері Денис КОЗЫРЕВ бірінші кезекте пропилен қазақстандық кәсіпорындарға жөнелтілетінін атап өтті. Келесі жылға ЖШС 60 мың тонна отандық өндіріс қажеттілігін белгілеп, қажет болған жағдайда бұл үлесті арттыруға дайын. Қалған өнімдер Қытайға, Түркияға, Еуропа елдеріне экспортталады, өйткені бұл өндіріс жоғары маржиналдық кіріс әкеледі. Козырев бізде мұнайхимия мамандары жоқ болғандықтан, кадрларды даярлауға басты назар аударды. Техникалық персонал Уфада, Омбыда білім алды, онда оқыту дуальді жүйе бойынша жүргізіледі.

Өз кезегінде, ҚР-ның жетекші жоғарғы оқу орындары да ынтымақтастыққа дайын:

– Бізде технологиялық процестерді цифрландыру іске қосылды, бізде база, отырғызу орындары, үш тілде онлайн оқыту мүмкіндігі бар. Бұған Қытай мен Еуропадағы шетелдік серіктестерімізді тарта аламыз, – деп атап өтті Қазақстан-Британ техникалық университетінің өкілі.

Кәсіпкерлер зауыт өнімдеріне қызығушылық танытты, оның үстіне, KPI ең алдымен қазақстандық тапсырыс берушілерге тауар жіберуді көздеп отыр.

– Сіздердің өнімдеріңіздің құны мәселесі біз үшін өте маңызды. Өткен жылы біз қазақстандық фирмалар үшін өнімді қандай бағамен жөнелтетіндеріңізді әлденеше рет анықтауға тырыстық. Біздің одаққа кіретін кәсіпорындардың қажеттілігі 40 тоннадай, - дейді «Қазақстан химия өнеркәсібі одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Олег ПАК.

Конференцияны қорытындылай келе, «ҰИМТ» АЭА басшылығы жергілікті бизнесті мемлекет ұсынып отырған преференцияларды пайдалана отырып, АЭА қатысушысы болуға шақырды. Кәсіпкерлік субъектілері тікелей АЭА немесе Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы арқылы өтініш бере алады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

14 ақпан 2022, 01:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.