Атырау, 7 қазан 23:20
 ашықВ Атырау +21
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Психолог Светлана Богатырёва: «Өз-өзіне қол жұмсауды ақтап алуға болмайды»

1 828 просмотра

Психология магистрі, «JustSupport» қорының жетекшісі Светлана БОГАТЫРЕВА (суретте) суицид пен суицидтік мінез-құлық проблемасын ұзақ уақыттан бері зерттеп келеді. «АЖ» онымен осы ауыр тақырып төңірегінде әңгімелескен еді.

– Светлана, неліктен соңғы жылдары ересектердің де, жасөспірімдердің де арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары жиілеп кетті?

- Ересектер мен балалар арасындағы суицидтің негізгі себебі негізінен бірдей: психологиялық күйзеліс. Бұл біздің ділдік саулығымыздың жай-күйі. Яғни, егер адамның ділдік саулығы дұрыс болса, психикасы тозбаса, ол түрлі қиындықты жеңеді. Мысалы, жасөспірімдердің мектептегі қиындығы - нашар баға, қудалау, түрлі жанжал, махаббатта жолы болмау деген сияқты. Ал ересектерде қаржылық, отбасылық, жеке басындағы қиындықтар болады. Егер осының бәрі жиналатын болса, адамның моральдық күші азайып, өзін жегідей жеп, психологиялық төзімі таусылады. Бір сәтте сынып, жалғыз жолы осы екен деп, өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне баруы мүмкін.

- Пандемия кезінде өз-өзіне қол жұмсау көбейген...

- Өйткені айналада адам өлімі көбейді, экономикалық жағдай күрт нашарлап кетті, әрі қарай не болары белгісіз деген қорқыныш пен үрей бойды билеп алды. Мұның бәрі біздің психикамызға әсер етіп, әлсіретіп жібереді.

- Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін не істеуге болады? Суицидтік мінез-құлықты қалай тануға болады?

- Суицидтік мінез-құлықтың айқын көрінісі болады. Өзіне-өзі қол жұмсауға бейім адам үмітсіздікті, тығырыққа тірелгенін сезінеді, жағдайды қалай шешуге болатынын білмейді. Көбінесе бұл өз-өзіне қол жұмсауы ықтимал адамның мінез-құлқында көрінеді. Ол күйзеліске түсіп, мұң басады, ештеңе істегісі келмейді, оның өмірінде қуаныш жоқтығы, ешқандай болашақ көрмейтіні байқалады. Адам оны көрсетпеуге, өзін мықты етуге, тіпті көңілді болып көрінуге тырысады, бірақ бұл қолынан келе бермейді.

Мұндай кезде қолдау көрсету өте маңызды. Оны тыңдайтын, бірге шешім табуға тырысатын, жалғыз еместігін білдіретін жандар жанынан табылуы керек. Ең болмағанда олар маманға апарады.

– Өзін-өзі өлтіру – өте қайғылы әрі сақтықпен қарайтын мәселе. Журналист-әріптестер нені ескеруі керек?

– Мен жақында «Суицид туралы ақпаратты орналастырудың этикалық аспектілері» тақырыбында вебинар өткіздім. Мұның бәрі жалпы көрініске басқа жағымсыз әсер бермеу үшін белгілі бір түрде жариялануы керек. Өз-өзіне қол жұмсауды сенсация жасауға болмайды, әсірелеуге болмайды. Бұл туралы оның еңсере алмаған қиындықтары болды, ол сондықтан да осылай жасады деп репортаж жасауға болмайды. Өзіне қол жұмсағандардың суреттерін жариялап, тіпті болған оқиғаның егжей-тегжейін сипаттауға болмайды.

Басқа нәрсеге назар аудару керек: мұндай қайғылы оқиғалар болмас үшін не істеу керектігін айтып, мамандардың байланыс деректерін беру керек. Кейде әлдебір танымал адам көмектесуі мүмкін. Мысалы, америкалық баспасөзден белгілі бір рэпердің суицидтің алдын-алу бойынша сенім телефонының нөмірін әнге қосып айтқанда жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицид саны 5 пайызға төмендегенін оқыдым.

– БАҚ жарияланымдарының суицид статистикасына әсері туралы нақты зерттеулер бар ма?

– АҚШ-та өткен ғасырдың 40-жылдарының соңынан бері осы мәселемен айналысып келеді. Зерттеу жүргізіліп, өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін адамның өмірі, өзін-өзі өлтірген орны мен әдісі егжей-тегжейлі сипатталған басылымдар еліктеу әсеріне ие екенін көрсетті. Бұл дәлелденген факт. Керісінше, одан қалай сақтану керектігі айтылса, суицид азаяды.

...Пандемия кезінде адамдарға үлкен психологиялық жүк түсті. Оны жеңілдету керек. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз. Өзіңізге көңіл бөліңіз, жұмыстан демалыс алыңыз, балаңызға көңіл бөліңіз, онсыз да оған мектепте оңай емес, енді үйде де қысым жасаудың қажеті қанша?

Физикалық қана емес, ділдік саулығыңызға да мән беріңіз. Біздің жан-дүниеміз де назарға, көмекке, қолдауға мұқтаж.

Айнұр САПАРОВА

Светлана Богатыреваның мұрағатынан алынған сурет

9 ақпан 2022, 15:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.