Атырау, 2 мамыр 02:34
 ашықВ Атырау +20
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

«Жыл адамы» Наргиз Баймолдаева: «Үй-ішімізбен екпе алдық, басқаларға да кеңес беремін»

1 738 просмотра

Атырауда облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз БАЙМОЛДАЕВА 2021 жылғы «Жыл адамы» деп танылды.

«Ақ Жайық» дәстүрлі Жаңа жыл қарсаңындағы түрлі номинациялар бойынша марапаттау рәсіміне, сондай-ақ басқа да көптеген іс-шараларға әдеттегіше шақырылған жоқ.  Бірақ оқырмандарымыз үшін, атап айтқанда, Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайының мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Серік БИҒАМБАЕВ «Жылдың мәдениет қызметкері», Токиодағы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері, дзюдошы Әнуар САРИЕВ «Жыл спортшысы», Атырау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының жетекші маманы Сәния ХАСАНОВА «Жылдың үздік санитарлық дәрігері», «Атырау» газетінің шолушысы Гүлжан ӘМІРОВА «Жыл журналисі» атанғанын атап өтеміз. Марапаттаудан кейін «AЖ» «Жыл адамы» Наргиз Баймолдаевамен хабарласты. Ол «жедел жәрдем» жүйесінде 11 жылдан бері еңбек етеді, бірақ, әрине, коронавирус пандемиясының екі жылы ең ауыр кезең болды.

– Әсіресе 2020 жыл ауыр болды. Әлем пандемияға дайын емес еді, адамдар үрейге бой алдырып, шақыртулар саны екі есе көбейді. Ауруханалар лық толып, бригадалар науқастарды барлық стационарға тасыды, бірақ оларды қабылдамады. «Жедел жәрдем» көлігі, бетперде, қолғап жетіспеді, - дейді Наргиз Нұритдинқызы. - Біз халықаралық рейстерді қарсы алдық, ковидке күдікті барлық жолаушы, сондай-ақ теріс ПТР тестілері жоқтар ықтимал ауру жұқтырушылар деп саналды. Біз оларды карантиндік стационарларға жеткізуге тиіс едік. Ал адамдар туыстары мен достарына, айналасындағыларға қауіпті болатындарын түсінбеді, олар ашуланып, келіспеді. Бір рет қолданылатын, «тыныс алмайтын» комбинезон киген қызметкерлер ыстық өтіп, есінен танып қалды. 40 жұмыскеріміз коронавируспен ауырып, екеуі қайтыс болды, олар – науқастармен тікелей байланыста болған марқұм фельдшер Алмагүл ДЕМЕСІНОВА мен көп рет қолданылатын қорғаныс костюмдерін өңдеуге қатысқан санитарка Сандуғаш АХМЕТОВА

Оның айтуынша, еріктілер, демеушілер атсалысқан кезде, Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті бюджет қолдау көрсеткен кезде, жеңілдеген. Жедел жәрдем қызметкерлері терінің тыныс алуына мүмкіндік беретін қайта қолдануға болатын костюмдерді пайдалана бастады. 2020 жылдың қарашасында автопарк 40 жаңа көлікпен, ал 2021 жылдың басында тағы 20 көлікпен толықты. Осы уақыттың бәрін жұмыс орнында өткізген Наргиз Баймолдаева таңертең ерте кетіп, кешке кеш келетін. Ал оны үйінде 12 және 4 жастағы екі ұлы, отбасы күтетін. Сол қорқынышты айларда Наргиздің қайын енесі қайтыс болған. Бірақ шектеулерге байланысты отбасы оны соңғы сапарға шығарып салу үшін басқа қалаға кете алмапты.

– Екі жыл бойы отбасымыз бүкіл шектеулерді қатаң сақтады. Ал вакцина пайда болған кезде мен алғашқылардың бірі болып оны ектіріп, ата-анамды екпе алуға көндірдім. Жақында үлкен ұлыма екпе салдырдым. Жұмыста көп нәрсені көрдім, бір нәрсені анық білемін: вакцина алмағандар ауруды әлдеқайда қиын өткереді. Менің екпе алған әріптесім жүктіліктің 12-14 аптасында коронавируспен ауырды, бірақ ол ауруды оңай жеңіп, бүгінде ана болуға дайындалуда. Жалпы, босаңсуға әлі ерте, баршасына екпе алып, бұрынғыша сақтық шараларын сақтауға кеңес беремін, - деп сөзін түйіндеді Н.Балмолдаева.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

30 желтоқсан 2021, 14:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.