Атырау, 26 сәуір 20:09
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

​Сабырбай Гайсин: «Шахмат – ақылды адамдардың ойыны дейтін әкем»

Сурет
1 816 просмотра

Атырау облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай ГАЙСИН осы бір ақыл-ойдың гимнастикасы саналатын шахмат спортының біздің өңірде дамуына өлшеусіз үлес қосып, көптеген халықаралық республикалық деңгейдегі жарыстардың жеңімпазын дайындады. Оның 60 жылдық мерейжасы қарсаңында өзімен әңгімелесудің сәті түскен еді.

 - Атырау облысындағы шахмат спортының дамуы өзге өңірлермен салыстырғанда қандай деңгейде?

- Біздің өңір ел бойынша алдыңғы қатарда. Оның дәлелі соңғы жылдары Атырау облысының шахматшылары түрлі деңгейдегі турнирлерде 50-ге тарта медалды жеңіп алды. Оның басым көпшілігі облыстық спорт басқармасына қарасты №1 мамандандырылған БЖСМ тәрбиеленушілерінің еншісінде. Бізде Азия чемпиондары бар, ал 2019 жылдың тамызында 10 жасқа дейінгі қыздар арасындағы шахматтың шапшаң ойнайтын түрінен шәкіртіміз Зарина Нұрғалиева әлем чемпионы атанды. Бұл үлкен жетістік!

- Сіздің ең мықты шәкіртіңіздің бірі Жәнібек Аманов екенін білеміз. Ол туралы айтып беріңізші?

- Жәнібек салыстырмалы түрде алғанда шахматқа кеш келді, бірақ өзінің дарындылығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында жетістікке тез жетті. 2005 жылы Мәскеуде «Аэрофлот Опен» деп аталатын әлемдегі ең үлкен шахмат турнирі өтті, сонда оған әлем чемпионы Анатолий Карповпен танысудың сәті түсті. Ол Жәнібекке: «Оның дарынды, қабілетті шахматшы екені байқалады, жоғары деңгейде дайындалуына қолайлы жағдай жасау керек» деп баға берген еді.  

Дарындылық өте маңызды, бірақ оны қолдау қажет. Мықты шахматшы болу үшін тек Қазақстан ішіндегі жарыспен шектелмей, мүмкіндігі болса алыс шетелдерге шығып, мықты шеберлермен ойнаудың маңызы зор. Жәнібек үмітті ақтап, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Одан кейін оны Американың Лос Анджелес қаласына шахмат клубына шақырып, 3 жыл сол клубтың құрама командасында ойнап, сол жақта балалар тренері болды. Мен Жәнібекке Атырауға келіп, бірлесіп дарынды балаларды дайындап шығаруға ұсыныс бердім. Қазір ол да жаттықтырушы болып, бірге жұмыс жістейміз.  

- Сіздің федерацияның шетелдегі турнирлерге қатысуға  мүмкіндігі бар ма?

- Біздің өңірде шахмат спортына барлық мүмкіндік жасалған десе болады. Облыстық спорт басқармасы жылына 10-12 жарысқа қатысуымызға мүмкіндік жасап тұрады. Басқа өңірлердегі ойыншылар маған хабарласып, Атырау облысы атынан шыққымыз келеді деп ұсыныс білдіріп жатады. Мәселен, астанамыз бен Алматыда жарысқа қатысу үшін шахматшылар демеушіні өздері іздеп табады.

- Шәкірттеріңізді жаттықтырудағы өзіндік әдіс-тәсіліңіз бар ма?

- 1988 жылы Грецияда өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында венгриялық апалы-сіңлілі Жужо, София және Юдит деген үш қыз олимпиаданың алтын медалдарын ұтып алды. Олардың ең кішісі 12 жаста еді. Бұл жағдайға әлем таңғалып, сырын сұрастырғанда, оларды қарапайым психолог, мектептегі математика пәнінің мұғалімі Ласло Полгар деген әкесі дайындаған болып шықты. Кейін сол Полгар қыздарын қалай дайындағаны жөнінде кітап жазып шықты. Маған да сол Полгардың еңбектері көп көмек болды.  Сонымен қатар ғаламтордағы ең қызықты деген дайындау әдіс-тәсілдері туралы ақпаратты бақылап отырамын. Ғасыр өмір сүрсең, ғасыр оқы демей ме. Ресейлік мықты жаттықтырушылардың YouTube каналын қарап, солардың ішінен өзіме керегін түртіп алып, қажет кезде қолданып жүремін.

 

«БАЛАБАҚШАДАН БАСТАУ КЕРЕК»

- Шахматқа қызығушылар көп пе? Оларды неше жастан бастап қабылдайсыз?

- Шахматқа бірінші сыныптан бастап қабылдай береміз. Бірақ Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 4-5 жастан қабылдайды. Оның себебі шахмат ойыны жылдан-жылға жасарып келе жатыр. 6-7 жастағы балалар арасында да Азия, әлем чемпионаттары өткізіле бастады. Баланың табиғи қабілетін неғұрлым ертерек байқасаң, бала сол қабілетімен ертерек айналысса, нәтижеге жетуі соғұрлым жоғары болады. Қазір балабақша балаларының арасында тест өткізіп жүрмін. Байқағаным, жоғары жетістікке жеткендер сабақ үлгерімі жақсы, математиканы жақсы меңгерген балалар.

- Өзіңіз шахматқа қалай келдіңіз, әулетіңізде шахматшы болған ба?

- Әкем отбасындағы төрт ұл балаға дойбы ойнауды үйретті. Бірде ол «мен шахматты білмеймін, бірақ шахмат ең ақылды адамдардың ойыны» деген еді. Осы сөз менің ойымда сақталып қалды. Сол кездегі менің шахматқа келуіме себеп болған 1972 жылдың тамыз-қыркүйек айында әлем көзін тіккен бір оқиға болды. Ол кеңес үкіметінің белгілі шахматшысы сол кездегі әлем чемпионы Борис Спасский мен американдық Робберд Фишер арасындағы тайталас. Ойынды бәрі бақылап отырды, тіпті мектеп мұғалімдері де. Ойы жүйрік Фишер жеңіске жетіп, әлемнің 12-ші чемпионы атанды. Сол кезден бастап шахматқа қызығушылым оянды. Бағыма орай пединститутта оқып жүрген кезімде оқытушыларым шахматқа құмар болды. Бос уақытында шахмат тақтасында сайысқа түсіп жатады. Олар менің шахматқа қабілетімді байқап, кейін сабақтан соң мен де ойнап, оларды бірте-бірте ұта бастадым.

- Жақсы ойын болу үшін қандай қасиет керек?

- Шахматта ең бірінші мықты логика, есте сақтау қабілеті және тез арада шешім қабылдай алу керек. Ең бастысы баланың ынтасы мен ерік-жігері мықты болуы шарт. Өйткені шахмат ойыны орташа 3-4 сағатқа созылатын кездер болады.

- Қазақстанда қазіргі чемпиондарға қандай жағдай жасалған?

- Атырау облысын айтсам, бізде қазір шахматтан кәсіби деңгейде ойнап жүрген үлкендер жоқ, тек балалар. Оның ішінде бір әлем чемпионы Зарина Нұрғалиева. Қай қалаға барып, қайда ойнаймын десе де еш кедергі жоқ. Ал республика бойынша ересектер арасындағы шахматтан чемпиондарға жоғары көлемде шәкіртақы тағайындайды және жақсы жаттықтырушыларды жалдап береді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор және С.Гайсиннің архивінен алынған

 

АЖ анықтамасы: 1924 жылы 20 шілдеде Парижде Халықаралық шахмат федерациясының негізі қаланды. Сол күн әлемде Халықаралық шахмат күні болып аталып келеді. ФИДЕ-нің ресми мәліметінше, қазір әлемнің 183 елінде 700 млн адам шахматпен тұрақты түрде айналысады. 
8 желтоқсан 2021, 14:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.