Атырау, 19 наурыз 07:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 449.30
€ 489.69
₽ 4.89

Заңсыз ​бөгеттерді кім бұзады?

1 785 просмотра

«Ойыл өзені» қоғамдық қоры «ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары бойынша комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесін әкімшілік әрекетсіздігі үшін айыптады. Аталған іс бойынша алдын ала тыңдау Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында өтіп жатыр.

Тоқтала кетейік, соңғы жылдары Қызылқоға ауданының тұрғындары қоғамның назарын үлкен мәселеге аударуға тырысып келеді, себебі, сегіз ауылдық округтің 18 мыңнан астам тұрғынының ауыз сусыз қалатын қаупі бар. Көктемде су келмейді, көлдер мен өзендердің су деңгейі түсіп барады. Тұрғындар үшін ауыз су емес, қарапайым су да қат бола бастады, себебі, жерасты сулары ащыланып келеді, сәйкесінше, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы тұралап тұр.

Ойыл өзені Ақтөбе облысынанан бастау алып, 800 шақырымдайы Атырау облысы аумағында ағып өтеді. Кеңес дәуірінде кеңшарлар құрылғанда өзен бойында сансыз бөгеттер салынған. 60-жылдары өзеннің ұзындығы 100 шақырымға қысқарды. Сол кездің өзінде Қызылқоға ауданындағы Ойыл өзені құйған аумағы 450-500 мың гектар болатын Сарыкөл көлі құрғап кетті. Су ресурстарына жауапты органдар судың азаюы жауын-шашынның көлеміне байланысты дейді, дегенмен, аудан тұрғындары мәселе бөгеттерге тіреледі деп отыр. Олардың көпшілігі заңсыз салынған әрі гидротехникалық құрылыс талаптарына сай келмейді. Бөгеттердің басым бөлігін шаруа қожалықтары жеке қажеттіліктері үшін салып алған.

Ауданның белсенділері өз бастамаларымен өзен бассейнінің азаю себебін зерттеу үшін бірнеше экспедиция ұйымдастырған еді. Ал 13-18 мамыр аралығында Ойыл мен оның салаларында орналасқан гидротехникалық құрылыстарға зерттеу жүргізілді. Зерттеу жүргізген комиссия құрамына Атырау және Ақтөбе облыстарының мемлекеттік органдарының өкілдері мен тұрғындары кірді. Олардың арасында ҚР Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Д.Бекмагамбетов, «Жайық Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғ.Азидуллин, Ақтөбе облысы табиғат пайдалану және табиғи ресурстар басқармасының басшысы Б.Тасболатов, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ж.Тұрдағалиев, «Қазсушар» РММ Ақтөбе филиалының директоры А.Ализақ және тағы басқа адамдар қатысты.

- Комиссия Ақтөбе облысы аумағындағы өзен бойынан 57 түрлі гидротехникалық құрылыстарды анықтады. Қызылқоға ауданындағы Ералы бөгеті комиссияның 20 мамырдағы есебінде көрсетілмеген. Осылайша, өзен бассейнінде қазіргі таңда 58 гидротехникалық нысан бар. Олардың 6-уы қалдықтан, топырақтан тазалауды қажет ететін табиғи өзек болса, 52-сі адам қолымен салынған бөгеттер. 52 бөгеттің 49-ы бойынша ҚР су кодексінің талаптарына сәйкес арнайы суды пайдалануға ресми рұқсаттар, жобалық құжаттар, есептеулер мен суды пайдалануға келісімдер жоқ. Демек, олардың бәрі заңсыз, - деді сотта «Ойыл өзені» ҚҚ өкілі Айнагүл Дәулетбаева.

Оның айтуынша, ҚР Су кодексіне сәйкес Қызылқоға ауданының тұрғындары өзен бассейнінде су пайдаланушы болып табылады және ауыз су үшін санитариялық талаптарға сәйкес ауыз сумен қамту жүйесінің суын үздіксіз пайдалануға құқылы. Оның үстіне, ҚР Су кодексінің 17 бабына сәйкес бiрлесiп пайдаланудағы су объектiлерiн пайдаланған кезде ағын судың төменгi жағында орналасқан су пайдаланушылардың мүдделерi бiрiншi кезекте қанағаттандырылады, демек, Атырау облысы Қызылқоға ауданының тұрғындары мен шаруашылық нысандарының мүддесі жоғары болу керек.

Қордың пікірінше, тұрғындар тарапын инспекция қорғау керек. Комиссия жұмыстарының аяқталғанына жарты жылдан астам уақыт өтсе де, инспекция заңсыз бөгеттерді бұзу және материалдарды сот және құқыққорғау органдарына тапсыру бойынша әкімшілік шаралар алмады. Осыған сәйкес ҚҚ инспекция үстінен сотқа шағым түсіріп, әрекетсіздік танытты деп тануды және Ойыл өзені мен салаларындағы гидротехникалық құрылыстар бойынша барлық құқық белгілеуші құжаттарды тексеруден өткізіп, 49 гидротехникалық құрылысты бұзу бойынша ұйғарым шығаруды талап етуде.

Өз кезегінде Жайық-Каспий бассейн инспекциясы талап арызға берген жауабында қауымдастық инспекцияның әрекетсіздігі деп айыптауға негіз жоқтығын алға тартты. ГТҚ кеңестік кезеңде, яғни қазіргі су кодексі мен инспекцияның өзі пайда болғанға дейін салынған. ГTҚ-ға құқық беретін барлық құжаттарды қайта қарау қажеттілігі туралы мәселені көтерген ҚБ арызы 2021 жылдың 29 қыркүйегінде жазылған. Оған жауап беру үшін жергiлiктi жерде тексеру, сондай-ақ басқа да мемлекеттiк органдардан тиiстi ақпарат пен деректер жинау қажет екендiгi ескерiле отырып, өтiнiштi қарау мерзiмi ұзартылып, ҚБ жеке хатпен хабардар етiлдi. Анықталған 49 ГТҚ-ның 14-і мемлекеттік – 10-ы республикалық, 4-і коммуналдық меншікте болып шықты. Қалғандары иесіз. ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес иесіз құрылымдарға қатысты тиісті іс-әрекеттерді жүзеге асыру облыстың жергілікті атқарушы органдарына жүктелген, яғни бұл инспекцияның құзыретіне кірмейді. Осыған байланысты инспекция соттан талап арызды қанағаттандырусыз қалдыруды өтінді.

Жауапты тараптың өкілі сот барысында ауыз суды пайдалану үшін санитариялық ережелерге сәйкес ауыз сумен қамту жүйесінен үздіксіз сумен қамту келісімшартын көрсетуді талап етті. Кейін жауапты тарап өкілінің телефон қуаты таусылып, онлайн процестен шығып қалды. Келесі отырыс 6 желтоқсанда өтеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

 

29 қараша 2021, 23:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.