Ақтөбеде теннистен өткен жасөспірімдер мен қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатында 16 жасар жерлесіміз Әсел ЖҰМАМҰХАМБЕТОВА жеке және жұптық разрядта екі алтын медаль ұтып алды. Бұл - үлкен теннистен алғашқы атыраулық чемпиондық жүлде. Табысқа қалай қол жеткізілді? Міне, осы және басқа да сауалдарды облыстық теннис федерациясының директоры Вера ТИХОМИРОВАҒА қойған едік.
ӘСЕЛГЕ ДЕГЕН СЕНІММЕН
- Алғашқы чемпионымыздың спорттық жолы туралы айтыңызшы.
«ЖС» дереккөзі:
Вера Рафаиловна Тихомирова, 37 жаста, спорт шебері, 18 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының бапкері.
- Әселдің болашағы зор. 2011 жылғы спорттық нәтижелері бойынша Қазақстанның «Жыл ойыншысы» атанды. Ол осы жылы барлық міндетті турнирлердің барлығын ұтып, Қазақстан теннис федерациясының он мың долларлық грантына ие болды.
Әсел тенниспен бұдан 9 жыл бұрын алты жасынан бастап шұғылдана бастады. Оны ата-анасы «Мұнайшы» спорт кешеніне денсаулығын нығайту үшін ғана әкелген. 2010 жылы спортшы Астрахан облысы губернаторының кубогын ұтып алса, 2011 жылы Түркияда «Kamelzon Junior Open» кубогына ие болды. Содан кейін Германияда өткен үлкен турнирде үздік сегіздіктің қатарына ілікті. Соңғы екі жылда Әсел Қазақстан жасөспірімдер құрамасының №1 ойыншысы болып есептеледі.
Біз енді Әселді халықаралық жарыстарға қатыстыратын боламыз. Түркияда, Украинада, Грузияда өтетін «Tennis Europe» сериясы турнирлеріне қатысуды жоспарлап отырмыз. Бұл жерлерде бізге Әйелдердің теннис қауымдастығы (WTA) және «Үлкен шлем» турнирлеріне қатысу үшін ұпайлар жинау керек.
Әселдің шеберлігіне еш күмәнданбаймын. Алайда ірі халықаралық жарыстарда психологиялық әзірлік өте маңызды. Мысалы, чех қызы Петра Квитова Уимблдон турнирінде жеңіске жеткен, ал қазір әлсіз қарсыластарына жол беруде. Серена Уильямс, керісінше, спорттық қоғамдастықтың назарынан көп уақыттар бойы аулақ болып еді, келді де, «Үлкен шлемді» ұтып, тағы жоғалып кетті. Бұл жерде тек өз күшіңе деген сенімнен айырылмауың керек.
ЖҮЗГЕ ҚАРСЫ БІР КОРТ
- 2010 және 2011 жылдары Қазақстанның теннис федерациясы сізді «Жыл бапкері» деп таныды...
- 2010 жылы менің шәкірттерім қазақстандық теннисшілер арасынан ең көп жүлделерге қол жеткізді. Ал 2011 жылы мен «Жыл бапкері» атағын Әсел Жұмамұхамбетованың табыстары арқасында алдым.
- Болашағынан үміт күттіретін басқа да шәкірттеріңіз туралы айтсаңыз.
- 12 жасар Гаухар Зналиева балалар арасындағы Қазақстан чемпионатында жеке және топтық разрядта күміс және қола медаль ұтты. Ол ел құрамасына қосылды. Әрі қарай да жақсы нәтижелер көрсетеді деп үміттенемін, өйткені Әсел Жұмамұхамбетова өз жеңістерін дәл осы жасында бастаған еді.
16 жасар Айдана Нұрпейісовадан да үміттіміз. Ол тенниспен кешірек 13 жасынан бастап шұғылдана бастады. Алайда Түркияда «Kamelzon Junior Open» турнирі мен Ақтөбе облысы әкімінің кубогында «күміс» жүлде алып, бәрін таңғалдырды.
Бекежан Жайықбаев республикалық рейтингте төртінші орында. Ол ұлттық құрама сапына іліге алмады, алайда ұлттық құрамада тек бір теннис корты бар Атыраудан үш теннисші бар екенін есепке алсақ, бұл - керемет нәтиже. Салыстырып өтсек, Астанада жүзге тарта корт бар, Алматыда – 240, Таразда, Қызылордада, Ақтау мен Ақтөбеде тенниске арналған спорт базалары мен спорттық мектептер бар. Ал бізде «Мұнайшы» спорт кешенінде бір ғана секция жұмыс жасайды.
Осы жылы облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бізге үлкен қолдау көрсетеміз деп сөз берді. Үміттенеміз...
- Жалақыны қайдан аласыз?
- «Мұнайшы» спорт кешенінен.
ЧЕМПИОН БОЛУ МІНДЕТТІ ЕМЕС
- Менің білуімше, Атырауда заманауи спорт орталығын салу жоспарлануда...
- 2014 жылы халықаралық стандарт бойынша 4 корты бар орталық салынуы керек. Бұл жағдайда біз Атырауда шетелдік спортшылар қатыса алатын «Tennis Europe» және ITF турнирлерін өткізуге лицензия ала аламыз. Атырауда теннисті көтеру Қазақстанның теннис федерациясы үшін стратегиялық тиімді. Біз Ресейге жақын орналасқанбыз, сондықтан да біздің корттарымызда мықты ресейлік және қазақстандық спортшылар жиі өнер көрсете алар еді.
- Теннис секцияларында тек чемпиондар ғана жаттықпайды. Сабақтардың құны қанша?
- Айына 8 мың жарым теңге. Қазір бізде әр уақытта 4-тен 17-ге дейінгі жас аралығындағы 70-тей бала шұғылданады. Спорттық жабдықтар барлығына жеткілікті.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ