Атырау, 25 сәуір 13:18
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Жайықтың тайыздануы «Жасыл Қазақстанға» енгізілмеді

1 600 просмотра

Жуырда ҚР Үкіметі еліміздің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасын бекітті. Өкінішке орай, экологиялық апатты өткеріп жатқан Жайық бұл жобадан тыс қалды. Сонда өзен мәселесі тек Атырау тұрғындарын ғана мазалайды екен.

Ұлттық жобаның бекітілген нұсқасында еліміздің су айдындарының, атап айтқанда Жайық-Каспий бассейнінің экожүйесін сақтау шаралары қарастырылмаған. Мақұлдау сатысында Қиғаш өзенінің су көлемін ұлғайту және гидрологиялық режимін жақсарту бойынша 11 млрд 88 млн теңгеге жұмыстар, 835 млн теңгеге Деркөл өзенінің арнасын тазарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар мен жұмыстар қарастырылған.

Еске салсақ, 2018 жылы экологтар Жайықтағы су деңгейі рекордтық деңгейге жеткенін хабарлаған болатын. Осыдан кейін ахуал тек нашарлауда. Арада бір жыл өткенде Орал тұрғындары сусыз қалды, өйткені өзен деңгейінің төмендегені сонша, қала тұрғындарының үйлеріне су беретін сорғыларға су тартатын жер қалмады. Су беруді қалпына келтіру үшін сорғылар орнатылған жердегі өзен түбі тереңдетілді. Бұл шара уақытша ғана әсер етті. Қазіргі таңда ашық дереккөздерден алынған мәлімет бойынша, Оралда күніне 50-55 мың текше метр ауыз су тұтынылады. Оның жартысынан көбі – 32-33 мың текше метрі – Жайық өзенінің ағыны. Су деңгейінің төмендігіне тағы бір мәселе қосылды - өзендегі су өнеркәсіптік ағын сулармен қатты ластанған. Мұның бәрі Жайыққа ластанудың бесінші санатын беруге әкелді. Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Жайық суының тайыздануын апат деп атады.

Өзенде барлығы 58 сала бар, олардың ең ірісі Сақмар, Елек және Шаған арналары. Жайықтың жоғарғы ағысында Ириклинск су қоймасы салынғаннан кейін ол Сақмардан  құятын сумен 80%-ға дейін тола бастады. Қазіргі уақытта Ресей аумағында Жайық арнасы мен оның салаларына су қоймаларының салынуын өзеннің тайыздану себептерінің бірі деп атайды.

Академик Александр ЧИБИЛЕВТІҢ мәліметінше, өзендегі су деңгейінің төмендеуі сонау ХХ ғасырдың 70-жылдары байқала бастаған. Дәл осы кезеңде Жайық өзенінің жоғарғы ағысында гидроэлектр станцияларының, сәйкесінше ірі су қоймаларының құрылысы басталды. Бүгінде Жайық бассейнінде Ириклинскийден басқа осындай 12 су қоймасы бар, олардың әрқайсысында кемінде 10 миллион текше метр су бар.

Мұнымен қатар, өзен арнасының бөгелістер тудыратын ағаш діңдерімен, балдырлармен, ластану ластану мәселесі де тұр, олар судың едәуір лайлануына әкеледі.

Бұл мәселе арналарды тазарту және тереңдету жұмыстарын жүргізу арқылы шешіледі. Экологтардың айтуынша, Жайық өзеніне құятын арналар мен салаларға назар аудару қажет. Көп бөгеттер мен су қоймалары су ағынын тоқтатып тастады. Нәтижесінде арнаны қамыс, балдыр басып кеткен. Су ағыны жоқ. Жайық бассейніндегі шағын өзендер – Барбастау, Деркөл, Үлкен және Кіші Өзен, Қиғаш өзендерінің арналары да солай болып жатыр.

Жайық өзенінің арнасы мен салаларын тазарту арқылы өзеннің негізгі арнасының бүйірлік ағынын арттыруға болады. Бұдан басқа, Жайық және Қиғаш өзендерінің бағалы балық түрлері уылдырық шашатын жерлерге өтетін каналдарын тазарту қазіргі балық шаруашылығы саласындағы өзекті ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді. 

Дегенмен, Жайық-Каспий бассейніндегі аса күрделі проблемаларға қарамастан, Ұлттық жобада еліміздің негізгі су жолдарының бірінің экожүйесін және су көлемін сақтау бойынша еш шара қарастырылмаған. Ұлттық жобаның бастапқы нұсқасына енгізілген Қиғаш және Деркөл шағын өзендерін тазарту шаралары құжаттан алынып тасталды. 

Ұлттық жобаның алдағы бес жылға бекітілгенін ескерсек, алдағы жылдары Жайықтың тайыздану мәселесімен ешкім айналыспайды деп сеніммен айтуға болады. Содан соң, бәлкім, өзеннің өзі де жоғалуы мүмкін.

Фархат АБИЛОВ

23 қараша 2021, 16:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.