Атырау, 9 қазан 04:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

Зағип жандар да туған жерінде еркін жүргісі келеді

Сурет Бейнежазба
2 314 просмотра

Атыраулық зағип жандар көп жылдан бері қала көшелері зағип жандардың өз еркімен жүруіне қолайсыз екенін айтып келеді. Жақында қала әкімдігі Сәтпаев көшесінің бойында көзі көрмейтіндерге арналған бүдірлі плита төсеп бастады. Бірақ жаңбыр мен желден кейін қазір оның да желімі ашылып жатыр.

Соқырлар қоғамының мүшесі, 1 топтағы көз мүгедегі Айбек Идаятовтың айтуынша, көзі көрмейтіндерге арналған жолдар бүлініп жатыр, себебі жұмыстар күз келгенде жасалады.

- Біз ТКШ бөліміне жұмыстар жаз мезгілінде жүргізілмесе күзде желімі тез кеуіп кетіп, нәтиже болмайтынын айтқан едік. Енді күн жылынған соң қайта желім жағып жөндеуге тура келеді, - дейді Айбек.

ҚҰТҚАРАТЫН ПЛИТА

Төселген плиталарда ақ таяқтылар жүретін рельстер бар. Сондай-ақ тиісті жерге арнайы кедір-бұдыры бар плита төселген. Біз бұдырлы плитаны табанмен басу арқылы алдымызда баспалдақ, бұрылыс немесе бір кедергі бар екенін білеміз. Абайсызда құлап қалып, белімізді ауыртып алудан сақтанамыз.

- Қазір «Соқырлар қоғамы» ғимаратының қасындағы аялдамаға көзі көрмейтіндер үшін қандай автобустардың келіп тоқтағанын хабарлайтын құрылғы орнатқан. Біз қоғамдық көлік тоқтаған кезде оның қандай маршрут екенін тетікті басу арқылы білеміз. Бірақ бұл құрылғының да орнатты деген аты ғана. Біріншіден қандай автобус келіп тұрғанын хабарламайды. Екіншіден оны соқыр адам сипап таба алмайтын қуысқа орнатқан. Мен мұндай құрылғы орнатылғанын таныстарымнан естідім. Білмейтін адам бұл құрылғыны басу үшін аялдаманы түгел сипалап шығуы мүмкін. Бұл мүгедектермен ақылдаспай жасалған жұмыстың бір көрінісі, - дейді Айбек.

КӨРМЕСЕК, ЕСТИМІЗ

Зағип жандардың өз еркімен жүріп-тұруы үшін облыс әкімдігінің ғимараты мен №40 мектепте арнайы бағдарлама арқылы дыбыстық қоңырау орнатылған. Бағдарламаның жұмысы – зағип адам сигнал орнатылған ғимараттың қасына жақындағанда оның телефоны қасында тұрған ғимараттың атауын айтып, есігі қай жерде орналасқанын дыбыстайды. 

- Біз дыбыс арқылы есіктің қайда орналасқанын тауып бара аламыз немесе телефондағы тетікті басып, қызметшіні шақырта аламыз. Сондай құрылғы көпірге де қондырылғаны жақсы. Мысалы біз көшемен жүріп келгенде көпірге шығатын жерді таба алмаймыз. Ал дыбысты тетік болса, ол біз үшін көп көмек. Сондай құрылғы бүкіл мекеменің есігінде қондырылса біз қалада еркін жүріп,  қай жерде келе жатқанымызды да біле аламыз, - дейді зағип жандар.

Айбектің айтуынша, көз мүгедектеріне арналған арнайы жоба саябақтарға, алаңдарға және жағалауларға да қажет. Олардың қасында үнемі көмекші жүре алмайды. Өздері серуендеп, ептеп жұмыстарын да бітірер еді. Қазір қоғам зағип жандарға қолжетімсіз болған соң көзі көрмейтін көптеген жан үйінде отыр.

Қазақ соқырлар қоғамы ҚБ Атырау филиалының оңалтушысы Маржан Ерғалиеваның айтуынша, қазір  Атырау облысы бойынша 1-2 топтағы қазақ соқырлар қоғамының 600 ден астам мүшесі бар. Оның 208-і Атырау қаласында тұрады. Олардың бәрі төсекке танылған жандар емес. Көздері көрмесе де көпшілігі бос уақытында қоғамның ғимаратына келіп, спорттық ойындар ойнап, кітап оқып, тағдырластарымен шүйіркелесіп тұрады. Бұрын тек 1 немесе 2-топтағы мүгедек қоғамның мүшесі бола алатын болса, биылдан бастап олардың қатарына көз жанарынан 3 топ мүгедектері де қосыла алады.


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор 

19 қараша 2021, 11:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.