Атырау, 27 сәуір 03:51
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Теңіз орманға айналар еді

6 632 просмотра

Атырау облысының табиғат пайдаланушылары 2012 жылға жалпы сомасы 30,2 млрд теңге болатын 300-ден аса табиғат қорғау шараларын жоспарлаған болатын. Жұмсалғаны одан да көп - 35,6 млрд. Алайда, тиімділігі қандай? Жақында болған облыстық қоршаған ортаны қорғау комиссиясының отырысында осы мәселелер сөз болды. 

ШЫҒАРЫНДЫЛАР ҰМЫТЫЛДЫ

Жалпы өсім үрдісіне қарамастан, бірқатар компаниялардың экологиялық шығындары төмендеуде. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Ерболат ОМАРОВТЫҢ айтуынша, «НКОК» компаниясы 2011 жылы 14,5 млрд теңге бөлсе, 2012 жылы екі есе кем – 7,6 млрд теңге қарастырған. «ҚазТрансОйл» АҚ БФ-ның осындай шығындары да тұрақты азаюда: 2010 жылы 3,1 млрд теңге, 2011 жылы 1,4 млрд, 2012 жылы 542 млн теңге.

ТШО өткен жылы экологиялық шараларға 18,1 млрд теңге салып, 24,4 млрд жойған. Қаражаттар суды қайталама қолдану жобасы аясында канализациялық-тазалау имаратын салуға, сарқынды суларды өңдеу және тастау жүйелерін жетілдіруге, алаулардағы қышқыл газдарды жағу көлемін қысқартуға және т.б. бағытталды.

- Алайда жоспардың бірде бір тармағында өнеркәсіптік шығарындыларды қысқарту және сүзгілеу бойынша шаралар қарастырылмаған. ТШО зауыттарындағы штаттан тыс шығарындылар туралы айтпағанда, өндіріс қуаты артып келе жатқаны белгілі. Тек соңғы бес жыл ішінде ғана 600-ден аса улы заттарды лақтыру оқиғалары тіркелген, -  дейді Омаров.

Комиссияға қатысқан академик Муфтах ДИАРОВ Теңізшевройл экологиялық шараларының қатарына бұрғылау нысандарында міндетті талдар мен бұталар отырғызу туралы тармақ қосылуы керектігін айтты.

- Егер Теңізде көгалдандырумен айналысса, ол жер орманға айналар еді, - деп есептейді академик.  

 

МҰЗЖАРҒЫШ ПЕН ИТБАЛЫҚ

«НКОК» компаниясы өткен жылы табиғат қорғау шаралары жоспарын 78,2%-ға орындаған. Олардың бір бөлігі өндірістік қажеттілікке байланысты болғандықтан жүзеге асырылған. Мысалы, бұрғылау шламдарын айдау сынақтары, өндірістік сұйық қалдықтарды жою жұмыстары, шикі газды жоғары қысымда жер қойнауына қайта айдау жүйесін монтаждау сияқты жұмыстар. Бір қызығы, сарқынды сулар мен қатты қалдықтарды жағаға жеткізу үшін танкерлер мен баржылар сатып алу да табиғат қорғау шараларына қосылған.

Жоспардағы итбалықтарды зерттеуге белгіленген 70 млн теңгенің орнына компания 220 млн жойған. Осындай үлкен шығындарды НКОК өкілдері итбалықтардың саны мен жатын жерлерін анықтау үшін аумақты жиі ұшып аралауға кететін шығындармен негіздеді. Алайда осы теңіз жануарларының жаппай қырылу себептері әлі күнге дейін ресми түрде айтылған жоқ. Жұртшылық үшін жабық есептерге қол жеткізген кейбір тәуелсіз экологтар итбалықтар Солтүстік Каспий жобасына қызмет ететін мұзжарғыш кемелердің кесірінен қырылуда деп жариялап отыр. Олардың айтуынша, консорциум кемелері Каспий мұздарындағы итбалықтарды өмірлерінің ең маңызды да әлсіз кездерінде - өмірге күшіктері келіп жатқан мезгілде басып-жаншып кетеді екен. Қазір дәл сол күшіктейтін уақыттары.

Комиссияда отандық компаниялар туралы да айтылды. «Ембімұнайгаз» ӨФ-да 2012 жылы аумақты көгалдандыру қарастырылмаған. АМБ-да бір шыбық та отырғызылмаған, осыған бөлінген 856 млн сол күйінде игерілмеген.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

14 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.