Атырау, 9 қазан 08:21
 ашықВ Атырау +20
$ 486.44
€ 534.31
₽ 5.06

Ауылдағы атыс: Сағызда не үшін қан төгілді

Сурет Бейнежазба
2 694 просмотра
Сағыз. Атыс болған жер

Қызылқоға ауданы Сағыз ауылындағы топтасқан төбелес пен атыстың салдарынан бір адам қаза болып, бес адам түрлі жарақат алды. «АЖ» тілшісі елді дүрліктірген жайттың себебін білу үшін арнайы іссапармен сол ауылда болып қайтқан еді.

Сағыздағы полиция бөлімшесі

Полицияның ресми ақпары бойынша, оқиға 30 қазанда сағат 19.30 шамасында ауылдан 10 шақырым, «Атырау-Ақтөбе» тас жолына жақын жерде болған. Қазір тергеу жүріп жатыр, әзірге бұл қылмыстың қалай болғаны жөнінде нақты дерек жоқ. «АЖ»-ның қолда бар ақпараты бойынша бір топтың адамдары екінші топтың қаруланып келгенін, боратып оқтың астына алатынын білмеген, сондықтан жайрап қалды. Ал оқ жаудырғандар оқиға орнынан бой тасалап, қашып кеткен.

Сағыз дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Исламжан ҚОСЖАН:

- Сол күні кешкі сағат 7-ге таман фельдшер телефон соқты, ЖКО болды деген ақпар түсті деп. Олай болмады... Жарақаттанғандарды амбулаторияға кім әкелгенін білмеймін, мен келгенде олар сонда болды. Алдымен үш адам болды:  1985 жылы туған Қайрат ТЕМІРҚАСОВ, 1986 жылғы Болатбек ӘМІРШИН, 1985 жылғы Санабай БОРАНҚҰЛОВ атыс қаруынан ауыр жарақатпен келді. Біз оларға дереу алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Көрші Мақаттан да көмек сұрап, зардап шеккендерді облыс орталығындағы ауруханаларға жеткізу үшін Атыраудан санавиация қажеттігін хабарладым. Жарты сағаттан кейін төртінші адам, 1985 жылғы Ринат ЕГІЗБАЕВТЫ, одан кейін оның құрдасы Серік КЕЛДІБАЕВТЫ әкелді. Қанша әрекет жасағанымызбен, Келдібаевты ажалдан арашалап қалу мүмкін болмады. Бір науқас ауыр дене жарақатына байланысты Мақат аудандық ауруханасына қалдырылып, оған шұғыл түрде ота жасалды, қалғандары Атырауға жөнелтілді. Жарақаттанғандар мен қайтыс болған азамат - осы ауылдың адамдары.

«БӘРІ БІР-БІРІН ЖАҚСЫ ТАНИДЫ»

Серік Келдібаевты қарашаның 2-сі күні туыстары жер қойнына тапсырды. Артында бес баласы мен жас келіншегі жесір қалды.

Жанат Келдібаева

- Келінімнің алтыншы балаға аяғы ауыр, айы күні жетіп, сәбиі енді дүниеге келеді деп отыр едік. Бұл қайғыны көтере алмай анам қайта-қайта ауырып, жедел жәрдем шақыртумен отырмыз. Бізге оңай болып жатқан жоқ. Әке-шешеден он бала өрбігенбіз, солардың ішінде Серік екеуміз бір-бірімізге өте жақын болдық, сырымызды бөлісіп отыратын едік, - дейді Серіктің апасы Жанат КЕЛДІБАЕВА күрсініп. - Осыншама жауыз болар ма, інімді әбден қинаған, бірнеше рет атып, пышақ сұққан. Менің інім мен достары оқ атады деп ойламаған болуы керек, сөйлесеміз дегесін бейқамдау жетіп барған. Біз ауруханаға келгенде інім қайтыс болып кеткен. Бәрі бір ауылдың балалары - зардап шеккендер де, іздеуде жүргендер де. Бір-бірін жақсы таниды. 

 

ҚАРУЛАНҒАНДАР БІР-БІР ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

Оқиға неден туындағаны жөніндегі сауалға жауап іздеп көрдік. Полиция қанды оқиға өзара келіспеушілік салдарынан болған дегенімен ауылда жікке бөліну бұрыннан қалыптасқан. Темір жолдың екі беті шекара саналып, «Шанхай», «Центральный», «Совхоз» болып үшке бөлінген бір ауыл тұрғындарының арасында қақтығыс жиі болып тұрады. Бірінің «ауылына» бірі кіре алмай, жазатайым барып қалса, таяқ жеп жүру ертеректен бар. Осындай келіспеушіліктің соңы төбелеспен не жазатайым оқиғамен аяқталып жатады. 2018 жылы осы ауылда екі баланың әкесі, танымал асаба, өнер иесі Беркін ТЛЕУБАЕВТЫ өлтіріп тастады. Кінәлілер сотталып, жазасын өтеп жатыр. Бұл жолғысы ерекше, қақтығыс ересек, орда бұзар жастан өткен отбасылы адамдар арасында болды. Ауыл адамдарының айтуынша, шатақ осындағы қытай компаниясы салып жатқан жол құрылысымен байланысты ақшадан шыққан деседі.

- Айтқанымдай, інім бар сырын маған айтатын. Бұл оқиға бизнес пен қанға қанның өтеуінен болған деп ойлаймын. Серік - «шанхайлықтардың» бірі. Оның тіркемесімен қоса «КамАЗ» көлігі бар. Соны жол жасап жатқан фирманың біріне жалға бергісі келген. Шатақ сол жерден шыққан.  «Совхоз» «үлесті» бөліскісі келмей, «Шанхайдың» техникаларын қосуға кедергі жасайды, - дейді Ж.Келдібаева. - Олар өзара сөйлесеміз деп бір-бірін кездесуге шақырғаннан кейін жағдай ушығып, соңы атысқа ұласып отыр. Тағы бір себебі Серікке тікелей жасалған қастандық болуы мүмкін. Осыдан үш жыл бұрын «Совхоз» жағындағы Б.Тлеубаевты өлтірген менің туған інім Ербол Келдібаев сотталып кетті. Енді Серікті өлтіріп отыр...

7600 халқы бар ауылдағы қылмыстық ахуалды полиция бөлімшесіндегі 12 қызметкер қаншалықты бақылап отыр деген сұрақ туындайды. Осыншама мылтық (аңшылық шолақ мылтық қолданылған секілді) қайдан алынды? Біріншісі риторикалық сұрақ десек, екінші сұраққа ҚР ҚК 99-бабының 2 бөлігінің 7 тармағы («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған адам өлтіру») бойынша жүргізіліп жатқан тергеу жауап беруі тиіс

ӘЙЕЛДЕР МИТИНГІ

2 қараша күні әділ тергеу жүріп, кінәлілер жазаға тартылуы керек деген желеумен ашынған 30-шақты әйел жергілікті полиция бөлімшесінің алдына жиналды. Әйелдердің қолында күдіктілердің есімдері, осы іске қатысы бар деген адамдардың аты жазылған плакаттар болды. Полиция қашып кеткен күдікті 32-35 жас аралығындағы 4 адамға іздеу жариялап, бағдар берді.

- Мен бес баланың анасымын, емшектегі қырқынан шықпаған кішкентай сәбиім бар. Соған қарамастан полиция қызметкерлері мені бөлімшеге апарып, жауап алды. Осынысы дұрыс па? Телефонды алып кетті. Жарақаттанғандардың бірі Санабай Боранқұлов менің жолдасым, Атырауда ауруханада жатыр. Онымен хабарласа алмай отырмын, барайын десем, балам кішкентай. Білетінім кеудесіне оқ тиген, жағдайы орташа, - дейді Сұлушаш ШАКИЕВА.  

...Ауыл тып-тыныш. Бейсауат жүрген адам көрінбейді.

- Сағыздағы бұл оқиғаға байланысты Полиция департаменті бастығының нұсқауымен қылмысты ашу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында толықтай құрам жұмыс жасап жатыр. Бұл жайды Министрлік те назарда ұстап отыр, - деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бастығы Әлібек ҚАЙЫРОВ. 

RS. Бейресми ақпарат бойынша бүгінде қашып жүрген күдіктілердің алды құрықталуда.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор 

10 қараша 2021, 09:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.