Атырау, 26 сәуір 17:27
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Теңізден құрма тормен балық аулауға салынған тыйым жойылмайды

Бейнежазба
1 581 просмотра

Балық шаруашылығы комитеті төрағасы орынбасарының қатысуымен өткен отырыста Каспий теңізінде құрма торларды қолдануға тыйым салуға байланысты Атырау облысында қалыптасқан ахуал талқыланды.

Естеріңізге салсақ, құрма торларға салынған тыйым өңірдің балық шаруашылығында маусымдық балық аулауға жалданатын балықшылардың наразылығын тудырды. Табиғи ресурстарды пайдаланатын кейбір кәсіпкерлер де келіспеушіліктерін білдірді. Қыркүйектің соңында мемлекеттік органдар мен балық аулау кооперативтерінің өкілдері бейнеконференция кезінде өз уәждерін алға тартқан еді, бірақ «қарама қарсы тараптар» ортақ шешімге келмей, «пікірталасты» қайталауды ұйғарды.

Келесі кездесу Атырауда онлайн режимінде өтті. Оған балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян БАХИЯНОВ асығыс келді. Шара Жайық-Каспий балық шаруашылығы бассейндік (бұрынғы балық шаруашылығын қорғау) инспекциясында өтті. Оған ғылыми ұйымдардың, күш құрылымдарының өкілдері мен кәсіпкерлер жиналды. Баспасөзді отырысқа кіргізбеді. Дәлірек айтқанда, кіргізді, бірақ бәрін емес. Орын жетіспейді деген желеумен «өздерінікіне» ғана рұқсат берді. Соған байланысты алдын ала шақырылушылардың іріктелген тізімі жасалыпты. Алайда, бұл маған болып жатқан отырыстың аудио жазбасын жасауға кедергі болмады.

Бұрын торға тыйым салу бекіре мен итбалықты сақтау қажеттілігімен негізделсе, бұл жолы түбегейлі шараларды жақтаушылар қара балық популяциясының күрт азайғанын еске салды.

- Соңғы 10-12 жыл ішінде Жайық өзенінде балықтүсімі азайды: көксерке сегіз есе дерлік, қаракөз бен ақтабан екі есе, ақмарқа төрт есе, жайын 10 еседей. Каспий теңізінде көксерке аулау төрт есе, ал қаракөз бен сазан екі есе азайды, - дейді «Қазэкожоба» ЖШС бас ғылыми қызметкері (тыйым салудың ғылыми негіздемесін әзірлеуші) Асқар КАМЕЛОВ. – Ақтабан мен мөңке балықтың аулануы тұрақты. Сонымен қатар, бағалы балықтар үлесінің азайғаны және оларды құндылығы төмен түрлермен алмастыру байқалады. Бұл біздің су қоймалары ихтиофаунасының нашарлағанын көрсетеді. Нәтижесінде, Жайық-Каспий бассейнінің биологиялық ресурстарына, соның ішінде жануарлар әлемінің бірегей өкілдеріне (бекіре мен итбалықтарға) теріс әсер ету фактілеріне байланысты, Каспий теңізінің қазақстандық секторы шегінде кейбір учаскелерде толық тыйым салуға дейін тормен балық аулауды шектеу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық.

- Егер біз құрма тордан бас тартпасақ, болашақта қызыл балықты ғана емес, басқа да балықтардан айырылып қалуымыз мүмкін, - деп мақұлдады облыс әкімдігі балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКҰЛЫ баламалы балық аулау құралдарын - вентерлер, керме ау, тралдар мен сүйретпелерді еске салып.

Одан кейін сөз алған браконьерлікке қарсы күресушілер тәркіленген торлар туралы есеп берді. Шекара қызметі өкілінің айтуынша, биыл әскери қызметшілер теңіз суларынан 155 км торды (оның 75%-ын Жайық өзенінің сағасына жақын жерден), сондай-ақ екі шақырымнан астам вентерді тартып шығарды.  

- Біз демалыс дегенді ұмыттық, - деп шағымданды Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Нұрлыбек ҒАЙСИН. - Балықшылар балығын алып, торын қалдырып кетеді. Жыл басынан бері олардың бес мыңнан астамы тәркіленген.

Табиғи ресурстарды пайдаланушылар арасында пікірлер бөлінді. Мысалы, жарияланған тыйым ондаған жылдар бойы тор пайдаланбай, вентерлермен балық аулаған Құрманғазы ауданының балық шаруашылығы қызметіне ешқандай әсер еткен жоқ. Ал жаңа өзгеріске қарсылар бұрын айтқан уәждерін, атап айтқанда, Солтүстік Каспийдің табиғи ерекшеліктеріне және теңіздің таяздығына байланысты балама балық аулау құралдарын қолданудағы қиындықтар туралы қайталады. Сондай-ақ, күшін жоймаса да, тыйым салуды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру қажеттігі, ал қазір балықшыларға лимитті жайбарақат игеруге мүмкіндік беру жөнінде пікір айтылды.

Қорытындылай келе, Аян Бахиянов салынған тыйымды жоюға негіз жоқ екенін ескертті.

- Не айтса да, торға түскен балық өледі. Яғни оның аман қалу мүмкіндігі жоқ. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Оның үстіне, балық қорының көлемі жыл сайын азайып келеді, біз оларды болашақ ұрпаққа сақтау үшін осындай мораторий енгізуге мәжбүр болдық. Алайда тыйымның тиімсіз екенін алға тартып, мәселенің мәнін түсінбейтіндер де бар, - деді ол. - Бірақ жиналыста айтылған барлық деректі министрлікке міндетті түрде жеткіземін. Ал әзірге жұмысты заңға сәйкес жалғастыруымыз керек.

«Балық шаруашылығы қауымдастығы - BD» төрағасының орынбасары Қалыбай ӨТЕПОВТІҢ айтуынша, қазір Атырау облысында қара балықты аулау лимитін игеру жұмыстары орындалмау қаупінде тұр. Өйткені табиғат пайдаланушылардың бір бөлігі (олар 19) бұрынғыша толық күшпен жұмыс істеуге кіріскен жоқ.

- Бұдан басқа, тыйымның ғылыми негіздемесінің өзі үлкен күмән тудырады. Балық шаруашылығы комитеті бұл құжатты бізге егжей-тегжейлі зерттеу үшін әлі толық бермегені кездейсоқтық емес. Жалпы Жайық-Каспий бассейнінде балық қорына заңсыз қол сұғушылықпен күресу функциясын қамтитын бірқатар құрылымдар бар. Солай браконьерлікпен күресіңіздер, оның үстіне енді олардың қатары біршама толығады! Бірақ неге ұқыпты табиғат пайдаланушы-салық төлеушілерді кінәлі етіп қойғаны түсініксіз. Қазір Қауымдастық тыйымға заңнамада белгіленген тәртіппен шағымданбақ, - деп атап өтті Қ.Өтепов.

Даулы мораторий шенеуніктердің кабинеттерінде талқыланып жатқанда, кейбір балықшылар өздері үшін жақсы жағына шешілетінінен күдер үзіп, қолдарын бір сілтеп, браконьерлер санын көбейтуде. 30 қыркүйекте түсірілген бұл видеода балықшылардың бірі Дамбы балық шаруашылығы инспекциясының дәл түбінде тыйым салынған торларды (әдетте қалқадан кейін) тазартып жатыр.

Лев ГУЗИКОВ

«АЖ» оқырманы жолдаған бейнежазба

18 қазан 2021, 15:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.