Атырау, 26 сәуір 02:03
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Ластаушы төлейді» - бірақ ол табылмаса, мемлекет төлейді

2 221 просмотра

30 қыркүйекте ҚР Мәжілісінің пленарлық отырысында Каспий теңізін құрлықтағы ластану көздерінен қорғау туралы хаттама талқыланды. Депутаттар Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали БРЕКЕШЕВКЕ сұрақтар қойды.

Ирина УНЖАКОВА:

- Каспий теңізін қорғау шараларына жұртшылық қалай тартылады?

- Экологиялық шешім қабылдауда жұртшылықтың рөлі артып келеді. Бұл рөл биыл қаңтарда қабылданған жаңа Экологиялық кодексте де бекітілген. Каспий теңізіндегі барлық жобалар бойынша уәкілетті мемлекеттік орган өз веб-сайтында ақпарат орналастыруға міндетті. Қазақстандықтар бұл ақпаратқа тек танысу үшін ғана емес, өз пікірлері мен ұсыныстарын жеткізу үшін де қол жеткізе алады, бұл міндетті түрде ескерілетін болады.

Мұхтар ЕРМАН:

- Экология бойынша «шиеленіс нүктесі» қалай анықталады? Каспий теңізінің қазақстандық секторында қандай «шиеленіс нүктесі» анықталған?

- Хаттамаға сәйкес теңіздің өзіндегі және жағалау аумақтарындағы әсер ету көздері «шиеленіс нүктелері» деп анықталды. Олардың тізімі екі жылда бір рет жаңартылып отырады.

Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «шиеленіс нүктелеріне», мысалы, Атырау облысы бойынша NCOC, «Исатай Оперейтинг Компани», Маңғыстау бойынша - «Бузачи нефть», «Меруерт Оперейтиннг» «Женис Оперейтинг», ERSAI, Құрық порты, Ақтау теңіз сауда порты жатады.

Артур ПЛАТОНОВ:

- Теңіз ортасының жағдайын бағалауды кім және қандай жиілікте жүргізеді? Соңғы жылдары айтарлықтай экологиялық зиян келтірген құрлықтағы көздерден теңіздің ластануына мысалдар келтірсеңіз.

- Хаттама мен жаңа Экология кодексіне сәйкес теңіз ортасы мен жағалау аймақтарының жағдайын бағалауды «Қазгидромет» РМК жүргізеді. Оларда судың сапасына бақылау жасалатын 28 бақылау нүктесі бар. Түптік шөгінділер мен радиациялық фон да тексеріледі. Бұдан басқа, жер қойнауын пайдаланушылардың өздері өндірістік операциялар жүргізілетін жерлерге мониторинг пен экологиялық бағалау жүргізеді. Қазір NCOC компаниясы Каспий теңізінің қазақстандық секторының «экологиялық сезімталдық картасын» әзірлеп жатыр, онда басқалармен қатар апаттардың алдын алу шаралары қарастырылған.

Бүгінге дейін теңізде «Ақтау Солтүстік теңіз порты» компаниясы жол берген жағдайды қоспағанда, мұнай төгіндісіне әкеп соқтыратын ірі апаттар болған жоқ. Бұл биыл сәуір айында болды. Осы факті бойынша тексеру жүргізілді, кәсіпорынға әкімшілік айыппұл салынды, залалды өндіру талаптары ұсынылды. Компания салдарын жою және қоршаған ортаны қалпына келтіру шараларын өткізді.

Зульфия СҮЛЕЙМЕНОВА:

- Хаттаманың 4-бабына сәйкес, апаттың немесе теңіз ортасына теріс әсер ететін басқа да жағдайлардың салдарын жою кезінде «ластаушы төлейді» қағидаты қолданылуы керек. Экологиялық залал мөлшері қалай анықталады, оны өндіру механизмі қандай? Бюджет қаражаты қандай жағдайларда жұмсалады?

- «Ластаушы төлейді» қағидаты жаңа Экология кодексінде бекітілген. Залалды өтеу тетігі заңнамаға сәйкес, дәлірек айтқанда, біздің министрлік бекіткен қалпына келтіру әдістемесіне сәйкес анықталады. Кінәлі тұлғаға судың бастапқы көрсеткіштерін толық қалпына келтіру және келтірілген залалды толық өтеу үшін материалдық жауапкершілік жүктеледі. Бюджет ақшасы кінәлі анықталмаған жағдайда жұмсалады.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

1 қазан 2021, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.