20 қаңтарда Токиода атыраулық Бауыржан Күмісқалиев (суретте) карате-до кекушинкайдан Гран-при сериясында Әлем кубогынжеңіп алды. Каратешінің жеткен жетістігі туралы облыстық карате-до кекушинкай федерациясының президенті Асылан Дүйсенбайдан (төмендегі суретте) сұраған едік.
- Бауыржан каратемен 11 жасынан бері шұғылданады. Ол 2006, 2007 және 2012 жылдардағы Азия чемпионы және 2011 жылғы Еуропа чемпионы. Яғни, Әлем кубогына дейін де оның аты кикушинкайда белгілі болатын.
Әлем кубогына Бауыржанмен бірге бір салмақта тағы бір атыраулық спортшы, Азия чемпионатының өткен жылғы чемпионы Мұрат Сыдықов та қатысқан. Ол бірінші айқаста пәкістандықты, одан кейін жапон спортшысын оңай ұтты. Алайда келесі ұрыста армениялық Григоряннан жеңіліп қалды.
Бауыржан сенімді өнер көрсетті. Бірінші айқаста ол жапондық Таушуко Намикиді басынааяқпен теуіп, қатты есеңгіретіп, нокаутқа жіберді. Екінші ұрыста тағы бір жапон өкілі Рома Айкаваны жеңді. Содан кейін Польша спортшысы Марсель Перечнякты ұтты. Жартылай финалда Бауыржан Григорянның аяқтарын лоукиктер арқылы әлсіретіп, досының «кегін» қайтарды. Финалдағы ұзын бойлы жапон Эндомен болған айқас ауыр болды. Бауыржан үздіксіз шабуылдап, қарсыласын қорғануға мәжбүрледі. Нәтижесінде төрешілер жеңісті біздің жігітке берді. Жанкүйерлер бұл шешімге риза болмады. Бұл түсінікті де – олар қашан да өз спортшыларын жақтайды ғой.
«ЖС» мәліметі: Асылан Дүйсенбай, 29 жаста, 2010 жылғы Қазақстан чемпионы, «А» сыныпты халықаралық турнирдің қола жүлдегері, облыстық карате-до кекушинкай (KWF және КWU нұсқалары бойынша) федерациясының президенті.
- Егер төреші тең есеп белгілесе, Әлем кубогының ережесі бойынша жеңіс жартылай финал алдында тамешивари – тақтай сындырудан үздік болған адамға беріледі. Мұндай жағдайға әзір болдыңыздар ма?
- Әлем кубогында тамешивари болған жоқ – ұйымдастырушылар солай шешкен. Алайда Бауыржан бұған дайын болатын. 2011 жылы Еуропа чемпионатында ол жұдырықпен, қолының қырымен және шынтақпен 13 тақтай сындырған.
- Кекушинкайда адамның әлсіз жеріне дәл соққы жасау арқылы есеңгіретіп жіберетін «мергендер», сондай-ақ, өз шеберліктері мен төзімділігі арқасында жеңіске жететін «технарлар» болады. Бауыржанды қандай топқа жатқызар едіңіз?
- Ол жан-жақты, осы қасиеттердің барлығын бойына жиған. Кубокта алғашқы айқастарын нокаутпен жеңсе, финалда Эндоны ойсырата ұтты.
- Кекушинкайдасалмақ санатына қарамастан, көптеген үміткерлердің ішінде бір ғана жеңімпаз болатын ашық чемпионаттар өткізіледі. Бауыржанды мұндай айқастарда сынап көрмедіңіздер ме?
- Кекушинкайдан абсолюттік чемпионаттар 4 жылда бір рет өткізіледі. Спортшылар үшін бұл - үлкен мереке. 2007 жылы Бауыржан 192 қатысушысы бар осындай чемпионатқа қатысты. Онда Бауыржан АҚШ-тан келген Шоко Ямомотомен айқасқа шыққан. Бастапқыда қарсыласының басына аяқпен соққы жасағаны үшін төрешілерден «ваза-ари» бағасын алып, ұтып келе жатқан. Алған соққы әсерінен Ямомото есеңгіреп, құлап қалмас үшін Бауыржанның аяғына жармасқан. Төрешілер ештеңені байқамағандай сыңай танытып, айқасты жалғастыра берді. Ямомото ногдауннан есін жиып, ұрыс қорытындысын теңестірді. Ал төрешілер шешімі Бауыржан жақта емес еді. Ол содан кейін мұндай жарыстарға қатысқан жоқ. Өйткені жеңіл салмақты спортшының мұндай жарыстарда ұтуы мүмкін емес.
- Алға қарай Бауыржанды қандай жарыстар күтіп тұр?
- Күзде ол KWU және KWF нұсқалары бойынша екі әлем чемпионатына қатысады.
- Федерацияда халықаралық жарыстарда топ жаруға мүмкіндігі бар қанша мықты спортшылар бар?
- Бұлар Азия чемпиондары Мұрат Сыдықов пенӘлихан Құмарғалиев, сондай-ақ,Данияр Нұрмағамбетов пенЕсет Мырзабаевтар. Соңғы екеуі тәжірибе жинақтауда, алайда Қазақстанда оларға тең келер ешкім жоқ. Ерболат Қапаров, Мейіржан Бауыржанов, Ескендір Камалов, Ринат Наукебаев, Рустам Қуантыровтардан үлкен халықаралық үміт күтеміз. Жалпы біздің екі жүздей шәкірттеріміз бар.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ