Атырау, 18 желтоқсан 17:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Атыраудағы тоқыма фабрикасын жандандыру жоспарда бар

Сурет
2 718 просмотра

Бір жыл бұрын Атырауда Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі 2015 жылы іске қосқан «Caspiy Lana Atyrau» жүн өңдеу фабрикасы жабылды. Кәсіпорынның «Атырау» ӘКК алдында 1 миллиард 600 миллион теңге қомақты қарызы бар. Соған қарамастан, ӘКК оны Қытай инвесторларымен бірге жандандыруды жоспарлап отыр. Толығырақ «АЖ» материалында.

2015 жылы телекөпір барысында мемлекет басшысы Н.Назарбаев Атырауда жүннен жасалатын өнімдерді өңдеудің, шығарудың және сатудың толық циклын жүзеге асыратын фабриканы іске қосты. Жобаның жалпы құны 3 миллиард 100 миллион теңгеден асты.

- Фабрика өнімдеріне қазірдің өзінде ел ішінде ғана емес, шетелден де сұраныс бар. Итальяндық «Whiteblack DiLuca Mattia Bezzi» компаниясымен келісім жасалды, - деген еді сол кезде жобаны іске асыру үшін құрылған «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС директоры Назгүл ЕСМАҚАНОВА Назарбаевқа. Кәсіпорын үлесінің 51%-ы осы компанияға, 49%-ы - «“Атырау” ӘКК» АҚ-на тиесілі. Жабдықтар Италиядан жеткізілді.

- Қазақстанда жүн өңдеу нашар дамыған, біз өз өңірімізде бұл олқылықты толықтыруды жөн көрдік. Фабрика жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүнін өңдейді, шамамен 4 мың қума метр түйе жүнінен жасалған жамылғылар мен көрпелер Қазақстанда тұтыну үшін және экспортқа шығарылады, - бұл сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТЫҢ сөзі болатын.

ЖАҚСЫ БАСТАМА ЖӘНЕ НАШАР МӘРЕ

Бастапқыда бәрі ойдағыдай болды. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша фабрика қақпасына дейін жол салынып, бүкіл коммуникация  жүргізілді. Үш цех жұмыс істеп, Италиядан тапсырыстар түсті. Бірақ екі жылдан кейін кәсіпорын қаржылық қиындықтарды бастан кешіре бастады, сол себепті «Атырау» ӘКК несиесін төлеуді тоқтатты. ӘКК талдау жүргізіп, фабрика менеджменті нашар деген қорытындыға келді. Ол жерде шикізатты, яғни жүнді жеткізуде үлкен проблемалар болды. Сөйтсе, жергілікті фермерлер мал жүнін қытайлық сатып алушыларға құжатсыз, қолма-қол ақшаға және екі есе қымбат бағамен сатқан. Тағы бір мәселе – «Дина» базарында жүннен Атырауда жасалған көрпелер қытайлық көрпеден қымбат болды. Әрине, сатып алушылар арзанын алады. Бұдан басқа, кәсіпорында білікті мамандар жетіспеді.

Қарыз тез өсті. Егер ол былтыр 616 миллион теңге болса, бүгінде бұл 1 миллиард 600 миллионды құрайды. Осыдан кейін компанияның есепшоттары бұғатталды, өндіріс тоқтатылды, ал қазір барлық қызметкер жалақысыз демалыста.


ҚЫТАЙДАҒЫ СЕРІКТЕСТЕР КӨМЕК БЕРЕ МЕ?

Жақында Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында мүдделі тараптардың қатысуымен «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-ін қайта құрылымдау шаралары талқыланды.

Палатада қазіргі уақытта «Атырау» ӘКК-ге бережақ қарызға байланысты фабриканың қаңтарылып тұрғанын растады.

- Тоқыма фабрикасындағы өндірісті қалпына келтіру мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Бірлескен жұмыстың арқасында енді несиені төлемегені үшін өсімпұл мен айыппұлдарды есептеуді тоқтатуға қол жеткізілді. Бірақ негізгі қарызды өтеу керек, себебі бұл мемлекеттің ақшасы, ол қайтарылуы қажет, - дейді «Атырау» ӘКК департаментінің директоры Нұрлан ҚАППАЗОВ

Белгілі болғандай, «SilkWay» Export Center ЖШС тоқыма фабрикасын «жандандыруды» қолға алды. Бұл Қытайдағы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер мүдделерінің өкілдігі, Қазақстанның экспорттаушыларын қолдауға бағытталған мамандандырылған компания. Басқалармен қатар, оның серіктестерінің қатарында «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС бар. «SilkWay» Export Center ЖШС директоры Құралай ҚАНАХИНА қазіргі уақытта олардың арасында Қытайдағы көлемі жағынан екінші ірі JD.com B2C интернет-дүкені базасында қазақстандық тауарларды мультибрендті онлайн-дүкені арқылы сату туралы келісімшартқа отырғанын айтты. JD.com онлайн-алаңының негізгі талабы - өнімді белгіленген мерзімде және толық көлемде үздіксіз жеткізу. Бұдан басқа, экспорт орталығының көмегімен компанияның өнім қорлары Иу қаласының (Қытай) бондтық аймағының Ұлттық павильонында сатылады.  

- Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстандағы серіктестердің көмегімен жобалық қуаттылыққа жету мен стратегиялық дамуға шығу үшін кәсіпорынды қаржылық сауықтыру шаралары әзірленді. Есептеулер бойынша, іске қосу-реттеу жұмыстары, шикізат сатып алу және өндірісті іске қосу үшін бірінші айда 42 миллион теңге қажет, - деді К.Қанахина. - Біз кәсіпорында болдық: жабдық жақсы күйде, адамдар жұмысқа дайын, шикізатты сатып алатын жер бар. Бүгінде Қытайдан, Әмірліктерден, Түркиядан алдын ала тапсырыс бар. «Атамекен» ҰКП көмегімен көп жұмыс атқарылды. Енді инвестор өз қаражатын салу үшін компания есепшоттарын тезірек ашу керек.

ӘКК өкілі «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС кәсіпорынды қайта құрылымдау және қаржылық сауықтырудың егжей-тегжейлі жоспарын ұсынуы тиіс екенін, кейін ол жұмыс тобының қарауына ұсынылатынын атап өтті.

Фархат АБИЛОВ

28 қыркүйек 2021, 12:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.