Атырау, 13 қазан 06:13
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

«Ақжайықтың» бар асылы

10 622 просмотра

2 ақпан – Дүниежүзілік сулы-батпақты жерлер күні. Осы атаулы күнге орай «Жас натуралистер» клубында табиғатымыздың әсемдігінен сыр шертетін ««Ақжайық» және оның биологиялық көптүрлілігі» фотокөрмесі ашылды.

Жайық өзенінің сағасы мен оған жалғасқан Каспий теңізінің жағалауы аумағында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты (МТР) бұдан 4 жыл бұрын құрылған болатын. Аумақтың жалпы көлемі – 111,5 мың га, оның 70 пайызы сулы-батпақты жерлер. Айрықша қорғалатын аумақта 292 құс түрі бар, олардың 110-ы Каспийдің Солтүстік Шығыс жағалауындағы аумақта ұя салады, 76-сы осында қыстайды, қалғандары - жыл құстары. Резерват жыл құстарының Сібір - Шығыс Африка көші-қон маршрутының жолында орналасқан. Мұнда үлкен бірқазан, керқұтан, әупілдек, сутартар, қасқалдақ, ақ құйрықты қарақұс, қаншыр сияқты құстарды кездестіруге болады. Құстардың 36 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Жағалауда өскен қамыста ұзын аяқ кірпі, теңбіл көртышқан, еуропалық күзен мекен етеді. Резерватта 120-ға жуық қабан,жанат тұқымдас иттердің 300 басы, 80-дей түлкілер бар. 

- Резерваттың жұмысы кезінде тырнақұтандардың саны 300-ден 1 300-ге дейін, аққұтандардың саны  70-тен 250-ге дейін артты. Бұрын сирек кездесетін бұйра бірқазандар да көбейді, - дейді «Ақжайық» МТР-дің ғылым және мониторинг бөлімінің бастығы Александр ИВАСЕНКО.  «Ақжайық» табиғат қорғау мен жергілікті тұрғындарға пайда әкелуді сабақтастыратын «Адам және биосфера» бағдарламасы бойынша ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар тізіміне кіруге дайындалып отыр. Мұнда тұрғындар экологиялық маршруттар жолында инфрақұрылымдарды жасап, тамақтандыру, ойын-сауық және демалыс қызметтерін көрсету арқылы ақша таба алады. Қазірдің өзінде резерват аумағы бойынша су және құрлық жолдарымен бірнеше туристік маршруттар әзірленді.

Қамыс құладыныҚамыс құладыны

Жанат тектес итЖанат тектес ит

 

 

 

 

 

 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген А. ИВАСЕНКО

7 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.