Атырау, 8 қазан 05:34
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Жылынудың Жылыойдағы жаңа тәсілі

4 723 просмотра

Жылыой ауданында адамдардың газ түтініне тұншығып, соңы ажалға апарып соқтырған бірнеше фактілері тіркелді.

ЕКІ ЖАС ҮЙЛЕНБЕКШІ ЕДІ

Естеріңізге тағы салып кетейік, қаңтардың соңғы күндерінің бірінде Жаңа Қаратон поселкесінің алты бірдей адамы уланған деген желеумен аудандық ауруханаға түскен болатын. Бес бірдей адамды ажал тырнағынан алып қалудың сәті түскенімен, біреуі қайтыс болып кетті. Іле осы оқиғадан соң Құлсары қаласының 22-23 жасар қыз бен жігіті әлденеден уланып, қаза болған еді. Естуімізше, екі жастың жуықта үйлену тойы болады‑мыс. Аудандық ІІБ алынған мәлімет бойынша, бұл оқиғалар барысы тергелуде екен. Десек те Жаңа Қаратондағы әйелдің қайтыс болуы «Тассай» суынан уланған деген күдік бар, бірақ ол да нақты емес, сарапшылар қорытындысын айтқан жоқ. Ал сараптамашылар құлсарылық қыз бен жігіттің газдің иісінен тұншыққанын анықтады. Сөйтсе, екі бейбақтың үйді жылытпақ болып, газ плитасын жағып қойғандығы белгілі болды.

Бұдан кейін де газшыларға «газ иісі бар» деген дабылдар жиі түсе бастаған болатын. Осыдан кейін‑ақ жылыойлықтар арасында үрей туып, алып‑қашпа әңгімелер желдей есе бастады. ТШО‑дан алынатын ілеспе газды алушылар көзжұмбайлыққа салынып отыр деген сырттай айыптар тағыла бастады. Сонымен бірге газ түсінің өзгеруі сапасыздығынан десе, ал құбырлар арқылы жеткізілетін газ бос ауа арқылы айдалады деп айтушылар да кездесті. Жылыойлықтарға газды жеткізуші «Жылыойгаз» ЖШС болатын.

 

«ЖЫЛЫОЙГАЗ» ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ

Газ сапасы жөніндегі әңгімелерді «Жылыойгаз» ЖШС басшылығы жоққа шығаруда. Өткен жылы да жылыойлықтар арасында газге байланысты дау туғанда арнайы комиссия құрылып, сапасы тексерілген болатын. 2010 жылдың 19 сәуірінде комиссия «Теңізшевроил» ЖШС‑нің өндіріп отырған ілеспе газ сапасын стандартқа сай сәйкестігін анықтау барысында көгілдір отынның қалыпты деңгейде екенін атап көрсеткен болатын. Яғни, «Интергаз Орталық Азия» АҚ мен «Мақат» ЖӨБ‑ның химиялық және «Теңізшевроил» ЖШС‑нің орталық зертханаларында зерттеуден өткізілген газ физикалық‑химиялық көрсеткіштер бойынша Мемлекеттік стандарттардағы «Коммунальды‑тұрмыстық және өндірістік тұтынуға арналған табиғи газдар. Техникалық жағдайлары» бөлімінде көрсетілген талаптар мен нормаларға сәйкес деген тұжырымға келген еді.  

‑Жуырдағы оқиғаларға байланысты айтарым, газдан уланды деп елдің дүрлігетіндей еш негізі жоқ. Себебі көгілдір отын құрамының сапасын анықтайтын зертханалық паспорты апта сайын өз қорытындысын беріп отырады. Газ құбыры бойынан бос ауа айдалады дегені енді күлкілі, ондай жағдай орын алса онда міндетті түрде жарылыс болады емес пе.  Сондықтан тұтынушылардың шу шығаратындай негізі жоқ,‑дейді «Жылыойгаз» ЖШС директорының орынбасары Телжан БАЛЖІГІТОВ.

 

МНДАЙ ДА ОЙЫН БАР

Жаңа Қаратонды былай қойғанда, Құлсары қаласының өзінде 87 көпқабатты үйде 4600 пәтер бар. Осы үйлерді жылытудың өзі оңайға соқпауда. Оның үстіне үскірік аяздар көпқабатты үйлердің жылу температурасын тым төмендетіп жіберген болатын. Амал жоқ, тұрғындар жылытқыштар мен көгілдір отын плитасын үздіксіз қосып қоюларына тура келді. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс мәжіліс хаттамасы бойынша ауданда тексеру тобы құрылып, жұмыс жасағанда көпқабатты үй тұрғындарының отыз пайызға жуығы газ плитасын жылыну үшін қосып қойғандығы анықталған. «Жылыойгаз» ЖШС‑нің бөлім бастығы Сәнжан БЕРТІЛЕУОВАНЫҢ мәлімдеуінше, бірнеше пәтер иелеріне көгілдір отынды заңсыз пайланғаны үшін акт жасалып, пломбы салынған. Өйткені, кейбір тұрғындар газ плитасына кірпіштерді қойып қыздыру арқылы жылуды алып отырған. Және газшылардың айтуынша, мыңға жуық пәтер иелері жылу қазандығын заңсыз орнатып алған. Бұған тұрғындар еріккеннен барып отырмағаны анық. Бұдан екі жыл бұрын «Жылыойгаз» ЖШС облыстық әкім орынбасарына осы жайларды айтқанымен, одан өзгерген ештеңе жоқ. Баяғы жартас, бір жартас қалыпта қалған. Биыл газшылар отызға жуық тұрғынды заңсыз жылу қазанын орнатқаны үшін аудандық сотқа берген болатын. Бір ғажабы, аудандық сот әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны туралы хаттама және іс қозғау туралы  прокуратураның қаулысы негіз болмай әрекет ете алмайтынын атап көрсеткен. Шындығында көпқабатты үйлердің сыртқы газ құбырлары мен қондырғылары газ шаруашылығы ұйымының балансысында болғанымен ішкі газ желілері тұрғындардың жеке меншігі болып саналады. Сол себепті газ пайдаланудағы ережелерді бұзғандар үстінен әкімшілік құқық бұзушылық істер қозғау, хаттама толтыруы құқығына қол жеткізу үшін мемлекеттік органнан ресми хат алмайынша мүмкін емес. Бірақ газшылар да қарап қалып жатқан жоқ, көгілдір отынды пайдалану ережесін бұзғандардың үстінен акт жасап, пломба салуда. Ал тұрғындар болса, ол пломбаны газшылар кетісімен жұлып тастап, «өз күресін» жалғастыруда. Бұл текетірес бірнеше жылға созылып та отыр.

 

АЛДА ҚОЯННЫҢ ҚЫСЫ

Биылғы қыста орталық жылу қазанын қосу немесе қоспау жөнінде екіұдай пікір болғаны рас. Кезінде 160 мың жуық адамға арналған орталық жылу қазанының пайдасынан шығыны шаш етектен. Жыл сайын млн‑дап шығынға бату әкімдікке де оңай тимеуде. Оның үстіне жылу құбырлары бірнеше жылдап ауыстырылған жоқ. Биыл осындай қиындықты бастан кешіргендер үшін болашақта қандай болмақ деген сұрақ жұртшылық көкейін жаулап алған. Өткен жылдың аяғында Құлсары қаласындағы көпқабатты үйлердің пәтерлеріне жеке жылу қазандығын орнату жөнінде алқалы жиын өтті. Осы жиын қорытындысында біріншіден, орталық жылу қазанының тозуына байланысты көпқабатты үйлерге газбен жылынатын дербес қазандықтарды орнату үшін әкім қаулысын шығару, екіншіден «Элитгенплан» ЖШС‑не қажетті мұржаға қажетті қаржыны есептеп шығару, үшіншіден мұржаға жоба жасау және орнату үшін қаржыны шешу үшін әкімдікке ұсыныс беру жайы атап көрсетілді.

‑ Дербес жылу қазанын орнату үшін ТЖ рұқсат берілді. Десек те көпқабатты бір үйдің өзіне дербес қазандық орнатылғанда сегіз мұржа керек екен. Соның өзі шамамен екі млн. теңгеге барып жуықтайды. Ал сексеннен астам үйге қаншама қаржы керек десеңізші. Дербес жылу қазанының қайсысы тиімді деген ойды естен шығармаудамыз, қауіпсіздігі, қалтаға қатты соқпайтынын таңдауға тырысудамыз. Түріктің «Бакси», әлде орыстың «Авангарды» тиімді ме. Қалай еткенде тұрғындардың жайын естен шығармау үшін жоғары жаққа ұсыныстар беріп жатырмыз. Және айтарЫмыз, орталық жылу қазаны қажетті деңгейде жұмыс жасайтын болады, көпқабатты үйлердің жертөлесіндегі канализациясы мен ауыз су құбырын сақтап қалуымыз керек қой,‑дейді

Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИН.

‑ Сонда жертөле шығыны қайдан шықпақшы?

‑ Тұрғындардан. Оның да тиімді жайлары ойластырылуда.

PS.Биылғы қыс жылыойлықтарды сын тезіне алғаны рас. Көктемнің де алғашқы күндері басталды. Бірақ қыстың жайы назардан түспейтіні анық. Алда қоянның қысы мен жазы бар...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Жылыой ауданы      

9 наурыз 2011, 21:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.