Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақстандықтардың барлық жеке дерегі Ресейге қолжетімді болады деген ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Соңғы кезде желіде eGov.kz порталы ресейлік мамандардың қолына өтетінін туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр. Соған байланысты Мусин Қазақстанда көптеген мекеме негізі шетелде қаланған платформа бойынша жұмыс істейтінін айтты. Алайда бұл жасап шығарушы тарап барлық ақпаратқа қол жеткізе алады дегенді білдірмейді.
"Егов порталы тек қана Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді! "Қазақстандықтардың барлық дерегі Ресей Федерациясына қолжетімді болады" деген түсінік қисынсыз. Электрондық үкіметте біреу біреуге ақпарат береді деген сұрақтың туындамауы да керек", - деп жазды Мусин.
Министрдің сөзінше, eGov-тағы база не жүйеге ешкім ешқашан қол жеткізе алмайды.
"Өткен айда басталған талдау қазақстандық мемлекеттік секторда 400+ ақпараттық жүйе бар екенін көрсетті. Бұл мемлекеттік жылжымайтын мүлік базасы сияқты ірі базалардан бастап, олимпиада жүлдегерлері тіркелген шағын базаларға дейінгі аралықты қамтиды. Біздің қазіргі міндетіміз – әртүрлі технологияларда жазылған жүздеген жүйенің орнына барлық дерек бірыңғай платформада жинақталған және түсінікті болатын ондаған жүйеге өту", - дейді ол.
Қазір eGov-ты ескі жүйеден шығарып, орнына сапалы заманауи технологиямен жабдықталған платформаны орнату міндеті тұр. Министрдің сөзінше, халық үшін де, экономика үшін де жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін цифрландырудың жан-жақтан құралған моделінің орнына тұтас платформаға өтетін кез келді.
"IT саласындағы кез келген шешім, әсіресе халықаралық шешім кибер қалқан мен азаматтардың мүддесін қорғау жөніндегі уәкілетті органдардың ұсынысын ескеріп қабылданады. Қазақстан тарапы бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық қолдауды талап ететін вендор сияқты болуы керек деген талап қойып отырмыз. Сбер қолжетімді болып, барлық компоненттің бастапқы кодын көрсетеді және барлығын Қазақстандағы серверлерге орналастырады", - дейді министр Мусин.
Ал бұл жұмысқа бөлінген 500 миллион теңгенің барлығы Сбер-ге жұмсалмайды.
"Меморандум деген келісімшарт емес. Үкімет цифрлық трансформация мүмкіндігін қарастыратын меморандумға қол қойды, оның бағалау құны шамамен 500 миллион теңге. Аталған соманың бір бөлігі жергілікті IT нарығына инвестицияланады. Бұл қаражатты қазақстандық компаниялар платформалық тәсілді енгізу бойынша жұмсайды. Соманың бір бөлігі инфрақұрылымдық шешімдерге кетсе, бір бөлігі ғана Сбер-ден шешімнің өзін сатып алуға жұмсалады", - деп түсіндірді ол.
Платформалық модельді енгізуге Қазақстанның IT компаниялары міндетті түрде қатысады.
Платформалық модельді енгізудің таныстырылымы мен талқылауы қоғам белсенділері мен IT нарық өкілдірінен тұратын сараптамалық комиссияның қатысуымен өтеді.
Ал Сбер платформаның қалай жұмыс істейтінін көрсетеді, мамандарды оқытады. Содан кейін ғана платформада жұмыс істеу басталады. Бұл жобаны іске асыруға қазақстандық IT компаниялар жұмылдырылады.
3 қыркүйекте Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин мен Сбербанк басқармасының төрағасы Герман Греф ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, ресейлік компания Қазақстанның мемлекеттік секторын цифрландыру жөніндегі жобаларды іске асыруға қатысады.