Арман Шылмановтың Бейжіңдегі олимпиадалық ойындарда алған «қоласы» атыраулық таэквондо мектебінің сол кездегі Қазақстандағы ең мықты мектеп екенін тағы бір дәлелдеп еді. Алайда 2012 жылғы Олимпиадада Гүлнафиз Айтмұхамбетова бірінші айқаста-ақ ұтылып қалған болатын. Ал жақында болған ел чемпионатында атыраулық құрама тек бір алтынды місе тұтты. Осындай нәтижелердің төмендеу себебі және болашақ жоспарлар жөнінде таэквондодан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Б.К. ТӨРЕБАЕВПЕН (суретте) сұхбаттасқан едік.
ИӘ, БІЗДІҢ КЕЗІМІЗДЕ АДАМДАР БОЛҒАН ЕДІ ҒОЙ
- 2012 жылғы желтоқсанда болған таэквондодан Қазақстан чемпионатында Атыраудан тек Гүлнафиз алтын медаль алды.
- Иә, сәтсіз өнер көрсеттік.Чемпион болады деп үкілеген Үмбет ШАКИЕВ, Рысжан ИБАТОВА, Ирина ГАЙДУК, Жұлдыз МАҚҰЛБЕКОВА және Жұлдыз БҮРКІТОВА сияқты шәкірттеріміз тек қола жүлдеге ғана қол жеткізді. Бір уақыттарда жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатынан 12, ересектер арасында 7 алтын медаль әкелген кездеріміз болды. Бұрын жарыстарға үлкен құраммен тек атыраулық, алматылық және шымкенттіктер ғана баратын еді, ал қазір таэквондо барлық өңірлерде де дамыды, бәсекелестік артты.
«ЖС» АНЫҚТАМАСЫ: Бауыржан Қабдірахманұлы Төребаев, 42 жаста, ҚР еңбек сіңірген бапкері, 5-дан қара белдігінің иегері.
Біздерде бүгінгі күні жасөспірімдер арасында мардымды нәтижелер жоқ. Себебі, көп жылдар бойы қаражат тек ересек спортшыларға ғана салынды, жоғарыдан солай талап етілген еді. Сондықтан да қазір біз жасөспірімдерге және жасөспірім құрамына үлкен көңіл бөлгіміз келеді.
Біздің Мұстахим ҚАБДРАШЕВ 12 жылдан бері ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы болып жұмыс жасайды. Алдағы жаңа олимпиада алды циклына келісімшарт жасап та қойды. Бұл біздің шәкірттеріміз үшін пайдалы. Спортшыларымызды республикалық жиындарға жіберетін боламыз. Мұны Мұстахим екеуміз қадағалаймыз. Нәтижелердің төмендеуінің тағы бір себебі – біз шебер спортшыларды тиісінше қамтамасыз ете алмаймыз. Көпшілігі күзет фирмаларына кетіп қалады. Мен оларды кінәламаймын, отбасыларын асыраулары керек қой. Басқа облыстарда спортшыларға облыс әкімінің стипендиясы тағайындалады, жағдайлар туғызады, ал олар еш уайымсыз жаттығуларын жасай береді. Ал бізде өткен жылы олимпиадалық дайындық орталығы тарапынан тамақтану төлемін де алып тастады. Осындай себептермен Арман Қабдоллаев, Айдана Оразғалиева, Эльвира Қадырбаева, Бекзат Абенов, Айбар Дүйсебаев сынды белгілі таэквандошылар спортпен қош айтысты.
ШЕБЕРЛЕР КЕЛДІ
- Бұрын Атырауға белгілі кәріс шеберлері келетін еді. Қазір бұл мәселе қалай шешілуде?
- Бұл дәстүрді жоғалтқымыз келмейді. Желтоқсанда Астанаға «Парламент кубогына» барғанымызда Қазақстанның таэквондо федерациясының бас хатшысы Мұрат Теміралиев Мұстахимге Бүкіләлемдік таэквондо федерациясының (WTF) тәжірибе алмасу бағарламасы бойынша елімізге оңтүстік кореялық бапкерлер келе жатқанын айтты. Мұстахим дереу облыстық федерацияның президенті Серік Ерубаевқа бұл бапкерлерді алып қалу керектігін, тұрғынжай мен тамақты өзі төлейтінін айтып телефон шалды. Нәтижесінде, Қазақстанға келген төрт шебердің екеуі Таразға, екеуі Атырауға жол тартты.
Хун Сук Пак пен Сун Дже Чой (суретте) – Корей Республикасының чемпиондары, 4-дан қара белдігінің иелері. Екеуі де - 22-де. Біздер олардың білімдерін барынша алып қалғымыз келеді. Олар жүргізетін жаттығуларға Атыраудағы, Ганюшкинодағы және Құлсарыдағы барлық шәкірттерімізді қатыстыруға тырысамыз. Мұның пайдасы зор. Осыншама спортшыларды жиындарға алып бару көп қаражатты керек етеді, ал бізге әлемдік тәжірибені өз үйімізде алуға мүмкіндік туып отыр. Көп шәкірттеріміз үшін бұл - кәріс шеберлері өткізген бірінші сабақтар.
ҚАЙТА ЖАНДАНҒАН ПУМЗЕ
- Өткен жылдағы қандай жетістіктеріңізді айта аласыз?
- Ең басты жетістігіміз – әрине, Гүлнафиздің олимпиадалық лицензиясы. Біз екі лицензия аламыз деп үміттенген едік. Лицензиялық турнирдің жарыс күніндеАрман Шылмановтың қызуы көтеріліп, өз деңгейінде өнер көрсете алмады.
- Осы жылға жоспарларыңыз қандай?
- Негізгі міндет - қазанда болатын Қазақстан чемпионатында жақсы өнер көрсету. Ерлер мен әйелдер арасынан екі-екіден алтын алуды жоспарлап отырмыз. Наурызда өтетін жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында да осындай нәтижелер көрсетуіміз керек. Жеңген адам Индонезияда өтетін Азия чемпионатына барады.
Біз пумзе бойынша (елес қарсыласпен айқас) жаттығуларға оралуымыз керек. 90-жылдары Атырауда пумземен шұғылданушылар болған, алайда елімізде жарыстар тек керуги (шын қарсыласпен айқас) бойынша өткізілді. Қазір пумзе бойынша дәл осындай жүлделер алуға болады, өйткені Олимпиада-2016 бағдарламасына осы екі кешен де қосылды. Сәуір айында Таразда пумзе бойынша Қазақстан чемпионаты өтеді, біз дайындалып жатырмыз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ