Атырау, 28 сәуір 08:25
 ашықВ Атырау +25
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Аптап ыстық малға да ауыр тиіп тұр

2 260 просмотра

Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында аптап ыстық пен құрғақшылық салдарынан малдың қырылуы тіркелді. Біздің өңіріміздегі ахуал қандай? Өйткені бізде де аптап ыстық. Толығырақ - «AЖ» материалында.

Жақында әлеуметтік желіде Исатай ауданында жылқылардың қырылғаны туралы видео пайда болды. Жылқының қырылуына суатта судың жоқтығы себеп болды деді. Алайда, аудандық әкімдік бұлай емес деп сендіреді. Ал бірнеше ауданда аптап ыстық пен жаңбырдың жоқтығынан шөптің жетіспейтіні сезіледі. Атап айтқанда, Жылыой, Махамбет және Мақат аудандары құрғақшылықтан зардап шегуде.

Атырау облысында ауылшаруашылық мақсаттағы жерлердің жалпы ауданы 2 млн 883,9 мың га, оның 50,4 мыңы - (1,75%) шабындық жерлер.

ЖАЙЫҚ БҰРЫНҒЫДАЙ ЕМЕС

Шаруашылығын Махамбет ауданында жүргізетін, «Шабай» шаруа қожалығының басшысы Төленбай АМАНБАЕВТЫҢ айтуынша, біздің өңірде шөп тапшылығы көптен бері байқалған, бұл ең алдымен Жайықтың таяздануына байланысты.

- Бұрын су тасқыны кезінде өзен жазықтан асып, көл түзіп, шөп қаулап кететін, мал еркін жайылатын. Ал қазір ылғалдың жоқтығынан бұл жерлерде шөп өспейді, - дейді фермер. - Каналдар кеуіп қалған, ол жерге су айдалмайды. Бір жағынан, бізді құрғақшылық қысса, екінші жағынан, ірі азықтың (шөптің) қымбаттылығы ауыр тиіп отыр. Соңғы кездері мал ұстау қиындап кетті. Бұрын мен ата-бабаларымыз сияқты төрт түлік (жылқы, түйе, сиыр, қой) ұстайтынмын. Бірақ су мен жем-шөптің жетіспеушілігінен қой мен түйе ұстаудан бас тартуға тура келді.

Қазір Аманбаевта 70-ке жуық сиыр бар, оның ішінде асыл тұқымды ақбас бұқалар және 100-ден сәл астам жылқы бар. Бірақ келесі жылы ол мал санын азайтқысы келеді. Оған да сол себептерге байланысты.

Фермердің малы ол бұрын жалға алған 1000 гектар алқапта жайылады. Ол жерде малды суаруға қатысты проблема көп. Сондықтан онда күн сайын 5 тонна су тасып отыруға тура келеді. Бұл өте тиімсіз, бірақ малды 40-50 градус ыстықта сусыз қалдыру оларды өлімге тастаумен бірдей. Аманбаевтың айтуынша, былтыр көп сиыр бұзауламаған. Бұл жердің құнарсыздығынан, толыққанды қорек жоқ, сондықтан да бұқалар әлсіз деп санайды ол.

СУБСИДИЯНЫҢ САРСАҢЫ

Төрт жылдан бері Аманбаев көрші БҚО мен Ақтөбе облыстарынан 500-600-ден орама шөп сатып алады. Бір сиырға 20-30 рулоннан келеді.

- Егер артық орамдар қалса, оларды қорасына азын-аулақ мал ұстайтын жергілікті тұрғындарға сатуға тырысамын. Содан түскен ақшаға қажетті техниканы, солярканы сатып аламын. Кезінде қаражат жетіп тұрғанда лизингке үш трактор алдым. Бірақ қазір олар қаңтарылып тұр, өйткені шөп өте аз, шабатын ештеңе жоқ, - деп бөлісті Аманбаев.

Ал жем-шөп бағасы да қымбаттауда. Мысалы, 2019 жылы бір орама шөп 3200 теңге тұрса, былтыр 4500, ал биыл 6500 теңге болды! Бір қап жем - 3500 теңге, оларды БҚО мен Қостанай облысынан сатып алады. Нәтижесінде мал азығын сатып алуға Аманбаев 3,5 млн теңге жұмсайды. 

- Билік бізге жем-шөп әзірлеуге көмектесіп жатырмыз деп айтқанды ұнатады. Басқа фермерлерде қандай екенін білмеймін, ал маған бұл проблема. Менің білуімше, былтыр жемшөп дайындау үшін субсидия алуға бюджеттен 600 миллион теңге бөлінген. 16 желтоқсанда ауылшаруашылық басқармасы көмек болады деп, мені үміттендіріп қойды. 18 желтоқсанда бүкіл тиісті құжаттарды тапсырған кезде, демалыс күнін алға тартып, қабылдаудан бас тартты. Ал 19 желтоқсанда субсидиялар біткен. Осыдан кейін әділдікке қалай сенуге болады? - дейді сұхбаттасушым ренішін білдіріп. - Егер биыл бюджеттен көмек болмаса, ауыл шаруашылығы министрлігі мен прокуратураға жүгінемін.

БИЛІК АРИФМЕТИКАСЫ

Ресми мәліметтерге сәйкес, өңірімізде 184 мыңға жуық мүйізді ірі қара, 591 мың қой-ешкі, 95 мың жылқы және 33 мыңға жуық түйе бар. Оларды қамтамасыз ету үшін 573 700 тонна ірі жем-шөп қажет. Егер билікке сенсек, бұған қатысты аса бір проблема жоқ. Жақында облыс әкімдігінде өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБЕКОВ былтырдан 22100 тонна қалғанын айтты. Қажетті 551 600 тонна жем-шөптің 358 мыңы біздің облыста дайындалады, қалған 193 600 тоннасы басқа облыстардан сатып алынады. Бүгінде 55,8 мың тонна, яғни, жоспардың 10,1%-ы дайындалды. Нұрлыбековтың айтуынша, былтыр 300 шаруа қожалығына жергілікті бюджеттен 700 миллион теңге субсидия бөлінсе, биыл 600 миллион бөлінген.

Айнұр САПАРОВА

19 шілде 2021, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.