Атырау, 25 сәуір 20:50
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Министр заңсыз салынған бөгеттерді бұза ала ма?

1 862 просмотра

14 шілдеде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ азаматтық сектор мен ҮЕҰ өкілдерімен онлайн-конференция өткізді. Оның барысында су ресурстарын басқарудың өзекті мәселелері талқыланды. Жайық мәселесі басты тақырып болды.

Министр Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы су қатынастары 2010 жылғы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісіммен реттелетінін атап өтті.

- Соңғы жылдары Жайық өзенінің жағдайы ерекше алаңдаушылық туғызды. Биыл маусым айында Орынборда екі елдің су шаруашылығы мекемелерінің кеңесі өтті. Оның қорытындысы бойынша жазғы-күзгі кезеңде Ириклинск су қоймасының жұмыс режимі бекітілді. Су тасқыны кезеңінде су қоймаларының режимін синхрондау бойынша ұсыныстар әзірленуде, - деді М.Мырзағалиев.

Кездесуде айтылған ақпараттан: қазір Жайықта судың аз келуі байқалады - 2019 жылы өзен ағынының тарихи минималды көлемі 3,5 текше шақырым болды, бұл орташа көпжылдық мәннен 3 есе төмен.

Жайықтың экожүйесін сақтау үшін 2020 жылы тазартатын, су өткізетін құрылғыларды қайта жарақтауды және салуды, өзен бассейнін тазартуды, жайылмалар мен арналардың уылдырық шашатын жерлерін қалпына келтіруді көздейтін Қазақстан-Ресей бағдарламасына қол қойылды.

Бұдан басқа, 2020 жылы «Атырау облысы шегінде Жайық өзенінің су көлемін арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту» жобасын іске асыру аяқталды (2018-2020 жж., 2,2 млрд теңге).

Ұзындығы 23,5 шақырым болатын Яицкий каналын тереңдету жұмыстары жүргізілді. Яицкий каналы - балық өткелінің соңында теңізге шығатын ұзындығы 16,9 шақырым жаңа канал салынды. 2018 - 2020 жылдар аралығында ұзындығы 127 шақырым Атырау облысы шегінде Қиғаш өзеніндегі каналдар бойында (Ганюшкин каналы 100,169 км, Жарқосын - 26,7 км) тереңдету жұмыстары жүргізілді (5,9 млрд теңге). Әрі қарай ведомство басшысы ҚР жаңа Су кодексі қажет екенін атап өтті:

- Қазіргі Кодекс қолданылған 17 жыл ішінде оған 62 рет өзгерту мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде құқық қолдану жүйелілігінің жоғалғаны байқалады. Сондықтан қазір жаңа Су кодексінің тұжырымдамасы жасалуда.

Содан кейін министр сұрақтарға жауап берді.

Оралдық журналист әрі экология белсендісі Злата УДОВИЧЕНКО:

- Жайықтың жайылма ормандары кіретін экожүйесі сақталмаса, оны сақтау мүмкін емес. Қазір Орал қаласының билігі жайылма орманда құрылыс жобасын дайындауда. Жоба бойынша ағаштардың едәуір бөлігі кесіледі. Бұдан басқа, Шаған өзенінің жағалау учаскелері жаппай сатылған. Билік бұл учаскелердің әлдеқашан сатылғанын және ештеңе жасау мүмкін емес екенін айтады. Бірақ орман кесілген бойда Жайықтың негізгі ағындық тарамы болып есептелетін Шаған құрғап, Жайық қоректенуді тоқтатады. Екіншіден, Шағанды қоректендіретін кішігірім өзендер қатты реттелген, ал оның қаншалық реттелгенін ешкім білмейді. Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы да, «Запводхоз» да өз балансында тұрған нысандар туралы ғана біледі. Бірақ тұрғындардың өздері салған қанша бөгет барын ешкім білмейді. Бұл туралы мәліметтер бар ма және осы жағдайды түзетуге бола ма?

Мағзұм Мырзағалиев:

- Менің сіздерге өтінішім бар. Бізге осындай фактілерді бізбен бөлісіп, фотосурет, ақпарат жіберсеңіздер. Мүмкін біз бәрін білмейтін шығармыз, қалай болғанда да, біз бұл мәселелерді жергілікті билікпен талқылаймыз. Бөгеттерге келетін болсақ, біз көктем мен жазда Батыс Қазақстандағы өзендер мен салалар бойында ауқымды рейд жүргіздік, мұндай фактілер шынымен де бар. Қазір ақпаратты зерттеп жатырмыз, екі ай ішінде заңсыз салынған бөгеттер бойынша, оның ішінде оларды бұзу туралы шешімдер қабылданады.

Қызылқоға ауданының тұрғыны, экология белсендісі Есенбай НҰРОВ Ойыл өзеніндегі заңсыз салынған бөгеттердің қашан бұзылатынын сұрады:

- Біз өзен бойымен бес рет жүріп өттік, бассейнді түгел зерттеп, заңсыз салынған 24 бөгетті анықтадық. Біз бұл бөгеттерді бұзу туралы Ақтөбе облысының әкімдігіне хат жолдадық, бірақ әлі күнге дейін жауап жоқ. Соңғы 3 жылда Атырау облысына Ойыл бойынан су келмейді, өйткені тұщы су көздері тұзды болып кетеді. Ойыл бойында Атырау облысының аумағында 18 мың адам тұрады. Егер су болмаса, олар қалай өмір сүреді, мал шаруашылығымен қалай айналысады?

Министр бөгеттерді бұзу үшін тиісті ұйғарым жіберілді деп жауап берді.

- Әзірге ешкім мұнымен айналысқысы келмейді. Бірақ бәрі бақылауымызда болады. Екі облыс су үшін дауласпауы керек. Бұл бөгеттерді бұзу үшін бар күшімізді саламыз.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

16 шілде 2021, 17:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.